Бүгінде әлемде бірқатар мем­лекет цифрландыру саясатына көшіп, техниканың мүмкіндіктерін оңтайлы қолданудың тың әдіс­терін қарастырып келеді.
Тың бастамалар мен мүмкіндіктер алаңы
671
оқылды

Осы рет­те, еліміздің де жаңа техно­логия мүм­кіндіктерін пайдалануда қанатын кеңге жайып, өркениетке құлаш сер­меуі – заңдылық. Осынау ұм­тылыс пен одан шығар нәтиженің көрініс табатын алаңы – Digital Almaty халықаралық IT форумы. Биыл алтыншы мәрте өткен форум «Industry X: Бола­шақ­тың цифрлық эволюциясы» тақырыбына ар­налды. 

Онлайн қызметтерді дамытуда 8-орындамыз

Қазір еліміз нарықта өзін GovTech саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі ретінде көрсетіп келеді. Тұрақты өсу – өмір сүру деңгейінің жоғарылауына және кедейліктің төмендеуіне айтарлықтай ықпал етті. Цифрлық даму министрінің дерегінше, елімізде орташа жылдық өсу қарқыны 5 пайызды құрап отыр. Қазақстан онлайн қызметтерді дамытуда әлем бойынша 8-орынға тұрақтаған. Былтырғы жылдың қорытындысына назар аударсақ, онлайн режимде 50 млн қызмет көрсетілсе, қызметтің 92 пайызын азаматтар үйден шықпай-ақ қолдана алады. Бағдат Мусин­нің айтуынша, қазір елімізде электронды Үкіметтің мықты экожүйесі қалыптасқан. Бұл ретте, мемлекеттік порталдармен қатар банк қосымшалары енген. Онымен қоса, кейінгі уақытта өзге де қызмет түрлері мен жаңа стартап қосыла бастапты. Бүгінде еліміздегі өнеркәсіп секторын цифрландыруда маңызды тетіктер іс жүзінде жүзеге асырылып отыр. Соның бірі – геологиялық ақпарат цифрланған Minerals.gov.kz платформасының құрылуы. 

– Бұрын геологиялық ақпарат кеңес дәуірінің архивтерінде сақталған еді. Енді мұның бәрі сканерленіп жатыр. Қазірдің өзінде 30 мың есепті сканерлеп, геокординаттарға байлап, порталға қолжетімді етіп шығардық. Жер қойнауына қызығушылық танытатын компания енді тиісті құрылымдарға барып жүруге міндетті емес. Бар болғаны Minerals.gov.kz порталына тіркеліп, өзіне қажетті ақпаратты алуға мүмкіндік қарастырылған. Сондай-ақ онда лицензия алуға, жер қойнауын пайдалану құқығын алу үшін өтінім беруге, есептерді және өзге де ақпаратты тапсыруға болады, – деді министр Б.Мусин.

Стартаптар сайысы

Іс-шараның соңғы күні Digital Almaty-2024 алаңында ауқымды Industry 4.0 Startup Battle додасы мәресіне жетті. Өнеркәсіпті цифрландыру саласы бойынша келіп түскен 200 өтінімнің арасынан 30 стартап финалға жолдама алған еді. Өнеркәсіптік стартаптар баттл серіктестер ұсынған жүлделер үшін бақ сынасты. Industry 4.0 Startup Battle додасының жалпы жүлде қоры $180 000 құрайды. Жарыс нәтижесі бойынша  үздік атанған жеңімпаздардың арасында KazagroTech, NeuronOil, Aspans, Wes, Dereknet өнеркәсіптік стартап иелері бар. Одан өзге форум аясында оқушылар арасында робототехника және инновациялық техологиялар бойынша Digital Ministry Cup  чемпионаты өтті. Аталған жарыс робототехика, STEM бағытын дамытуға бағытталған. Мұнда мектеп оқушыларынан құралған командалар құрастырған роботтар мен олардың жарыс алаңында қалай әрекет ететінін тамашалауға болады. Біз де мүмкіндікті құр жібермей чемпионат өтетін алаңға келіп, Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген қатысушылармен тілдескен едік. 

Ерасыл Қанағатов – Семей қаласын­дағы Шәкәрім атындағы көпбейінді №5 мектеп-гимназиясының оқушысы.

