Мемлекет басшысының төрағалығымен 7 ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтпек. Президент жарлығымен Үкімет құра­мы қайта жасақталатындықтан, алда өтетін жиын көпшіліктің на­зарын аудартып отыр.
Жаңа Үкімет: үміт пен күдік арасы
1,854
оқылды

Ақорда жиында еліміздің 2023 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланып, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер айқындалатынын мәлімдеді. Дегенмен нақты қандай мәселелерге басымдық берілуі мүмкін деген сауалға жауап іздеп көрдік. Сарапшылар экономиканың дамуына заңнамалық реформалар арқылы жағдай жасалды, ендігі нәтиже атқарушы биліктің аяқ алысына байланысты деген пікірімен бөлісті.

Бауыржан ЫСҚАҚОВ,

экономист:

– Бұған дейін айтылған «Үкімет отставкаға кетеді» деген болжамдар расқа айналып отыр. Ендігі Үкіметті жасақтау барысында реформа жасай алатын білікті, білімді кадрлар қа­жет. Қалыптасқан жүйеден тыс ой­лап, тәуекел-менеджментті түсінетін, эко­номикамызда кездесетін тәуе­кел­­дерді тани алатын реформаторлар қажет. 

Қазір елімізде заңнамалық тұр­ғыда экономиканы көтеруге ла­йықты бағдарламалар мен актілер жасалды. Соны жүзеге асыруға ба­тыл түрде қадам жасайтын ұлт­жанды, қазіргі қазақтың идеоло­гиясын түсінетін, менталитетін ес­кере алатындай азаматтар қажет.

Қазір елімізде заңнамалық тұрғыда эко­номиканы көтеруге лайықты бағдар­ламалар мен актілер жасалды. Соны жүзеге асы­руға батыл түрде қадам жасайтын ұлт­жанды, қазіргі қазақтың идеологиясын түсінетін, менталитетін ескере алатындай азаматтар қажет.

Үкімет шағын және орта бизнес, ауыл шаруашылығы, экспорттық әлеуетіміз де, экономикалық өсімге қандай факторлар тікелей әсер етіп отыр соның барлығына басымдық бере алатындай болуы керек. Сонда ғана осыған дейін айтылған барлық талап орындалады деп сенемін.

Қазірдің өзінде Президенттің сайлауалды бағдарлама­ларында, Жолдауында айтылған мәселелер біршама шешімін тауып келе жатыр. Мысалы, инфляция қарқыны бәсеңдеді, 2022 жылы инфляция 20 пайыздан асып кеткен еді, соны екі есеге төмендету деген межеге жетті. Алдағы уақытта оны 9-10 пайызға дейін төмендетуге де алғышарттар бар деп есептей­міз. Экономикадағы өсім де 4 пайыздан жоғары. Осы жайт­тарды ескере келе экономикамыз дұрыс бағытта келе жатыр деп айтуымызға болады. 

Ендігі жерде Президент экономикалық блокқа жауапты орган ретінде Үкіметке экономиканың дамуына жағдай жасайтын басты-басты секторларды, ауыл шаруашылығы, өңдеуші сектор, туризм және шағын және орта бизнес сала­ларын дамытуға нақты тапсырмалар береді деп ойлаймын. Жұмыспен қамту және бәсекеге қабілеттілікті арттыру бо­йын­ша инвестициялық кірістілігіміздің негізгі көзі саналатын осы салаларды нысанада ұстауымыз қажет.

Шикізатқа тәуелді мемлекет рөлінен шығудың бірден-бір жолы – өңдеуші сектордың дамуына жағдай жасау. Шикізатты өндіргеннен бастап дайын өнім шығаруға дейінгі аралықтағы экономикалық циклдердің барлығына, яғни дайын өнім шығаруға дейінгі процестерге шағын және орта бизнесті тарту қажет. Туристік объектілер орналасқан жерлердегі инфра­құрылымдар да стандарттарға сәйкестендіріле бастады. Нә­ти­жесінде, ол да тиімді өзгерістер әкелетін салалардың біріне айналып отыр.

Жалпы алғанда, Халықаралық валюталық қор, Дүние­жүзілік банктің  болжамдарын ескерсек, әлемдегі экономика­дағы өсім жылдағыдай емес, керісінше, қарқыны азаяды. Мәселен, АҚШ-тың экономикалық өсімі 2 пайызға, көрші­лес Қытай Халық Республикасының да экономикасы соңғы 30 жылдағыдай емес, баяулайды деген долбар жасап отыр. Импортқа тәуелділігіміз басым болғандықтан, бұл да бізге өз әсерін тигізеді. Келесі жылы мұнай бағасының баррельге шаққандағы құнының 70 долларға төмендеуі кіріс әкеліп отырған салалардың табысын төмендетуі әбден мүмкін. 

Мұрат ЕРГЕШБАЕВ,

Мәжіліс депутаты:

– Кешегі таратылған Үкімет те өз құзыреті бойынша жеткілікті жұмыс істеді. Бірақ қарқыны баяу болған сыңай­лы. Мысалы, Мемлекет басшысы өз Жол­дауында «Қазақстанға жаңа экономикалық модель керек» деген болатын. Меніңше, бұл – экономика­мызға қажетті өте маңызды құжат. Экономиканы жүргізу барысында ескі форматтың барлығынан арылуымыз қажет. Бірақ бұл модель әлі де ұсынылған жоқ, халық арасында талқылауға да түскен жоқ. Екіншіден, Жолдауда айтылған халықаралық әуекомпаниялары мен шетелдік банктерді шақыру мәселесі де күн тәртібінде тұр. Бірақ шақырмас бұрын, оларға ең әуелі жағдай жасау қажет. Бізде, керісінше, нормативтік құжаттармен барлығын қысып тастаған. Соның арқасында әлемдік аренада бізге деген сенімсіздік пайда болады. Халықтың қажеттілігі мен мұқтаждығын ескеретін Президент тапсырмалары дер кезінде орындалуы тиіс. 

