Қазақстан коррупцияның жаңа әлемдік рейтингінде бірден 8 тұ­­­­ғыр­ға биік көтерілді.
Жемқорлығы зор болса, қоғамы қор болады
928
оқылды

Салыстыру үшін айтсақ, посткеңестік кеңіс­­тіктегі ең алып ел әрі ең ірі эконо­­­­­ми­ка сана­­­­латын Ресей жаһандық рейтингте кері кетіп, Уганда, Гвинея сияқты артта қалған Африка елде­­­рінің дең­­гейіне түсті. Бұл ретте, ке­йінгі жылы Қазақстанда жемқор­­­лығы үшін «шортандар», яғни әкімдер мен министрлер бұрын­­­­­ғыдай топ-тобымен темір торға то­­­ғытылып жатқан жоқ. Сонда рес­­­пуб­­­­лика ненің есебінен биік кө­­­­теріліп отыр?

Антикор торына қандай «шортандар» түсті?

Бірден айта кетелік, Қазақстан сыбайлас жемқорлықты түбегейлі жеңген жоқ, одан тым алыс. Transparency International халықаралық ұйымының «коррупцияны қабылдау индексінде» еліміз әлемдегі 180 тәуелсіз мемлекеттің арасында 93-орынды місе тұтып отыр. Әйткенмен, бұл былтырғы жылғы көрсеткіштен – 101-орыннан әлдеқайда жақсы. Мысалы, бұрынғы рейтингтерде озып жүрген көрші Ресей бүгінде 141-орынға құлдырады. 

Қазақстан 100 балдық жүйеде 39 балл жинап отыр. Осының өзі республиканың бүкіл кезеңдегі ең жақсы көрсеткішіне айналды. Бұрын-соңды мұнша биік көтеріліп көрмеген. ТМД аймағында Қазақстаннан биік тек Грузия (53 балл) тұр.

Сыбайлас жемқорлықпен күрес саласындағы былтырғы ең елеулі жаңалық – Антикордың бұрынғы Әділет министрі Марат Бекетаевты тұтқындауы болды. 46 жасар М.Бекетаев Әділет министрлігін 2016-2022 жылдары басқарды. Ол қанды қаңтар оқиғаларынан кейін орынтағынан тайған биік лауазымды шенеу­ніктердің бірі болды. Содан кейін шамамен 10 ай Үкімет басшысының кеңесшісі қызметін атқарды. Желтоқсан айын­да ол қызметінен де қуылды. 

2023 жылғы 21 қазанда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі экс-министрдің қамауға алынғанын хабарлады. Бекетаевтың Қазақстаннан қашып кетуге талаптану кезінде ұсталғаны мәлім болды. Дереккөздердің мә­­­ліметінше, Әділет экс-министрінен со­ған дейін елден кетпеу туралы қолхат алынып, шектеу қойылыпты. 

Тергеу нұсқасы бойынша М.Бекетаев мемлекетке қажетсіз қызметтерді көрсетуі үшін жыл сайынғы контрактілерді бекіту арқылы сыбайлас компаниясының мүдделерін ілгерілеткен. Сол арқы­лы мемлекетке ірі көлемде шығын келтіріпті. Содан бері экс-министрді абақ­тыда ұстау мерзімі бірнеше рет ұзартылды. 

Таяуда Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты лауа­зымдық өкілеттігін теріс пайдаланды деген күдікке іліккен Бекетаевқа қамауда ұстау түрінде бұлтартпау шарасын 2024 жылғы 21 ақпанға дейін ұзартуға үкім шығарды. Іс әзірге сотқа жеткен жоқ және немен тынары да белгісіз. 

Антикор 2023 жылғы 7 маусымда «жасырын іс-шаралар кешенінің нәтижелері бойынша Еңбек және әлеуметтік қорғау экс-вице-министрі, Мәжілістің экс-депутаты Н.Әлтаевтың тұтқынға алынғанын» жариялады. Тергеу нұсқасына сәйкес, ол 2018-2020 жылдар кезеңінде жауапты мемлекеттік лауазымдарды атқара отырып, жүйелі негізде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы болған Абылай Мырзахметовтен аса ірі мөлшерде пара алған. Министрдің орынбасары А.Мыр­захметовтың мүддесі үшін әрекет етіп, мемлекеттік тапсырыстарды алуына ықпал етіп, оның ұйымына жалпы қам­қоршылық көрсеткен.

2023 жылғы 21 қарашада елордалық сот Нұржан Әлтаевты 10 жылға бас бос­тандығынан айырды. Оған мемлекеттік қызметке орналасуға өмір бақи тыйым салынды. Сот оны 50 миллион 116 мың 20 теңге пара алды деп айыптады. Бұл сома одан бюджетке өндіртіп алынады. Әлтаев өз кінәсін мойындамады. Ұлттық палатаның бұрынғы басшысы Абылай Мырзахметов бұл іс бойынша куәгер мәртебесін иеленді. 

