Елімізде азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету жүйесі қайта қаралады. Мемлекеттен көмек алу үшін табысын әдейі азайтып көрсететіндерге бұдан былай жол берілмейді. Қаражат шын мұқтаж жанның қалтасына түсуге тиіс.
Әлеуметтік көмек әділ бөлінуге тиіс
816
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төраға­лығы­мен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында әлеуметтік сала  мәселелеріне айрықша мән берілді. Президент азаматтарға әлеуметтік көмек пен қолдау құрылымдары және механизмдерін толық қайта қарау қажет екенін атап көрсетті. 

Елімізде қазір төрт жарым миллионға жуық қазақстандық мемлекеттен әлеуметтік көмек алып отыр. Бұл – шамамен еліміздің әрбір бесінші тұрғыны деген сөз. Басым көпшілігі – еңбекке жарамды азаматтар.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, былтыр 114,1 мың отбасындағы 598,4 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) беріліпті. Ол үшін бюджеттен 57,4 млрд теңге жұмсалған. Ал  2024 жылы АӘК төлеуге 75,9 млрд теңге қарастырылып отыр.

Дегенмен АӘК азаматтардың еңбек етуге деген ынтасын жойып, масылдыққа бой алдыруына да жол ашуы мүмкін. «Халыққа әлеуметтік көмек береміз деп, біз, шыны керек, қоғамда масылдық психологияға жол бердік. Өркениетті ел боламыз десек, мұндай жағымсыз үде­ріске тосқауыл қоюымыз керек. Әлеуметтік салаға  айрықша назар аударған жөн. Яғни, бөлінген қаржыны  барынша тиімді жұмсап, оны шын мәнінде көмекке мұқтаж адамға беру керек», – деді Қ.Тоқаев.

«Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Өмір сапасы орталығының директоры Нұрболат Құрметұлының айтуынша, қазір атаулы әлеуметтік көмек көрсетуде бірқатар олқылық бар. «Президент бұл мәселені жайдан жай қозғаған жоқ. Әлеуметтік көмек көрсетудің тетіктерін талдау барысында бұл бағытта біраз жұмыс істелуі керек екені анықталып отыр. Біріншіден, мұқтаж жандар арасында АӘК туралы ақпараттандырудың өзі нашар жүргізілген. Оны тағайындау немесе тоқтату процесінде де күрделілік бар. Осының кесірінен шын мұқтаж отбасылар әлеуметтік қолдау бағдарламаларына қатыса алмауда. Өйткені өзінің әлеуметтік әлсіз топқа жататынын дәлелдеу үшін азаматтар сансыз тексерістен өтеді, құжат жинастырады. Соңында қолын бір сілтеп бас тартатындар бар. Екіншіден, жеңіл табысқа ие болғысы келетін адамдар тобы пайда болды», – дейді ол.

Жеңіл табыс демекші, АӘК алу үшін «жалған құжат жасап, табысын жасырып көрсеткендер»  бұдан бұрын да әшкере болған.  2019 жылы тамыз айында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «70 мыңдай отбасы табысын жасырғанын» мәлімдеген еді. Яғни, ай сайын 200-300 мың теңге (520-700 доллар) табыс табатын отбасылар кірісін 40-60 мың теңге (103-155 доллар) деп көрсеткен. Министрлік сол жолғы есе­бінде елде 1,8 миллион қазақстандық атаулы әлеуметтік көмек алып отырғанын айт­қан.  

Әлеуметтік көмек кімдерге берілуі керек? Күн көрісі қиындап, мемлекеттен қолдау күткен мұқтаж азаматтарды қалай анықтау болады? Қаржыгер Гимран Әбдірахманов оны ажыратудың үш жолы бар екенін айтады. «Біріншіден, әр азаматтың зейнетақы қорындағы айлық ақша түсімін қарау. Егер соңғы алты ай ішінде немесе бір жыл ішінде белгілі бір жарналар түсіп тұрса, еңбек нарығындағы белсенді азамат болса, ол мұқтаж емес деген сөз. Екіншіден, әлеуметтік көмекке өтініш берген азаматтың отбасы мүшелерінің жеке мүлкін тексеру арқылы өтініш берген адамның өз мүлкін туысының атына жаздырып қою әрекетін анықтауға болады. Үшіншіден, тек ақшалай көмек емес, адамдардың еңбек нарығындағы сұранысын арттыруға, жеке табысын көбейтуге ынталандыруға болады. Яғни, Қазақстанда қазір қандай қыз­мет түріне сұраныс бар? Азаматтарға кәсіп үйренуге, табыс табуға мүмкіндік жасау қажет», – дейді ол.

Ал Өмір сапасы орталығының директоры Нұрболат Құрметұлы да АӘК-ке өтінім берген азаматтардың материалдық ахуалын анықтау тәсілдерін жетілдіру қажет деген пікірде. Оның айтуынша, осы механизмнің пысықталмауынан жеңіл табысқа ие болғысы келетіндер де әлсіз топтардың арасына кіріп кетіп жатыр. «Ең бастысы әлеуметтік көмекті тағайындау барысындағы бюрократия­лық процестерді қысқарту қажет. Оны қалай жасаймыз? Оған бақылауды күшейту және әлеуметтік көмек бағдарламаларын цифрландыру, өзара үйлестіру арқылы қол жеткізуге болады. Екіншіден, құзыретті органдар халықтың әлсіз топтарымен жұмысты күшейту арқылы олардың мемлекет тарапынан беріліп жатқан көмектерден хабардар болуына күш салу. Үшіншіден, инфляция жылдан жылға өсіп жатыр, азық-түлік пен тауар­лар бағасы қымбаттап жатыр. Осыған сәйкес, кедейлікті анықтайтын шекті де көтеруге тиіспіз. Сол кезде ел ішіндегі нақты жағдайдан шынайы хабар ала аламыз».

