Елордада «AMANAT» партиясы Астана қала­лық филиалының ұйымдастыруымен мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай Бәзілжан әулетінің «Сағынышқа оралу» атты кездесу кеші өтті. Кешті Пар­ла­мент Сенаты мен Мәжіліс депутаттары, елор­далық зиялы қауым өкілдері тамашалады.
Өнерлі отбасы тартуы
1,113
оқылды

Әдеби сазды кештің шымыл­дығын Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан ашты.  

«Ақын Думан Бәзілжанұлының бір өзі ғана емес, бүкіл әулеті өнер қонған отбасы. Алтайдың арғы бетінде туып өссе де, қазақтың әдебиеті мен мәдениетіне мол үлес қосқан Думан қазақтың ке­шегі дүлділдерінің отты тұяғының ұшқыны. Арғы бетте жүріп-ақ Отандағы қара сөздің қаймағы болған аға буынмен де, өзінен кейінгі жастармен де шығарма­шылық байланыста бола білді. Өзінің өрісін кеңейткен азамат. Елге оралғанына жыл толған жоқ. Астана төріне қоныс тепкен Бәзілжан әулетіне әрі қарай да шығармашылық табыстар тілейміз. AMANAT партиясының  «Ұлттық мұра» бағдарламасы аясында өт­кен кеш келешекте міндетті түрде жалғасын табатын болады», – дей келе, депутат «AMANAT» партия­сының құттықтау хатын табыс етті. 

Әдеби кешке жиналған қауым ақиық ақын Мұқағали Мақа­таев­тың туған күніне орай ұйымдас­тырылып отырған бұл  кештің жөні басқа екенін айтты. «Ақын Думанның өзі ғана емес, жалпы Бәзілжан әулетін Қазақстанның өнері мен әдебиетіне келіп қосыл­ған үлкен олжа деп айтуға болады. Өнер мен өлең – күллі қазақтың басын бір жерге біріктіретін үлкен күш. Думанның жары Нұрбүбі Нұрымбайқызы да қара жаяу адам емес. Қазақтың күй құдіретінің өкілі. Сондықтан біз мұндай ұлы олжаға қуанамыз», – деді Қазақ­стан Жазушылар одағының мүшесі ақын Сұраған Рахметұлы.

Кешке арнайы келген жас өнер­паздар тамылжыта ән шыр­қаса, Нұрбүбі Нұрымбайқызы орындаған күмбірлі күйі кеш қонақтарын ерекше бір әсерге бөледі.

 Берік БЕК