Былтыр негізінен түрлі министрдің орынбасарлары, департамент, басқарма, бөлім басшылары, мемлекеттік, квазимемлекеттік ұйымдардың басшылық өкілдері жемқорлығы үшін тұтылды. Қаңтар оқиғаларынан кейін жаппай отставкаға кеткен қаптаған әкімдер, минис­трлер және өзге жоғары лауазымдылар құтылып кетті. 

Сонда Қазақстан ненің есебінен коррупцияның жаһандық рейтингінде ел тарихында болмаған ең биік көрсеткішке жетіп отыр?

Оңды нәтиженің сыры неде?

Transparency International ұйымы сарапшыларының түсіндіруінше, демократияландыру мәселелерінде ілгерілеу арқасында Қазақстан ең қомақты өсім­ге қол жеткізді. Отыз жылдан астам уа­қыттан бері бір ірі лауазымнан екіншісіне сырғып, үнемі командада бол­ған, сондай-ақ елді қанаған олигархатпен тығыз кіріккен шенеуніктердің, атқамінерлердің биліктен аластатылуының өзін халықаралық сарапшылар сы­бай­­лас жемқорлыққа жойқын соққы деп мойын­даған.

Жаһандық ұйым сарапшылары Қазақстан басшылығының сот жүйесін реформалауын, Жоғарғы соттағы және төменгі деңгейлердегі бұрынғы судьялардың басым көпшілігінен арылып, орнына жаңа кадрларды алуын, заңнаманы жетілдіруін, мемлекеттік аппарат жұмысының айқындылығын арттыруын, азаматтық белсенділікке жол ашуын – коррупциямен күрес саласындағы салмақты жетістіктер деп бағалады. 

«Қазақстан позициясының бұрынғы барлық жылға қарағанда айтарлықтай жақсаруы – бірінші кезекте, Қаңтар оқи­ғаларынан кейін азаматтық қоғамның жандануымен түсіндіріледі. Қоғам антикоррупциялық реформалар саласын бір­шама жақсартуға, биік лауазымды шенеуніктерден және олардың ту­­ған-туыстарынан мемлекеттік активтерді ке­рі қайтартқызуға билікті мәжбүр ет­ті», – деп байлам жасады Transparency International. 

Ел өміріндегі тың бетбұрыстың, соны өзгерістің бірі – латифундистерден және аграршылардан пайдаланылмай жатқан 10 млн гектар жердің қайтарылуы болды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, жалпы 20 млн гектар жер қайтарылады.

Жемқорлықпен күрес қызметінің ресми өкілі Арман Тілеукеновтың айтуынша, шетелге заңсыз шығарылған активтердің 1 триллион теңгеге жуығы елге қайтарылды. Олар қаражат, шетелдегі вилла, кәсіпорын және басқасы түріндегі қымбат жылжымайтын мүлік (Қазақстан меншігіне өткізілген), басқа да мүлік түрінде болып келеді. 

«2023 жылдың 10 айының қорытындысында қылмыстық істер аясында мемлекетке қайтарылған активтердің жалпы құны 850 млрд теңгені құраған болатын. Енді бұл көлем 912 млрд теңгеге жетті. Бұл активтер ішінде бір ғана Қайрат Сатыбалдының қайтарған қаржысы және мүлкі 650 млрд теңгеге бағаланады», – деді Антикор өкілі А.Тілеукенов.

Сарапшылар Қазақстанның коррупцияға қарсы жүйелі күрес жүргізіп жатқанын қуаттайды. Бірақ олардың пікірінше, республикаға әрбір тұлғаны заң алдында тең ететін, жаппай қамтитын, саясаттың араласуынан тәуелсіз әрі айқын болатын антикоррупциялық тетіктер қажет. Бұған демократиялық реформаларды ары қарай жалғастыру арқылы ғана қол жеткізуге болады. 

– 50 балдан аз жиған елдер бәрібір жоғары коррупцияланған мемлекеттер саналады. Яғни, Қазақстан жеткенге тоқ­­мейілсімей, тек ілгері ұмтылыс таныта беруі қажет. Әйтпесе, жемқорлық экономиканың дамуына, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға кедергі келтіреді. Тағы бір нәрсені түсініп алуымыз қажет: жаһандық жемқорлық рейтингіндегі Қазақстанның орны – тек мемлекетке ғана емес, бүкіл қоғамға берілген баға! Өйткені мемлекеттік аппарат – халық­тың бір бөлігі ғана. Азаматтар өз проблемасын жауапты шенділерге пара, тарту беріп шешуге талаптануын түбегейлі тоқтатуы керек, – деді «Транспаренси Интернэшнл-Қазақстан» төрағасы Айдар Егеубаев.

Оның айтуынша, сарапшылар былтыр билік, мемлекеттік органдар тарапынан ізгі прогресті байқады. Бұл оң өзгерістер қазақстандықтардың сұрауына жарқын реакция болған-тын. Басқаша айтқанда, оянған қазақстандық қоғам талапшылдығы арқасында биліктің де жаңаруына ықпал етті. 

