Ұлыбритания универси­теттерінде оқыған қазақ­стан­дық жастар инновация, мәдениет, ғылым және әлеу­меттік қызмет салаларында өз білімі мен тәжірибелерін қолданып, игі жобаларды ұйым­дастырып жүр. Олар­дың ең үздіктері кеше өткен Study UK Alumni Awards 2023-24 байқауының финалында марапатталды.
Жастардың жарқын жобасы
596
оқылды

Қазақстандағы Британ кеңесі тұрақты түрде ұйымдастыратын бұл іс-шара елімізде төртінші жыл қатарынан жалғасып келеді. Биыл бұл беделді байқауға 43 үміткер қатысқан. 

«Мәдениет және шығарма­шылық» санаты бойынша жеңім­паз болып танылған түлек Камила Лұқпанова – бүгінде мәдениет және білім беру жобаларын басқару бойынша сарапшы. Ка­миланың Алматы кітапханаларын жаңғырту жөніндегі идеясы іске асып, нәтижесінде еліміздің бар­лық аймағындағы кітапхана­лардың қайта құру процесіне негіз болды. Ол ауылдарда пайдалы кеңістіктер (қоғамдық орталық­тар, жаңғыртылған кітапханалар) құруда маңызды рөл атқарады.

«Бизнес және инновация» санатында жеңімпаз атанған Гүлжан Қожабаева – «Қазақ­стандағы тау-кен ісі саласындағы әйелдер» ұйымын құрып, әйел­дердің тау-кен секторындағы рөлін арттыруда және Қазақстан­ды әлемдік индустрия картасына енгізген Орталық Азиядағы ал­ғаш­қы адам. Алдағы уақытта Гүл­жан ресурстарды әділ және эко­логиялық тұрғыдан тиімді бас­қа­руға бағытталған жаһандық ба­ғыт­қа үлес қоса отырып, тұрақ­ты тау-кен тәжірибесін насихат­тау­ды және табиғи ресурстар сек­то­рын­дағы әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейтуді жалғастыруға ниетті. 

«Ғылым және тұрақты даму» санаты бойынша жеңіске жеткен Еркеназ Жолымбаева – уран өн­діру, мұнай және газ жобаларында тәжірибесі бар маман. Ол сарқыл­ған және жаңа ұңғымалардан уран өндіруді ұлғайтумен айналысатын KATCO уран өндіруші компания­сы­ның ғылыми-зерттеу және тә­жіри­белік-конструкторлық жоба­ларының менеджері. Еркеназ ядролық қауіпсіздік пен атом энергиясының маңызы туралы хабардарлықты арттыру арқылы елімізде атом стансасын құруды қолдауды жоспарлап отыр.

Ал «Әлеуметтік қызмет» сана­тының жеңімпазы Халида Әжіғұлованың қоғамдық жұмысы балаларды қорлауға тыйым сала­тын және барлық отандық мек­тепте зорлық-зомбылыққа қарсы ішкі саясатты жүргізуге міндет­тейтін заңнаманы қабылдауға не­гіз болған. Халида Қазақстан­дағы балалардың әл-ауқаты мен қорғалуы туралы тиімді заңдарды қабылдау үшін зерттеу және ақ­параттық-насихаттау жұмыс­тарын жалғастыруда.

Әрбір финалиске сертификат табысталып, жеңімпаздар ерекше кубок пен кәсіби дамулары үшін 2 000 фунт стерлинг көлеміндегі қаржылай грантқа ие болды.