Ең әуелі Үкімет атқарылып жатқан жұмыстар жайында тәуелсіз сарапшылар мен депутаттарды тарту арқылы халыққа талқылауға ұсынуы керек. Инвестиция мәселесінде де осы жағдай. Мысалы, Мемлекет басшысы дүниежүзін ара­лап, әлемге танымал кәсіпкерлермен кездесіп, келіссөздер өткізіп, елімізге шақырып жатыр. Осы мүмкіндіктерді пайдаланып келген адамды «қолынан жетектегендей етіп» инвестиция тартып, жаңа кәсіпорындарды ашуымыз қажет.

Ал ашылған кәсіпорындардың өзі демпингтің әсерінен бағалары төмен болып, өнімдерін нарыққа өткізе алмай отыр. Мысалы, мен өз депутаттық сауалымда Қазақстандағы жалғыз шыны шығаратын OrdaGlass зауытының мәселесін көтердім. Зауыт Мемлекет басшысы елімізде жұмыс істеуге келіссөздер жүргізгенінің арқасында жұмысын бастаған еді. Енді экспорттық шынылар отандық өнімнің  бағасын төмендетіп, еңсесін тіктей алмай жатыр.  

Сондықтан реформаларды жүзеге асыру үшін нақты қадамдар жетіспеген сыңайлы. Мысалы, ауыл шаруашылығы саласын алайық, қант мәселесі көтерілгенде де не егінді, не өнімді көбейткен жоқпыз, орнына Ресейден алдық, Бра­зилия­дан тростниктерді экспорттадық. Осындай жағдайларда «Кім қанша өнім шығарады, оны қанша зауыт өңдей алады, Бұл көлем ішкі нарықты қамтамасыз ете ала ма, жоқ па?» деген сауалдар шешімін табуы маңызды. Бізде жағдаймен бетпе-бет келгенде ғана әрекет етеді. 

Сапарбай ЖАБАЕВ,

экономист:

– Соңғы үш жылда экономикамыз өсім көрсеткен жоқ. Дегенмен халық табыс тауып отырғандықтан, сұраныс төмендемеді. Сол себепті осы уақыт аралығында жиналып қалған экстенсивті өсуді интенсивті орнына келтіру үшін бізде 2023 жылы экономикамыз 5 пайыз деңгейінде жақсы өсім көрсетті. Биыл да 5-6 пайыз көрсеткіш деңгейінде өсім көрсетуі қажет. Бұл заңдылық, яғни әлемдік үрдіс осындай. Үкімет те соған сай болса дейміз. Осыған дейінгі Үкімет қанағаттандырарлық деңгейде жұмыс атқарды деп есептеймін. 

Шикізаттың әсері бар, әрине, себебі пандемия кезінде мұнай бағасы төмендеп, өсім болмаған еді. Қазір шикізат бағасы көтерілген соң өсім де қалыпқа түсті. Бірақ елеусіз қалатын салалар бар, мәселен транспорттық, логистика, ақпараттық технология секілді салалардың әлеуетін толық пай­далана алмай келеміз. Экономикамыздың негізгі сала­ларының бірі – машина жасау, энергетика, химия салалары да жақсы көрсеткіштер көрсетуде. Мұның бәрі Үкімет жүзеге асырған жұмыстардың нәтижесі деуге де келмейді, өйткені билік бұл салаларға кедергі жасамаса, сұраныс жоғары болғандықтан, олар өздігінен-ақ өсе бермек. Әсіресе, экс­порттық әлеуеті жоғары сала – ауыл шаруашылығына деген сұраныс өте жоғары. Мысалы, ет, өсімдік майы, ұн, бидай секілді өнімдерді экспорттауымыз қажет. Үкімет кейде осы­ған шектеулер қою арқылы кедергі жасайды. Ауылдағыларға субсидиялар береміз деп ауыз толтырып айтқанымен, оны шын мәнінде олигархтар мен латифундистер алады да, шағын және орта бизнеске жетпей жатады. 

Президентіміз 2019 жылы сайлаудан кейін бірінші Жолдауында дәулетті компаниялар мен дәулетті адамдардан прогрессивті салықты енгізіп, әлеуметтік мұқтаж азаматтарға көбірек көмек көрсетуді тапсырған еді. Төрт жылдан бері осы реформаның жүзеге асырылуы ұзап кетті. Олардың басты айтатын аргументі – бұл компаниялар көлеңкеге кетеді дейді. Бірақ біздегі жоғары жалақы алатын қызмет­керлер – үкіметтік ұйымдар мен квазимемлекеттік компа­ниялардың менеджменті. Олардың барлығы қызметін тас­тап, көлеңкелі нарыққа кете алмайды. Егер салықты осылай көбейте берсек, шағын және орта бизнес көлеңкеге кететін болады. Себебі ШОБ салығын көтеріп жатырмыз. 

Дайындаған

Кәмила ЕРКІН