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында әлеуметтік көмекті кімге беру қажеттігі адамның кірісіне емес, шығысына қарап анықталуы тиіс екеніне тоқталды. Бұл мәселеде бір нақты шешім қабылдау қажет. «Қазір Еңбекпен қамту орталықтары жаңғыртылып жатыр. Осы жұмысты уақтылы аяқтау қажет. Оларға нақты нәтижесіне қарай, яғни жұмысқа орналасқан адам санына байланысты ақы төлеген жөн. Үкімет барлық амал-тәсілді зерделеп, халыққа әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа кешенді үлгісін ұсынуы керек», – деді Президент.

Мұқтаж азаматтарын қолдауда әр мемлекеттің тәжріибесі әрқалай. Қаржыгер маман Гимран Әбдірахмановтың айтуынша, АҚШ-та мұқтаж жандар өздерінің табысын, меншігіндегі мүлкін ешқашан жасырмайды. «АҚШ-тың кедейлерінде жалған ақпарат беру деген түсінік жоқ. Себебі ондай әрекет болашақта өзіне зиян келтіруі мүмкін деп ойлайды. Ал Қазақстанда ондай жасыру, жалған мәлімет беру ісіне қатысты жаза қарастырылмаған. Мүмкін Азаматтық кодексте осыған қатысты жауапкершілік қарастырған да дұрыс шығар. Сондай-ақ жұмысына салғырт қарап,  «жалған мұқ­­таждыққа» мемлекеттік төлемді тағайындаған жауапты шенеунікке де шара қолдану қажет. Сол кезде бюджет қаражатын негізсіз жұмсаудан шенеунік те, жалған өтініш беріп көмек алудан мұқтаж емес азамата бас тартып, масылдықтан арылатын болады», – дейді ол.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы тағы бір маңызды міндетті атады. Ол – азаматтарға көрсетілетін қызметтің сапасын жақсарту. «Бұл – ең алдымен, денсаулық сақтау саласына қатысты мәселе» екенін айтқан Қасым-Жомарт Тоқаев Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйе­сінің іске қосылғанына бес жыл болса да жағдай жақсармай отырғанын ескертті. «Содан бері  бұл саланың бюджеті 2 есе артты. Биыл  2,6 триллион теңге бөлінеді. Алайда медициналық көмектің сапасы айтарлықтай жақсарды деп  айтуға болмайды. Көптеген қызмет әлі де қолжетімді емес. Бұдан бөлек, көп жағдайда  ресурстар тиімсіз жұмсалады», – деді Президент. 

«Медициналық бұйымдар өндіру­­шілерінің қауымдастығы» ЗТБ төрағасының орынбасары Эрик Байжүнісовтің ойынша МӘМС жұмысына қатысты халықтың наразылық пікірін азайту үшін қызмет сапасын күшейту қажет.

«Медициналық қызмет сапасын жақсарту көптеген кемшілікті жүйелі түрде түзетуді қажет етеді. Ол болашақ маман – студенттің жағдайынан бастап, жұмыс­тағы әр қызметкердің мәселесін шешу. Медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, стандартты жағдайға келтіру. Сондықтан Президент тапсыр­ған кешенді мәселені шешу үшін берілген қаражатты мақсатты әрі тиімді түрде жұмсап, жұмыс жүргізсек саладағы сапаны жақсартуға толық мүмкіндік бар. Екін­шіден, бюджеттен берілген қаражатты біз жұмыстың сапасына қарап емес, көлеміне, ауқымына қарап беріп жатырмыз. Бұл да үлкен мәселе. Әлемдік тә­жіри­бе бойынша әр берілген қаржы көрсетілген мемлекеттік қызметтің сапасына орай берілуі тиіс. Яғни, нәтиже сапасына төленуі қажет. Сол кезде қызмет көрсететін маман немесе медицина мекемесі де сапаға жұмыс істейтін болады. Біз шеше алмай келе жатқан ең басты проблема осы», – дейді маман.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев медицина инфрақұрылымын дамыту да  өте маңызды міндет екені атап айтты. Президент «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бойынша 655 нысан салу жоспарланғанымен іс жүзінде  оның  тек 85-і ашылғанын сынға алды.  «Мұның бәрі  жұмыстың  тиімсіз жүргізі­ліп жатқанын көрсетеді. Жобалық-сметалық құжаттар  тым баяу әзірленді, құрылыс ұзаққа созылды  немесе нысандардың құны қымбаттап кетті деген себептер айтылып жүр. Мұның қай-қайсысы да – құр сылтау», – деді Мемлекет бас­шысы. 

Медицина саласының маманы Э.Бай­жүнісовтің пікірінше, жаңадан салынып жатқан медицина мекемелерінің құрылысының мерзімінен кешіктірілуіне бюрократтық кедергілер көп. Бұл құрылыс жұмысының сапасына да қатты әсер етеді. «Ауыл-аймақтар тұрғындарына осы заманға сай медициналық мекемелер салып беру өте қажет. Мемлекет беріп отырған осынау үлкен мүмкіндікті жаңа­­ғыдай қолдан жасалған кедергілер бөгейді. Сондықтан атқарушылық тәртіпті реттесек тапсырма да дер кезінде орындалады», – дейді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен әкімдерге және «Самұрық-Қазына» қорына «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын жүзеге асыруға кедергі болып отырған барлық мәселені дереу шешуді тапсырды.

Бауыржан БАЗАР