«Азаматтық қоғам оянуда. Бүкіл қо­ғам болып, коррупциямен күреске және оның алдын алуға бағытталған белсенділігімізді жандандырсақ, ірі-ұсақ демей, әрбір жемқорлық көрінісіне қарсы үн қатып отырсақ, біз ұлт болашағы, балаларымыздың келешегі үшін игілік болар жағымды динамикаға ары қарай да серпін бере аламыз», – деді А.Егеубаев.

Сарапшы Қазақстанның бұл саладағы кемшілігі ретінде биліктің іс-қимылының жеткілікті түрде ашық еместігін, қоғаммен диалогінің тоқырағанын, сот билігінің толық тәуелсіз еместігін, олигархия ықпалының сақталуын, саяси элитаның өз ықпалын қара басының қамы, тар экономикалық мүдделері үшін пайдалануын атады. 

Жемқорлыққа соққы берер жаңа тетіктер

Transparency International халықаралық ұйымының төрағасы Франсуа Валериан ел билігінің Әділетті Қазақстан құруын құптады. 

«Авторитарлық қана емес, демократиялық елдерде де әділеттілік қағидаттары бұзылса, коррупционерлер жазасыз қалады, демек бассыз кетеді. Олар қылмыстары үшін жаза тартпауды мақсат етіп, заңнаманы өз ыңғайына өзгертіп алады. Әділ сот төрелігі жүйесі үстем бол­майынша, соттар кез келген бұзу­­шы­лықтарға тосқауыл қойып, лайықты жа­заламайынша, осы арқылы Үкіметті ауыздықтап ұстамайынша, жемқорлық тек өрістей береді. Сот төрелігі пара батпағына батқан немесе саяси араласуларға жол берген мемлекетте қарапайым халық зардап шегеді», – деді Франсуа Валериан. 

Оның пайымдауынша, Қазақстан заңның үстемдігін қолдайтын, әділдікке жақ болатын, коррупция­мен күресетін институттарды, бірінші кезекте сот жүйе­сін, бұқаралық ақпарат құралдарын және қоғамдық ұйымдарды қолдап, дамытқаны жөн. Сонда респуб­лика өңірдегі коррупциядан барынша арылған жетекші елге айналады. 

Қазақстан «мемлекеттің өзегіне түскен жегіқұртпен» күрестің жаңа шараларын әзірлеуде. Ел Парламентіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі заң жобаларының топтамасы енгізілді. 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұловтың айтуынша, түзетулер негізгі алты бағытты қамтиды. Олардың қатарында жемқорлардың жария реестрін түзу, сондай-ақ пара алуға келісім беру, пара сұрау немесе талап ету, пара ұсыну немесе пара беруге уәде еткені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу және басқасы бар.

Оған сәйкес, біріншіден, коррупционерлердің елге жария тізімі енгізіледі. Антикордың түсіндіруінше, аталған ті­зілім-реестрде жемқорлық үшін сотталған адамның барлық дерегі қамтылады. Бұл жұмыс берушілерге жұмыс сұрап келген үміткердің арының тазалығын, адалдығын тексеруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ осы арқылы мемлекет «жем­қорлық қылмысын ұятты іс-әрекетке ай­­налды­­руға» ниетті. Сонда қоғамда жем­қорлыққа төзбеушілік ахуалы қалыптасады. 

Екіншіден, пара ұсыну және пара беруге уәде ету – қылмыс деп танылады. Осы арқылы мемлекетке зиян келтірілгенге дейін парақорлықтың жолын кесу жоспарлануда. 

Пара беру ұсынысы дегеніміз – ауыз­ша немесе жазбаша, соның ішінде электрондық нысанда, хат-хабар түрінде пара беруге қатысты анық және түсінікті білдірілген сөз. Пара беру уәдесі ретінде пара беру уақыты, орны, тәсілі туралы хабарлама, сөз түсінілетін болады.

Кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқаны үшін шенеуніктердің әкімшілік жазасын қатайтатын түзетулер де көзделген. Тұрмыстық жемқорлықты жою үшін банктердің, жоғары оқу орындарының, ауруханалардың, мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдар қызметкерлерінің қорқыту арқылы заңсыз сыйақы алу фактілерін ашудың тиімділігін арттыратын түзетулер қарастырылады. 

Ұлттық заңнамаға енгізілгелі тұрған бұл өзгерістер жемқорлықпен күреске елеулі үлес қосуы тиіс. Сонымен қатар олар GRECO (Коррупцияға қарсы мемлекеттер тобы), ЭЫДҰ сияқты беделді халықаралық ұйымдардың ұсынысы бойынша дайындалған.

Сондай-ақ Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарлауынша, келесі 2025 жыл­ғы қаңтардан бастап, әкімдердің, министрлердің, Парламент депутаттарының, «А» корпусының саяси және әкім­­­шілік мемлекеттік лауазымдарын атқаратын адамдардың, омбудсменнің, судьялардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінде басқару функцияларын атқаратын адамдардың барлық дүние-мүлкі мен табыстары туралы ақпараттар интернетте ашық жарияланатын болады.

Елдос СЕНБАЙ