Ең алдымен, ел тұрғындарының отбасылық-некелік қатынастарға деген көзқарасы өзгерген. Яғни, шаңырақ құратын жастың ұлғаюы, некеге дейін бірге тұру, үйлене сала ажырасу, сәби сүюді кейінге ысыру және тағы да басқа себеп көп.
Экономикалық зерттеулер институтының зерттеуінше, егер 2012 жылғы демографиялық көрсеткіште жігіттер орта есеппен 26 жасында үйленген болса, 2022 жылғы көрсеткіш – 28 жас. Осыдан келіп, тұңғышын өмірге әкелетін ананың орташа жасы 25,5 жасқа (Астана мен Алматыда – 27 жас) жетіп отыр.
2021 жылғы халық санағының нәтижесіне қарасақ, баласы бар әйелдер арасында 22,7% (1 180 834 адам) ешқашан тұрмыс құрмағаның көрсеткен. Оған қоса, пандемия кезеңіндегі «демографиялық дүмпу» басыла бастаған. Мәселен, былтыр қаңтар-қыркүйекте туудың жалпы коэффициенті
1 000 адамға шаққанда 19,5 көрсетсе, 2022 жылдың осы кезеңінде ол көрсеткіш 1 000 адамға 20,4 болыпты. Санақ жүрген жылы сауалнамаға қатысқан 2002-2026 жылдары туған 15-19 жас аралығындағы қыздардың 27,1%-ы «келешекте неше баланы өмірге әкелуді қалайсыз?» деген сұраққа 1 бала деп жауап берген. Ал 31,8%-ы – екі бала, 17,1%-ы – үш, 16,9%-ы төрт бала жоспарлайтынын айтса, 7,1%-ы «бес немесе одан да көп» деген жауапты таңдапты.
Сонымен, биылғы 1 қаңтардағы есеп бойынша халық саны – 20 033 546 адам. оның ішінде 12 451 004 адам қалада, 7 582 542 адам ауылда тұрады. Былтыр елімізде 387 991 бала өмірге келсе, 2022 жылғы көрсеткіш – 403 500 бала.
Экономикалық зерттеулер институтының жетекші сарапшысы Шынар Төлешова туу көрсеткішінің төмендеуі еңбекке қабілетті жастағы халықтың азаюына әкелуі мүмкін екенін айтады. «Көптеген дамыған елдерде туу деңгейі төмендегендіктен еңбек ресурсы тапшы, олар сырттан мигранттарды тартуға мәжбүр. Осыған байланысты, үшінші демографиялық ауысу теориясы – ел халқының дамуының ерекше кезеңі пайда болды. Нәтижесінде, халық санының, этникалық құрылымының өзгеруіне және тұтастай алғанда елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына көші-қон әсер етеді», – дейді сарапшы.
ЖҰРТТЫҢ БАЛАСЫ ҚАЛАЙ ӨСІП ЖАТЫР?
Демографиялық жағдай туралы сөз қозғаған кезде көрші елдердің көрсеткішіне де көз салып қойған жөн секілді. Себебі шекарамыздың сыртында халық саны көп, экономикасы әлеуетті мемлекеттер орналасқан. Алдымен алып Қытайдан бастайық, 2024 жылдың қаңтарында аталған ел тұрғындарының саны 1 млрд 409 млн адамды құрады. ҚХР Мемлекеттік стастистика басқармасының дерегінше, соңғы үш жылда халықтың өсу қарқыны 10 есеге дейін қысқарған. Оған туу көрсеткіші коэффициентінің азаюы мен қартаю үдерісінің жылдамдауы әсер етіп отыр. 2023 жылы Қытайдағы туу көрсеткіші 1978 жылғы деңгейге дейін құлдырап, 1 000 адамға шаққанда 6,39 коэффициентті көрсеткен. Бір жыл бұрын (2022 жылы) ол – 6,77 болды. Ал өлім-жітім көрсеткіші 1000 адамға 7,37 коэффициентті құраған. Пандемия жайлаған кезеңде ҚХР-да ковидтен 10,41 млн қайтыс болыпты. Десе де, Қытай – әлемдегі халқы аса тығыз орналасқан мемлекеттің бірі. Елдегі тұрғын санына шаққанда орта есеппен 1 шаршы шақырымға 153 адамнан келеді.
Солтүстіктегі көршінің де демографиялық ахуалы мәз емес. Росстат мекемесі 2050 жылға қарай Ресейдегі халық саны қазіргі 146 млн көрсеткіштен 133 млн адамға дейін қысқарады деп болжам жасап отыр. Егер елдегі жағдай оңалмаса, РФ тұрғыны көп топ-10 мемлекеттің қатарынан төменге сырғып, туу көрсеткіші қарқынды жүріп жатқан Конго, Эфиопия, Мексика секілді елдерге жол береді. Мәселен, Эфиопияда қазір халық саны 122 млн болса, БҰҰ-ның божауынша, 2050 жылға дейін 213 млн адамға жетпек. Конго халқы қазіргі 97 млн-нан 215 млн-ға, Мексиканың межесі 127 млн-нан 144 млн-ға жетеді деп күтіліп отыр.
Ресейде 2007-2025 жылдарға арналған Демографиялық саясат тұжырымдамасына (ана капиталы, жеңілдігі бар ипотека, ЭКҰ, декрет кезінде тегін оқыту, т.б.) қарамастан туу коэффициенті жоғарылмай келеді.
Айналамыздағы халық саны жоғары елдердің үштігіне кіретін Өзбекстанда ғана табиғи өсім қалыпты. Былтыр бұл мемлекетте халықтың табиғи өсімі 789,19 мың адамға жеткен. 2024 жылғы 1 қаңтардағы дерекке сүйенсек, Өзбекстандағы халық саны – 36 млн 799,8 мың адам. Былтыр республикада 283 808 неке қиылса, ажырасу көрсеткіші 49 198-ді құрапты.
Ал Қазақстандағы көрсеткішке келсек, 2023 жылдың 9 айында 90,3 мың неке тіркелсе, ажырасқандар саны – 12,4 мың. Айта кетейік, Wisevoter платформасының 2022 жылы жариялаған дерегінде Қазақстан ажырасу көрсеткіші бойынша 114 мемлекеттің ішінде 16 орынға шыққан болатын.
Дегенмен елдегі жалпы демографиялық ахуалдың сипатына қатысты көзқарас та, пікір де әр алуан. Біз хабарласқан мамандардың тақырыпқа қатысты жауабы төмендегіндей болды.
Алтын УАЛТАЕВА,
Ш.Уәлиханов атындағы
Тарих және этнология институтының
жетекші ғылыми қызметкері, профессор:
ТУУ КӨРСЕТКІШІ ТҰРМЫСТЫҚ ЖАҒДАЙҒА ТӘУЕЛДІ
– Қазақстанда 1991-2000 жылдар аралығында туу көрсеткіші өте төмен болды. Ол 2006-2008 жылдардан бастап өсе бастады. Туу көрсеткішінің ең жоғарғы шыңы 2022 жылы тіркелді. Бұл – 1991 жылдан бергі уақыт ішіндегі жоғарғы меже. Біріншіден, пандемия кезінде халық жаппай үйде отырды, жұбайлар бір-біріне өте жақын болды. Адамдар балаларымен, жұптар бір-бірімен тығыз араласып, Отбасылық институт жұмысының берік болуына жағдай туды. Яғни, 2020-21 жылдардағы пандемия кезеңіндегі осындай жағымды жағдай нәтижесі 2022 жылы көрініс тапты. Одан кейін бұл көрсеткіш біртіндеп қайта төмендеп келе жатқанын байқаймыз. Ең жоғарғы туу көрсеткіштері – Маңғыстау, Түркістан облыстарында және Шымкент қаласында. Жалпы, оңтүстік аймақтарда көрсеткіш жақсы. Ең төменгі көрсеткіш – СҚО-да.
Туу көрсеткішінің коэффициентіне келсек, 2022 жылдың бірінші жартысында 1 000 адамға 19,84 бала дүниеге келді. Ал 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында бұл көрсеткіш 19,20 болды. Дегенмен өлім-жітім көрсеткіші азая бастаған. Егер 2022 жылы 1000 адамға шаққанда 7,11 болса, 2023 жылы 6,44 болды. Яғни, өлім-жітім көрсеткішінің азаюын көреміз.
Халық саны өсіп жатыр, неге туу коэффициенті төмендейді деген заңды сауал туатыны рас? Тұрғын саны тек туудың есебінен өспейді. Мәселен, 2023 жылдан бастап өлім-жітім деңгейі азайды. Көші-қон ағыны байқалып отыр. Халық саны осындай есептерден құралады. Ал оның барлығы репродуктивті жастағы адамдар емес қой. Сондықтан егер туу коэффициенті тұрақты түрде төмендей берсе, бұл міндетті түрде республика халқының жалпы санның азаюына әсер етеді. Туу көрсеткіші неге азайып жатыр? Біріншіден, табиғи өсім көрсеткіші төмендеген. Екіншіден, өлім-жітім жоғары. Үшіншіден, миграция көрсеткіші ұлғайған.
Туу көрсеткішінің азаюына қала тұрғындарының көбеюі де себеп. Ауылдық жердің тұрғындарына қарағанда қалалықтар жағдайға бейімделгіш болады. Қалада пәтер қымбат, азық-түлік бағасы жоғары. Егер қалаға көшіп келген жас отбасының басында баспана болмаса баланы жоспарлауды да тежейді. Қалада табыстың көп бөлігі шығындарды төлеуге кетеді, қазір әйелдер жұмысбасты. Әсіресе, қалалы жерде еңбек нарығына ілесу, қосымша білім алу, қосымша ақша табу деген талаптар көбейген. Сол себептен туу көрсеткіші азайды.
Ал ауылдарға келсек, ауылда да осындай әлеуметтік-тұрмыстық мәселе бар. Айта кету керек, көпбалалы отбасылар ауылдық жерлерде тұрады. Жастардың көбісі қалаға кетіп жатыр. Мақсат – жалақысы жоғары жұмысқа орналасу, білім алу, ата-аналарына материалдық көмек көрсетуге деген ұмтылыс. Осының бәрі, әсіресе жастардың қалаға қоныс аударуына ықпал етеді.
Үшіншіден, ажырасу саны көбейген. Қазіргі күні әйелдердің көбісі өзін-өзі қамтамасыз ететін болған. Яғни, олар эмансипацияланады, экономикалық тұрғыдан тәуелсіз. Бірақ оны қабылдау әр отбасында әрқалай. Ер адамдар өз позициясынан бас тартқысы келмейді де келіспеушіліктер орын алады. Сондай-ақ қаржылық-экономикалық жағдай, тұрғын үй проблемалары ажырасуға әсер етеді.
Тағы бір проблема – инфрақұрылыммен қамтамасыз ету деңгейінің төмендігі. Қазір мектепке дейінгі мекемелердің ішінде саннан қарағанда сапа төмен. Жұмыс істеп тұрғандардың барлығы бірдей балабақша емес, шағын орталық, кейбірі – мектеп ішінде отырған орталықтар. Яғни, өз ғимараты жоқ. Қызмет сапасы да төмен.
Қазақстанда 1991 жылға дейін мектепке дейінгі мекемелермен қамту көрсеткіші өте жоғары болды. 1991 жылдан 2010 жылға дейін бұл сала құлдырауды бастан кешті. Балабақшалар жабылып қалды, жекешелендіріп кетті. Сонымен қатар Кеңес үкіметі кезінде 3 жасқа дейінгі балалардың қамтылу көрсеткіші де жоғары болды. Қазір 3 жасқа дейінгі балаларды балабақшамен қамту көрсеткіші аз, орын жетіспейді. Балабақшалар кішкентай деп алмайды. Осының барлығы ата-ананың көңіл күйіне, күнделікті тұрмыстық жағдайына кері әсер етіп, жастар бала туу жоспарын шегере түседі.
