Жетісу облысы орталығының қанаты кеңге жайылып, аумағы үлкейіп, сән-салтанаты артып келеді. Соңғы оншақты жылда Талдықорғанда бірнеше шағынаудан бой көтеріп, сәулетті ғимарат саны артты.
Электр қуатынан тапшылық болмайды
722
оқылды

Соған сай халқының саны да көбейіп, 200 мыңнан асты. Халық санының артуы, өндіріс орындарының қатарға қосылуы, әлеуметтік-мәдени нысандардың жаппай  салынуы инженерлік инфрақұрылымды дамытумен бірге электр мен жылу қуатының әлеуетін күшейтуді де талап етеді. 

Жалпы, Талдықорғанда жылу-электр орталығын немесе стансасын салу мәселесі кейінгі жиырма жылда мезгіл-мезгіл көтеріліп, алғашында келісімдерге қол қойылып, жарыса жарияланғанымен бірде-бірі іске аспай қалған  болатын. Қытайлық инвесторлар «Талдықорған» индус­трия­лдық аймағында облыс орта­лығынан шығарылатын барлық тұрмыстығы бар, өндірістігі бар қатты қалдықтарды отқа жағып, қуат өндіретін орталық саламыз дегенін, тағы бір шетелдік инвес­торлардың да заманауи ЖЭС тұр­ғы­замыз деп құлшынғанын білеміз. Өкінішке қарай, солардың барлығы сиырқұймышақтанып, сөзбұйдаға салынып, ақыр соңында құмға сіңген судай жоғалған. 

Күні кеше осы бағытта кезекті талпыныс тіркелді. Облыстық әкімдікте жаңа жобаны жүзеге асыруға ниет білдіріп отырған инвесторлар және өңір басшысының орынбасары Әсет Қанағатовтың қатысуымен  өткен кездесуде Талдықорған қаласында электр және жылу энергиясын өндіруді ұлғайту мақсатында газтурбиналық станса салу жоспарланып отырғаны мәлім болды.  Облыс үшін аса маңызды жобаға  жеке инвестор 37 млрд теңге қаражатын салмақ. 

Жүздесу барысында облыс әкімінің орынбасары елімізде, соның ішінде Жетісу өңірінде экономиканың елеулі дамуының, өнеркәсіптің өркендеуі  нәтижесінде электр және жылу энергиясына деген қажеттілік өсіп келе жатқанын атап өтті. Соған сай алдағы кезде аталған салада тапшылық болуы әбден мүмкін екенін еске салды. Осыған  байланысты туындауы мүмкін мәселенің адын алу мақ­сатында  «Басқуат Энерго» ЖШС ұсынып отырған газтурбиналық станса салу туралы аса  маңызды жоба облыс әкімдігі тарапынан қолдау тапқан. 

Жоба жайлы кеңінен таныстыру үшін алғашқы сөзді алған «Басқуат Энерго» ЖШС директоры Арман Отарбаевтың айтуынша, Талдықор­ғанда салу көзделіп отырған газтур­биналық стансаға қатысты жоба үш кезеңнен тұрады, барлығы ре­ті­мен жүзеге асырылса келер жылы аяқталады. 

–  Құрылысқа қажетті жер телімі бар, қазір онда  геологиялық-геодезиялық жұмыстар жүргізілуде. Зерттеу жұмыстары аяқталған соң наурыз айының басында бірінші кезеңнің құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз. Биыл мамыр-қазан айларында жобаның алғашқы кезеңі аяқталуға тиіс. Ал маусым-қазан айларында екінші кезеңнің құрылысын да қоса жүргізетін боламыз. 2024-2025 жылғы жылыту маусымына үлгеріп, бастапқы меже – 25 Гкал жылу энергиясын өндіруге бар күшімізді саламыз.  Жоба 2025 жылдың қазан айына дейін толық аяқталады деп жоспарланған, – дейді А.Отарбаев.

Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Қуаныш Сейтімбетовтің айтуына қарағанда, облыс орталығы үшін орны бөлек  жобаға байланысты әкімдікте бірнеше отырыс өткізілген, солардың нәтижесінде құрылысқа қажетті жер телімінің нысаналы мақсатын өзгерту мәселесі оң шешіліп, «Басқуат Энерго» ЖШС-ның «Басқуат» бас қазандығымен өзара бірігіп жұмыс істеуі туралы келісімдер жасалған. 

Жиын барысында Облыстық энергетика және Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Айдос Бекетаев «Басқуат Энерго» ЖШС-ның жобасына және Текелі қаласы мен Ескелді ауданының табиғи газға қажеттілігін тиісті көлемде қамтамасыз ету үшін «Талдықорған» АГРС-ның қуатын арттыру  қажеті туындайтындықтан, аталған АГРС-ке жаңғырту жұмыстарын жүргізуді ұсынды.

Былтырғы жылдың қорытынды­сына сай, облыстағы жалпы эко­номиканың, соның ішінде өндіріс пен құрылыс сияқты негізгі сала­лардың қарқынды өсуіне байланысты энергияға деген сұраныстың артуы, энергетика нысандарындағы жабдықтардың тозуы, резервтік сыйымдылық қорының шектеулілігі бұл салаға дәл қазіргі кезде жанды қолдау, қомақты қаржы қарастыру қажетін алға тартады. Әлеуметтік маңызы да зор саладағы шешімін күткен шетін мәселелерді кейінге қалдыра беруге болмайды. Оның соңы орны болмас зардаптарға соқтыруы әбден мүмкін. Сондықтан шұғыл шаралар қажет. Осыған байланысты энергетика тапшылығы­ның алдын алу  едәуір көлемде ин­вес­тиция салуды қажет етіп отыр­ғандықтан, газтурбиналық станса салу жобасының Жетісу өңірі үшін маңызы зор. Атап өтсек, жобаны жүзеге асыратын «Басқуат Энерго» ЖШС жаңа нысан салу барысында 3 газ-поршенді турбина, екі газ турбинасын, 4 кәдеге жара­тушы қазандық орнатады. Жобаны іске асыру негізінде жалпы көлемі 80 мВт электр энергиясын, 100 Гкал жылу энергиясын өндіру көзделген. Бұл өз кезегінде Талдықорғанды жылу энергиясымен қамтып отырған «Басқуат» қазандығының қолда­ныстағы жылу беру жүйесінің қуатын арттыруға үлкен ықпал етпек. Жобаның құны – 37 млрд теңге.

Болат АБАҒАН,

Жетісу облысы