95 жасқа аяқ басқан әнші өмір жолынан сыр шертті.
"Өмірімнен сызып тастадым": Бибігүл Төлегенова отбасылық өмірде бағы жанбағанын айтты
23,473
оқылды

КСРО халық әртісі, бұлбұл дауысты әнші Бибігүл Төлегенова жан сырын ақтарды, – деп хабарлайды Aikyn.kz  “Таңшолпан” бағдарламасына сілтеме жасап. 

95 жасқа аяқ басқан әнші өмір жолынан сыр шертті. Өнер жолын таңдауына әкесі рұқсат бергенімен, анасы қарсы болған. 

“Жалпы, біздің әулет өнерлі жандар. Әкем скрипкада жақсы ойнаған. Анам да өнерден құр алақан емес. Сол кезде ауылдың адамдары әртіс дегенге көзқарасы түзу болмады. Әртіс адамдар бұзылып кетеді деп ойлайтын. Анам үзілді-кесілді қарсы болды. Қызының “бұзылып кетіпті” деген өсегінен қашқан болуы керек. Маған "Сен өнерге кетсең бәрібір оқымайсың, күйеуге шығасың да, бала туып, үйде отырасың" деді. Бірақ, менің соншама құштарлығым болды. Өмірімнің барлық қиындығын өз әнімнің арқасында жеңдім. Әнімнің арқасында көтерілдім, сүйікті болдым, жігіттер де ғашық болды. Егер әнші болмасам бәлкім, қазіргідей керемет әже болып отырмас едім”, – деп өнерге алғаш аяқ басқан кезін еске алды. 

Сонымен қатар өнерде жолы болғанымен отбасылық өмірде сәтсіздікке ұшырағанын да жасырмады. 

“Менің өнеріме қолдау білдірген бір-ақ адам болса, ол – Ахмет Жұбанов. Күйеулерімнің ешқайсысы өнерімді қолдамаған. Оларға үйде отыратын әйел керек болды. Тіпті бірімен заңды некеде де отырған жоқпыз. Бірінші жұбайымен ажыраспаған екен. “Семейге алып кетемін, маған Алматыда жұмыс жоқ” деп айтты. Жалпы, еркектерден бағым жанбады. Олар туралы қазір мүлдем сөз қозғамаймын. Кітабыма да жазбадым. Оларды есіме де алғым келмейді”, – дейді халық әртісі. 

Еске салайық, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халық әртісіне мемлекеттік стипендия тағайындағанын жазған едік.