Астана мемлекеттік қызмет хабы мен Жоғары сот кеңесі арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Судьяларды іріктеу жетілдіріледі
862
оқылды

Келісім аясында тараптар судья кадрларын іріктеу процестерін жетілдіру, олардың әлеуетін арттыру және осы саладағы үздік халықаралық практикамен танысу мәселелерінде ынтымақтастасуға уағдаласты.

Астана мемлекеттік қызмет хабы Басқарушы комитет төрағасы Алихан Байменов пен Жоғары сот кеңесі төрағасы Денис Шипптің кездесуі кезінде келісімге қол қойылды. 

Денис Шипп өз сөзінде мемлекеттік қызмет саласында кеңінен қолданылатын әдістер мен құралдар судьяларды іріктеу кезінде де пайдаланылатынын атап өтті. Сондай-ақ, ол Кеңестің функциялары мен міндеттеріне тоқтала отырып, судьяларды конкурс арқылы іріктеу, олардың тәуелсіздігі мен дербес құқығын күшейтумен бірге тәртіптік жауапкершілік тетіктерін де жетілдіру мәселелеріне назар аудартты.

 

Алихан Байменов өз кезегінде Хаб пен Жоғарғы сот кеңесі арасындағы әріптестіктің маңыздылығына ерекше тоқталды. Өйткені, оның айтуынша, сот жүйесіне деген сенім мен әділ сот төрелігін іске асыру судьялар корпусын іріктеу сапасына тікелей байланысты. Сондықтан Хаб судья кадрларын іріктеу мәселелерінде сараптама-талдау жағынан қолдау көрсетуін одан әрі жалғастыруға ниетті.

Әлемнің 43 елінен тұратын Астана мемлекеттік қызмет хабы дүние жүзіндегі мемлекеттік қызметті реформалау бойынша білімі мен сараптау қауқары зор 90-нан астам институционалдық серіктеспен әріптестік орнатқан.