– Жарысқа Семей қаласынан өзіміз құрастырған роботты алып келдік. Бұл роботтың жинағы, қосымша бөлшектері бар. Біз сайыс барысында роботтарды бір-бірімен жарыстырамыз. 1 матчта 2 минут 30 секунд беріледі. 30 секундтың ішінде робот автономды режимде жүре отырып, пиксельдері тақтаға қою қажет. Келесі екі минутта дрондар ұшырамыз. Он оқушыдан құралған команданы бұл додаға инфор­матика пәнінің мұғалімі Айдос ағайымыз алып келді, – дейді семейлік қатысушы.

Ал алматылық өнертапқыштар арасында  Абай атындағы Республикалық мамандандырылған мектеп-интернаты оқушыларынан құралған Antares коман­дасы да бар. Команда мүшесі Аиша Аманбекқызы сайыс тапсырмалары мен роботтың негізгі атқаруға тиіс міндеттері жөнінде толығырақ баяндап берді. 

– Жарыста  First Tech Challengе категориясы бойынша бағымызды сынап көрмекпіз. Біз құрастырған робот жарыс талаптары бойынша барлық әрекеттерді орындауға қабілетті. Негізі бұл категория бойынша елімізде оқушылардан құралған көп команда бар. Қазақстан бойынша он команда шақырту алды. Олардың арасында біздің де командамыз бар. Осы маусымда робот міндетті түрде 4 тапсырманы орындауға міндетті. ІТ мамандар роботқа арнайы бағдарлама жазады, – дейді Айша Аманбекқызы.

Қысылтаяңда «көмекке келетін» дрондар

Қайда қарасақ та жаңа технологияның жетістігі саналатын заманауи техникаларға, дрондар мен роботтарға көз түседі. Осын­дай көріністен-ақ цифрлық форумның тап қазіргі кезең үшін ғана емес, болашақтағы маңызын ұғынуға әбден болады. Робо­тотехникалар жарысы өтіп жатқан алаңнан Kaz Rockets зымыран құру және авиа­модельдеу бойынша қор өкілі Мирас Нүсіповті кездестірдік. Ол алаңға қойыл­ған дрондардың маңызы мен қоғамға қосар үлесі турасында әңгімелеп берді. Келушілердің назарына ұсынылған дрондардың басты артықшылығы – қауіпті жағдай болған кезде шұғыл түрде адамдардың қайда екенін көрсете алады. Нақтырақ айтқанда, дронның негізгі функциясы – іздеу. 

– Биыл индустрия тақырыбына байланысты жобалар ұсынылды. Бұл дрондар арқылы біз төтенше жағдайда қызмет ететін компанияларда жұмыс істей аламыз. Дрон 180 шақырым/сағат жыл­дам­дықпен ұшады. Мәселен, кенеттен жер сілкінісі, өрт болған жағдайда дрондардың көмегі маңызды. Ең алдымен өрт сөндіру­шілер дронды қалай қолдану қажет екенін үйренуге тиіс. Егер шахтада апат болған жағдайда құтқарушылар онда кіре алмауы мүмкін. Ал дронның көлемі кіші. Сондық­тан ол қауіпті әрі кіруге қиындық туды­ратын жерлерге оңай кіре алады. Алдағы уақытта біз дрондарды агрокомпанияларға ұсынамыз, – дейді Мирас Нүсіпов.

Үш күнге созылған халықаралық форумда Қорғаныс, Денсаулық сақтау, Ғылым және жоғары білім, сондай-ақ Ең­бек және әлеуметтік қорғау вице-минис­трлері мемлекеттік сектордағы қызметтерді автоматтандыру жетістіктерімен бөлісті. Цифрландырудың арқасында қазір халық үйден шықпай-ақ ЖОО-ға құжат тапсыру, білім алу себебінен армияны кейінге қалдыру, жұмысқа орналасу, емханаға алдын ала жазылу, жылжымайтын мүлікті тіркеу, сондай-ақ цифрлық ипотека рәсімдей алады. Ауқымды форумға 300-ге жуық спикер қатысса, оның 70-і – шетелдік сарапшылар. Бұл – форумның Еуразия кеңістігінде экономикалық әрі әлеуметтік әлеуетінің артып келе жатқан­дығының бірден-бір көрінісі. 

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы