Түркістанда «Баскиімдер әлемі» атты көрме ашылды. Көрмеде онға жуық түркітектес халықтың әр заманда киген баскиім үлгілері ұсынылды.
«Баскиімдер әлемі» көрмесі ашылды
968
оқылды

Көрмеде қазақ, қырғыз, өзбек, түрікмен, әзербайжан, түрік және славян халықтарының да ұлттық баскиімдерін көруге болады. Дені – әйелдердің баскиімі. Сонымен қатар көрмеге қатысушылар әр ұлттың баскиімін киіп шығу та­рихымен танысты. Қатты қағаздан жасалған үлгілерін түрлі моншақ­тармен өздері безендіріп көрді. Көрмені ұйымдастырушылардың айтуынша, көрменің негізгі мақсаты – кез келген елде баскиімнің құр­метке лайық екенін көрсету. Ма­мандар ежелгі дәуірде баскиім биліктің символы болғанын айтады. Тек ақсүйек, бай-бағландар ғана биік, сәнді бөріктер мен қалпақтар киген. Баскиімі неғұрлым үлкен, биік болған сайын оның иесінің дәрежесі соғұрлым жоғары болғанын көрсетеді. 

– Музей қорында 14 елдің 50-ге жуық баскиім үлгілері сақталған. Музейдің мамандары қорға түскен баскиімдерді өздері үнемі қалпына келтіріп сақтайды. Үшінші бөлімде көрсетілген халықаралық баскиім үлгілері өкінішке қарай бізде жоқ. Бірақ музей қоры жыл сайын толық­тырылып отырады. Мүмкін алдағы уақытта толығады, – деп пікірімен бөлісті «Ұлы дала елі» орталығының ғылыми қызметкері Ақниет Жарыл­қасын. Сонымен қатар ұйымдастыру­шылар баскиімдер әр жердің өзінің табиғи ерекшелігі мен ауа райына байланысты өзгеріп отырғанын айтады.