Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен бюро отырысы өтіп, алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды.
Мәжіліс көші-қон туралы заң жобасын қарайды
612
оқылды

Депутаттар бірінші оқылымда «Қазақстан Респуб­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне оларды Қазақстан Республикасы Конституциясының норма­ларына сәйкес келтіру мәселелері бойынша өзгерістер ме толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарайтын болады. Құжат мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманы конституциялық нормаларға сәйкестендіру мақсатымен әзірленген.

Екінші оқылымда Парламент депутаттары бас­тамашы болған халықтың көші-қоны саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы ұсынылады. Онда кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіс­пеушілігіне қарсы қылмыстары үшін сотталған шетелдіктерге елімізге кіруді және елдің азаматтығын алуды шектеу ұсынылады. Сонымен қатар экстремистік немесе террористік әрекетке қатысы бар шетелдіктердің елге кіруіне тыйым салынады.

Алдағы жалпы отырыста Қазақстан мен Түркия үкіметтері арасындағы халықаралық құрамдастырылған жүк тасымалдары туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасы да қаралады.

Мәжіліс комитеттері қауіпсіз еңбек жағдайларын жетілдіру және жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау мәселелері, сондай-ақ жануарларға жауап­кершілікпен қарау туралы жаңа заң жобаларын жұ­мысқа алады.