Кеше Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңей­тілген отырысында былтыр­ғы жұмысты қорытындылап, алдағы кезеңде әлеуметтік-экономикалық салада атқа­рылуға тиіс басты міндет­терді белгілеп берді.
Мәулен Әшімбаев: Экономикада батыл әрекет керек
1,748
оқылды

Ең алдымен, еліміздің сапалы экономикалық дамуын және азаматтардың нақты табысының өсуін қамтамасыз ету қажет. Прези­дентіміз атап өткендей, ол үшін мемлекеттік аппараттың жұмысы нақты нәтижеге ба­ғыт­талуға тиіс. Сондай-ақ эконо­микада мұқият зерделенген, батыл әрекет керек.

Осыған орай Үкіметке бюд­жет және салық саясатының тиімділігін барынша арттыру міндеті жүктеліп отыр. Мемлекет басшысы жаңа Салық кодексін әзірлеу барысында инвесторларға және кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау мен бюджетке қажетті көлемде қаржы түсірудің арасында теңгерім болу керегін атап өтті.

Сондай-ақ Президентіміз тиімді даму үшін экономиканы кешенді түрде ырықтандырудың маңызы зор екенін айтты. Мем­лекеттің экономикалық үдерістерге шамадан тыс араласуынан бас тарту қажет. Бақылаусыз мо­нополияны, ресурстарды әділетсіз бөлуді, бәсекенің заңсыз тәсілдерін қолдануды да жою керек.

Мемлекет басшысы агро­өнеркәсіп кешенін дамыту және су ресурстарын үнемдеп пайдалану мәселесіне де баса мән берді.

Алдағы уақытта ауыл шаруа­шылығын қаржыландыру дәйекті түрде артады. Жерді барынша тиімді пайдаланып, заманауи агротехнологияларды енгіземін деген шаруаларға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіледі. Бұл ретте үш жыл ішінде агроөнеркәсіп саласындағы өңделген өнімнің үлесін 70 пайыз­ға жеткізу басты міндет екенін атап өткен жөн.

Аграрлық сала үшін су аса маңызды ресурс екені бел­гілі. Еліміздің оңтүстік өңір­лерінде су тапшылығы өте өзекті мәселе. Сондықтан су үнемдеу технологиясын енгізу және суды көп қажет ететін дақылдарды азайту бағытында жүйелі жұмыс жүргізу қажет. Бұл ретте шет мемлекеттердің озық тәжірибелерін зерделеп, елімізде суды үнемдеп пайдалану мәдениетін қалыптастыру жолында іргелі істерді қолға алу қажет екені айтылды. 

Сонымен қатар Президентіміз инфрақұрылымды дамыту сала­сында шұғыл шаралар қабылдау керек екеніне назар аударды. Бұл бағытта Үкіметтің алдында, бірінші кезекте, бұған дейін басталған жылу орталықтарын жаңғырту жұмыстарын аяқтау және қосымша қуат көзімен қамтамасыз ету міндеті тұр.

Еліміз бойынша республи­калық маңызы бар жолдарды жөндеу жұмыстарын аяқтау және теміржол саласындағы өзекті мәселелерді шешу де ерекше мәнге ие. Мұндай кешенді қа­дам Қазақстанды Еуразияның толыққанды көлік-логистикалық хабына айналдыруға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы маңызды бағыттардың бірі саналатын әлеуметтік саланы реформалауға да айрықша тоқталды.

Қазір республикалық бюд­жеттің жартысына жуығы атал­ған салаға бөлініп жатыр. Сондықтан мемлекет қаражатын жұмсаудың тиімділігі ерекше бақылауда болуы керек. Міндетті әлеуметтік медициналық сақ­тандыру жүйесінің жұмысын бақылау, халыққа көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын арттыру жөнінде де нақты тапсырмалар берілді.

Бүгінгі отырыста Президен­тіміз мемлекеттік сатып алу, мем­лекет пен жекеменшік серіктестігі, құрылыс саласын реттеу жүйесін реформалауға арналған маңызды заңдар қабылдау керегін де атап өтті. Сенат депутаттары бұл ба­ғыт­тағы тиісті заң жобаларын пы­сықтауға және Қала құрылысы кодексін әзірлеуге белсенді қатысады.

Осылайша, Мемлекет бас­шысы Әділетті Қазақстан құру жолындағы кешенді реформаларды одан әрі іске асырудың басым бағыттарын белгілеп берді.

Бұл істе Сенат Үкіметпен конструктивті өзара іс-қимылды әрі қарай жалғастырып, Прези­дентіміз жүктеген міндеттердің орындалуын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін тиісті жұмыс­ты сапалы әрі уақытылы атқаратын болады.