Сыр өңірінің білім саласы бы­лыққа батып тұр. Күн өткен сайын қаржылық қитұрқылық, оқушы­лар арасындағы құқық­бұзу­шылық­тар, ұстаздар қа­уымы­ның ұятты тірліктері жаға ұстатар­лық жағдайға жет­кізді.
Салада сансыз түйткіл бар
коллаж: Еркебұлан ДҮЙСЕБОЛАТОВ
2,022
оқылды

Шынында да жауапты сала маман­дарын жерге қаратқан  келеңсіздіктер ақтап алуға тұрмайды. Өскелең ұрпақтың өрескел әрекеттерін балалыққа балағымыз келгенімен, білім саласындағы кейбір кемшіліктер жиі сын садағына ілігіп, халықтың талқысынан түсер емес. Бұл тұрғыда жуырда ғана Түркияға сапарлатып барып, трансвеститтердің түнгі клубында тайраңдаған қызылордалық қос мұғалімнің әрекеті сырбойылық білім байрағын желбіретіп жүрген барша қауымның абыройын аяқасты етті. Тырнақтап жиған беделін бір-ақ сәтте құрдымға жібергендей әсер қалдырды. 

Былтыр да өңірдің білім саласы үшін оңай болған жоқ. Облыс аумағында оқушылар арасындағы жаппай төбелестің белең алуы, оның ішінде Әйтеке би кентіндегі 9-сынып оқушысына жасалған әлімжеттік солқылдақ тәрбиенің салқы­нын сездіргендей болды. Ол аз десеңіз, бірқатар білім ордасында арнайы мамандығы болмаса да, бүлдіршіндерге білім беріп келгендердің анықталуы көпке төбеден жай түскендей әсер етті. Ұрпа­ғымызға сапалы білім, саналы тәрбие береді деп сенген киелі шаңырақтағы осындай келеңсіздіктер бәрімізді ойлан­татыны ақиқат. 

Негізі, білім саласындағы кейбір бассыздықты еңсеретін уақыт жетті. Қазіргі ахуал соны аңғартады. Сондықтан салаға соны серпіліс беретін тың жоба­ларды жүзеге асыру өздігінен сұранып тұр. Осыған орай облыс орталығында өткен өңірдегі орта білім ұйымдарының кеңей­тілген мәжілісінде көпті толғандырған бұл мәселе кеңінен талқыланды.

Бүгінгі қоғам алдында тұрған басты міндеттің бірі – балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу болып табылады. Дейтұрғанмен, күнделікті өмірде өрімдей жастардың қылмысқа бой алдыруы үйреншікті көрініске айналып кеткен. Әсіресе, бақылаусыз жүрген балалардың болашағы ойлантады. Бұл тұрғыда Сыр өңірінде соңғы уақытта бей-берекетсіз көше кезген балғындардың қатары сиремей тұр. Мұның соңы опық жегізетін келеңсіз оқиғаға жиі соқтыруда. Бұл тұрғыда облысқа қарасты Жаңақорған ауданындағы 2 мектеп пен Қызылорда қаласындағы 1 білім ордасында қаңғыбас­тық фактісімен оқушылардың тіркеуде тұрғаны мәлім болып отыр.

«Жалпы, өңірдегі орта білім беретін мектептердің 58-і лицей, гимназиялар болса, оның ішінде рейтингтегі мектеп-гимназиялар 29, төмен деңгейде 4 лицей жұмыс істейді. Мемлекет тарапынан барлық білім беру ұйымдарына теңдей мүмкіндіктің жасалып жатқанымен, нәтиже көрсетпеген мектеп басшылығына тиімді бағалау жұмыстары жүргізілетін болады. Сонымен қатар мектеп-гим­назия­лардың жұмысына жан-жақты талдау жасалып, нәтижесі төмен мектептердің статусына қатысты нақты шешімдер қабылданатын болады. Бұл тұрғыда был­тыр Жалағаш, Сырдария аудандарындағы кешкі мектептер өз жұмысын тоқтатты. Биыл қалған аудандардағы кешкі мек­тептерді жабу жөнінде шешім қабылданды. Себебі соңғы жылдары кешкі мектеп контингенті мектеп қабырғасында жүріп, қылмыс жасаған немесе ерте жүктілікпен тіркелген жасөспірімдердің есебінен қалыптасып отырғаны жасырын емес. Осы ретте, өңірдегі білім бөлімдеріне рейтингтік талдаулар жасау негізінде аталған кемшіліктерді жою жөнінде тиісті тапсырмалар берілетін болады. Себебі бір мектептің олимпиадалық көрсеткіші жоғары болғанымен, педагогтердің кәсіби байқауларға қатысуы төмен. Ал келесісінің ҰБТ-ға қатысу деңгейі жоғары болғаны­мен, балалар арасындағы құқықбұзушылық фактілерінің өсуі байқалып отыр. Соған орай, әрбір білім ордаларының жеке іс жоспары әзірленетін болады», – деп мәлімдеді бұл жайында жиында облыстық Білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов.

Басқарма басшысының айтуынша, Сыр өңірінде 24 531 педагог жұмыс істейді. Осы бала тәрбиесімен айналысатын педагогтер құрамының сапасы да ерекше назар аударарлық халде тұр. Соның ішінде облыс бойынша педагог-шеберлердің үлесі өте төмен. Мәселен, Жамбыл облысында 430, Шымкент қаласында 208 педагог-шебер жұмыс жасайды екен. Ал Қызылорда облысында бар болғаны 30 педагог-шебер еңбек ететіні белгілі болып отыр. Сондай-ақ облыс аумағында педагогтердің толық емес жүктемемен жұмыс істеу дерегі де азаяр емес. Соған орай басқарма басшысы педагогтердің толық жүктемемен жұмыс істеуіне баса мән берілетінін жеткізді. 

Негізі, Сыр өңірінде мектеп басшы­ларына қатысты арыз-шағымдар арта түс­кені байқалады. Бұл тұрғыда басқармаға мектеп басшысының мінез-құлқы мен ұжымдағы моралдық-психологиялық ахуалға қатысты 170-тің үстінде шағым түскен. Бұл арыздардың 14,8 пайызы шиеленіске түсіп, сотта қаралып жатқан жағдайлар болды. Алдағы уақытта осы тектес келеңсіз жағдайлардың алдын алу және болдырмау мақсатында нақты шара­ларды қолға алу жоспарланып отырса ке­рек. Нақты айтқанда, облыстық білім беру мекемелеріндегі педагог қызметкер­лердің еңбек ету барысында туындаған мәселелерін қарау және оны жан-жақты қолдау жөніндегі арнайы комиссия құры­латыны мәлім болды. 

«Баланың бойындағы мінез-құлық өзгерісін, оның құқықбұзушылыққа бейімділігін дер кезінде анықтауға мектеп психологтарының көмегі маңызды. Өкінішке қарай, бүгінде кәсіби деңгейі жоғары мектеп психологтары саусақпен санарлық. Соған орай, білім беру ұйымдары психологтарына әдістемелік көмек беруге негізделген облыстық психологиялық қолдау орталығын ашу жоспарлануда. Аймақ басшысының қолдауымен ашылғалы отырған орталық көптеген олқылықты оңалтуға оң әсер етеді деген үміт зор»,– деп мәлімдеді жиын барысында басқарма басшысы. 

Әрине, жылдар бойы қордаланған мәселені бір мезетте шешіп тастау мүмкін емес. Алдағы уақытта нақты міндеттер жүзеге асырылмақшы. Бұл тұрғыда білім беру ұйымдарының байланысын нығай­туда үздіксіз білім беруге арналған тірек ұйымдар құрылу жоспарда бар екен. Білім беру ұйымдарының инфрақұры­лымын дамытудан бастап, саланың сан қырлы басымдықтары айқындалған бастамашыл жобаларға ықпал болатын өңірлік Жол картасы да әзірленіп жатқаны белгілі болды. Сондай-ақ биылдан бастап Сыр өңіріндегі барлық елді мекенде клубтар мен мәдениет үйлері жанынан «Адал адам» рухани-мәдени орталықтары ашылатын болады. 

«Ең алдымен балалар тәрбиесіне басты назар аударуымыз керек. Бүгінгі жиынның ерекшелігі де сол. Былтыр да осындай бағытта үлкен жиын өткізген болатынбыз. Бірақ әлі нақты нәтиже болмай тұр. Енді сол кемшіліктерді бірге шешуге тиіспіз. Өйткені соңғы кездері жасөспірімдерің құқықбұзушылық фактілері жиілеп кеткені жасырын емес. Ал ұлттық бірыңғай тестілеуге бойынша да атқарылуы тиіс жұмыстар ауқымды. Биыл да ҰБТ бойын­ша былтырғы межеден төмен түспеуіміз керек. Бұл тұрғыда Арал ауданына іссап­армен барған сәтте тұрғындар тестілеу пункті әлі күнге жоқ екенін айтып, ұсыныс-тілектерін жеткізген болатын. Соған орай, Арал өңірінен  тестілеу пункті міндетті түрде ашылуы қажет. Баланың тәрбиесімен қатар, білім жүйесін жетілдіру бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуі керек. Себебі ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесі әлі де көңіл қуантпайды. Соңғы жыл­дары Мемлекет басшысының қол­дауы­мен білім саласына жасалып жатқан қамқорлық ерекше. Соның нәтижесінде бүгінде  Сыр өңірінің білім саласында миллионға жуық жалақы алатын ұстаздар бар. Ал коммуналдық салада жүрген қызметкерлер тынбай еңбек ете жүріп, мұндай жалақы алмайды. Сондықтан мұғалімдер қауымына мемлекет тарапынан осындай қамқорлық жасалғаннан кейін, жүйелі жұмыс нақты нәтижесін көрсету керек. Балаларымызға сапалы білім, саналы тәрбие беруге міндеттіміз», – деді өз кезегінде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.  

Кеңейтілген мәжілісте құқық қорғау органдары тарапынан жасөспірімдер қылмысының қазіргі ахуалы мен алдын алу шараларын жайынан кеңінен мағлұмат берілсе, ұстаздар қауымы ұсыныс-пікірлер жеткізді. 

Жалпы, жыл басталғанда білім саласы­ның жай-күйі туралы кеңейтілген мәжіліс­тің өтуі салаға үлкен міндет пен жауап­кершілік жүгінің артылғанын аңғартса керек. Оның нәтижесі қандай болатынын алдағы уақытта еншісіне қалдырдық.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы