Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген оты­рысына қатысты. Осы жиын бары­сында еліміздің 2023 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары шыға­рылды. Алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер белгіленді.
Белді бекем буатын кез келді
1,767
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың cай­лауалды бағдарламасында және Қазақстан халқына Жолдауларында белгі­ленген ауқымды реформалар­ды іске асыру жалғасын тауып ке­леді. Жаңа заңнамалық нормалар күшіне енді, бірқатар ірі мемле­кеттік бастаманы, соның ішінде «Жайлы мектеп» және «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобаларын іске асыру бас­талды. Осының бәрі Президенттің табанды және дәйекті түрдегі іс-қимылының нақты нәтижесі.

Мәжілісте сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қазақстанды озық елге ай­налдыру қажеттігін айтып, бұл жай ұран емес, нақты жоспар екенін атап өтті. 

«Бізге керегі – дамудың сара жолы. Сондықтан түбегейлі саяси реформалар жүргізумен қатар, еліміздің қоғамдық-экономикалық өмірінде терең өзгерістер жасау үшін батыл шаралар қабылдауымыз қажет. 

Ең бастысы, біздің барлық іс-әрекетіміз «Әділетті Қазақстан» құру қағидатына сай болуға тиіс. Алдымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық саясатына жаңа серпін беру керек, яғни экономиканың барлық саласын дамыту, ынталандыру жолдары мен алдағы міндеттерді қайта қарау қажет. Түптеп келгенде, мемлекет енді үздіксіз қолдау шараларынан нағыз сапалы дамуға қолғабыс ету ісіне түбегейлі көшуі керек. Бұл жұмысты сөз жүзінде емес, іс жүзінде орындайтын уақыт жетті», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы ретте бірқатар мәселені ортаға салудың жөні бар. 

Бірінші. Елімізде барлық бастама Президент тарапынан шығып келеді. Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді жедел жүзеге асыру Үкіметке жүктеледі. Қанша қиын болғанымен, Үкімет дағдарысқа қарсы шараларды дер кезінде қолға алды. Былай қарағанда статистика тұрғысынан есептер мен көрсеткіштер ойдағыдай секілді болды. Соған қарамастан  Президент Үкіметті доғарысқа жіберді. Мұның бір себебі қаржыландыру көбіне ұлттық қор есебінен жасалуы болса керек. Елдің сыртқы қарызы да біршама өсті. Бұл ішкі жалпы өнімнің 40 пайызын құрайды. Бір миллионнан астам адам кедейшілік деңгейінде өмір сүріп жатыр.

Екінші. Мемлекет басшысы Үкіметтің алдына ұлттық экономика көлемін 2 есеге арттырып, 450 млрд АҚШ долларына дейін жеткізу міндетін қойды. Бұл не деген сөз? Қазақстан экономикасы қазіргі жағдайды місе тұтып отырмауы керек. Алға басу үшін үлкен серпіліс қажет. Президент мұндай жойқын міндетті өз Жолдауында және Egemen Qazaqstan газетіне берген сұхбатында қадап тұрып айтты. Демек, алдын ала болжамдар мен нақты есептеу бар деген сөз. Мемлекет басшысы Үкіметті доғарысқа жіберу арқылы мұндай міндетті жүзеге асыру үшін орасан жұмыс пен терең жауапкершілік керек екенін алдын ала сезінген тәрізді. Үкімет тізгіні барынша шаруақор адамға ұстатылғаны да сондықтан.

Енді  ұлттық экономика көлемін 2 есе арттыру дегенге келейік. Айтқанға жеңіл көрінгенімен, бұл оңай міндет емес. Жыл сайынғы тұрақты экономикалық өсімді кем дегенде 6 пайыз деңгейінде қамтамасыз ету үшін шұғыл шаралар қабылдау қажет. Осындай ауқымды стратегиялық мақсатқа қол жеткізу үшін ең алдымен  өңдеу өнеркәсібіндегі жобаларды іске асыру өте маңызды.

Үкіметтің 2022 жылға арналған дағдарысқа қарсы шаралар жоспарының іс-шараларын және Мемлекет басшысының шешімі бойынша ұлттық ауқымдағы әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруға ұлттық қордан 2023 жылы 1 трлн теңге және 2024 жылы 400 млрд теңге көлемінде нысаналы трансферт тартылды. Республикалық бюджет шығыстары 2023 жылғы 21 трлн теңгеден 2025 жылы 22,7 трлн теңгеге дейін біртіндеп ұлғаяды деген болжам бар. ЖІӨ-ге қатысты олардың 2023 жылғы 17,4 пайыздан 2024-2025 жылдары 16,2-15,5 пайызға дейін төмендеуі көзделген. Жалпы, контрциклдық бюджет қағидасын қолдану жоспарлы кезеңде республикалық бюджет шығыстарының өсу қарқынын ЖІӨ-ге қатысты 16,4 пайыз деңгейінде тұрақтандыруды қамтамасыз етуге тиіс. Бюджет тапшылығын ЖІӨ-ге қатысты 2023 жылы 2,7 пайыз деңгейінде одан әрі 2024-2025 жылдары 2,6 және 2,5 пайызға дейін төмендете отырып, айқындау ұсынылды. 

Есептік кезеңде Қазақстан экономи­касының өсу қарқыны 5,6 пайызды құрады. Нақты сектордағы өсім – 2,3 пайыз, ал қызмет көрсету саласында – 7,6 пайыз. Бар­лық негізгі салалар бойынша оң динамика байқалғандай. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 18,3 пайызды құрады. Инвестициялар ағыны өнеркәсіпте – 9,2 пайызға, ауыл шаруашылығында – 33,7 пайызға, жылжымайтын мүлікпен операцияларда – 33,7 пайызға, көлікте және қоймалауда  31,8 пайызға өсті. Мұның бәрі шикізаттық экономикаға иек арту мен бюджет қаржысын ұлттық қор есебінен толтыру арқылы жүзеге асқанын елдің бәрі көріп, біліп отыр.

Үшінші. Нақты сектор тұрақты экономи­калық өсімді қамтамасыз етуі үшін нақты іс-қимыл жасау керек. Өңдеуші өнеркәсіп, құрылыс және ауыл шаруашылығы салала­рының даму қарқыны жалпы алғанда жаман емес сияқты. Бірақ еліміздің өнеркәсіп сек­­торы өндірістің, оның ішінде өңдеу са­ла­сының негізгі локомотиві болуына мүм­кіндік көп қой. Тұрақты инвестициялық белсенділік, оның ішінде шикізаттық емес секторларға инвестициялар тарту жедел экономикалық өсудің негізгі факторы болып есептеледі.

Төртінші. Ел экономикасының серпінді дамуға бағыт алғаны жақсы. Бұл бүгінгі геосаяси жағдайда оңай шаруа емес. Үйлесімді жұмыс пен тиімді үйлестіруді экономиканың барлық саласында қамтамасыз етпесе, қиын болады. Ішкі нарықты отандық тауарлармен толықтыруға және шикізаттық емес өнім көлемін ұлғайтуға барынша басымдық берілуге тиіс.

Шағын және орта бизнестің әлеуетін кеңейтіп, дамуға жағдай жасауымыз керек. Инвестициялардың құрылымын қосылған құны жоғары тауарларды өндіру жағына қарай ұлғайту қажет-ақ.  

Бесінші.  Азаматтардың табысын арттырып, сапалы жұмыс орындарын құру деген ең өзекті мәселе. Бұл осы уақытқа дейін қоғамды толғандырып отырған әлеуметтік-экономикалық мәселе. Осыған дейінгі он Үкімет осыны шеше алмай кетті...

Қазір заман күн сайын мың құбылып тұр. Сыртқы және ішкі параметрлердің жиі өзгеріп жатқанын білеміз. Осы тұста Қазақстан экономикасын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған үш сценарийі (базалық, оптимистік және пессимистік) әзірленгенін еске  салған артық болмас.

Бұл туралы Ұлттық экономика министрі «Базалық сценарий кезінде мұнайдың орташа бағасын барреліне 85$ деңгейінде және АҚШ долларының есептік бағамын 470 теңге деңгейінде пайдалану ұсынылады. Осы сценарий бойынша жалпы ішкі өнімнің орташа жылдық нақты өсуі 3,9 пайызды құрайды, оның ішінде 2023 жылы – 4 пайыз. Оптимистік сценарий кезінде мұнайдың болжамды бағасы барреліне 110$, АҚШ долларының бағамы  440 теңге деңгейінде анықталды. Экономиканың орташа жылдық өсуі 4,2 пайыз деңгейінде болжануда. Пессимистік сценарийде мұнай бағасы барреліне 60$ және ЖІӨ-нің болжамды нақты өсуі орта есеппен 3,5 пайызды құрайды», – деп түсініктеме берген болатын.

Инфляция барлық сценарийде 2023 жылы 7,5-9,5 пайыз деңгейінде, 2024 жылы  4-5 пайыз деңгейінде, кейін 2025-2027 жыл­дары 3-4 пайызға дейін төмендейді деп белгіленді.

Сенат республикалық бюджет пен Ұлт­тық қордың келесі үшжылдыққа ар­нал­ған параметрлерін қалыптастыру ке­зін­дегі негізгі лейтмотив Мемлекет бас­шы­сының үнемді және жауапты бюджет саясаты тұжырымдамасын қамтамасыз ету қағидаттарына мұқият ден қойған еді. Соның арқасында 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджеттің параметрлері бюджет саясатының кіріс базасын то­лықтырудың жаңа көздерін жинақтау және бюджет шығыстарын әлеуметтік-экономикалық дамудың басым бағыттарына шоғырландыру бағдарын ескере отырып айқындалды. Республикалық бюджетке түсетін қосымша түсімдер кіріс базасын кеңейту және салықтық әкімшілендіруді жақсарту, сондай-ақ көлеңкелі экономиканың үлесін азайту бағытында Үкіметтің іс-қимыл жоспары дәйекті түрде жүзеге асырылуы қажет.

Сонымен қатар Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы әлеуметтік салаға айрықша назар аударды. Өз сөзінде Президент мемлекеттің әлеуметтік саясатын кеңінен қайта қарау қажет екенін айтты. Яғни, әлеуметтік көмектің тиімділігі мен атаулылығын арттыру, жұмыспен қам­ту орталықтарының басталған транс­фор­мациясын уақытылы аяқтау, барлық азамат үшін тең мүмкіндіктер жасау, азаматтарға көрсетілетін әлеуметтік қызметтердің сапа­сын жақсарту, медициналық сақтандыру жүйесінің жұмыс істеуін бақылауды күшейту, медициналық көмектің бірыңғай пакетін қалыптастыру мәселелері кеңінен көтерілді.

Президенттің сынын ескере отырып, жаңа Министрлер кабинетінің алдында мемлекеттің әлеуметтік саясатын реформалау бойынша үлкен міндеттер тұрғанын түсіну керек. Атап айтқанда, әлеуметтік саладағы проблемаларды шешудің қолданыстағы тәсілдерін қайта қарау және Мемлекет басшысының алға қойған барлық міндетін іске асырудың жаңа тетіктерін қалыптастыру қажеттілігі туындайды. Өз кезегінде Парламент алға қойылған міндеттердің заңнамалық шешімін қамтамасыз етуге тиіс.

Нұртөре ЖҮСІП,

Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және 

ғылым комитетінің төрағасы