Ержан МЫРЗАБАЕВ,
«Отбасы академиясы» қоғамдық бірлестігінің
директоры, педагог-психолог:
ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫ БӘРІНЕН БИІК ТҰРУҒА ТИІС
– Жалпы, отбасын құрған кезде асығыстық қажет емес. Себебі бас кезінде жас адамның бойында эмоция басым болады. Түрлі қателіктер болуы мүмкін. Екіншіден, ұзақ жүріп қалу да дұрыс емес. Ол адамның психоэмоционалды-физиологиялық қажеттіліктерін ескере отырып, қабылданатын шешім. Ең маңыздысы, психологиялық тұрғыдан есею, жауапкершілік ала білу. Сонымен қатар тұрақты жұмыс орнының болуы маңызды. Отбасын құрамын деген адамға осы критерийлер жеткілікті.
Егер «алдымен жағдайымды жасайын, өмірдің қызығын көріп алайын» деген секілді оймен жүре берсеңіз, нәтижесі кейін жұп құрған кезде отбасылық институтқа кері әсер етеді. Өйткені отбасылық өмірге дейін көп қыдырған ерлі-зайыптыларда, әсіресе ер азаматтарда әйелімен қарым-қатынаста белгілі бір тұрақтылыққа икемделуде проблемалар туындайды. Сондықтан барынша ерте үйленген әлдеқайда абзал.
Біз демографиялық өсімді көздеген кезде сапалы ұрпақты қалауымыз керек. Саны бар, сапасы жоқ болатын болса, әрбір бала әлеуетті проблемаға айналады. Мәселен, бүгінгі педофильдер, отбасында түрлі зорлық-зомбылық әрекет жасайтындар, ұрлықшылар – олар да бала болды ғой. Әрине, олар да демографиялық өсімнің жемісі. Бірақ уақытында ата-анасы дұрыс көңіл бөлмегендіктен, дұрыс тәрбие берілмегендіктен осындай жағдайға түсіп жатыр. Сол себепті адам баласының ең басты парызының бірі – толық отбасы институтын құру. Біз өмірге әкелген әр баламыз он балаға, жүз балаға татитындай сапалы білім, тәрбие беруіміз қажет. Соған байланысты жауапкершілік арқалауымыз керек.
Пандемия кезінде көпбалалы отбасылардың аналарын көрдік. Барлығы әкімдік жағалап, министрлік алдына жиналып, «төрт балам бар, бес балам бар, асырай алмай жатырмын» деп шу көтерді. Бір жағынан, баласын «асырай алмай жатырмын» деген ата-ана ұрпағына қаншылақты тәрбие бере алады? Қаншалықты сапалы білім алуына жағдай жасай алады? Осындай түйткілді мәселелердің барлығының біздің әлеуетті ұрпақ, сапалы адам тәрбиелеп шығумызға үлкен әсері бар. Толық емес отбасында өсіп жатқан баланың көбеюі – бұл қауіпті үрдіс деп ойлаймын.
Аяулым САҒЫНБАЕВА,
демограф:
ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ ТҰЖЫРЫМДАМА ҚАБЫЛДАУЫМЫЗ ҚАЖЕТ
– Туу көрсеткіші азаяды дегенде, ол бірден күрт түсіп кетпейді, біртіндеп азаю процесі жүреді. Өйткені 1987-1989 жылдары дүниеге келген әйелдердің әлі де репродуктивті әлеуеті жоғары. Осы жастағы келіншектер кезекті баласын дүниеге әкелу ойларын жүзеге асырады деген болжам бар. Мәселен, 1989 жылғы әйелдер биыл 35 жасқа келді, олардың әлі де әлеуеті жоғары. Олар әлі де 1 немесе 2 баланы дүниеге әкелуі мүмкін. Яғни, алдағы 5-6, тіпті 10 жыл деп алайық, күрт төмендеу бола қоймайды. Дегенмен отбасының әлеуметтік-экономикалық жағдайы деген бар. Екінші мәселе – құндылықтар. Ол шаңырақта отбасылық құндылық қаншалықты жоғары сақталып отыр? Осы жағдайларды біз әлі білмейміз. Өйткені арнайы зерттеулер болған жоқ. Сондықтан туу көрсеткішіне осындай жағдайлар да әсер етуі мүмкін.
Тағы бір әсер ететін фактор – әйелдердің еңбек нарығына енуі және білім алу мәселесі. Қазір белсенді репродуктивті әлеуеті жоғары жастар – 1990 жылдардың аяғында өмірге келгендер. Естеріңізде болса, ол жылдары елімізде туу көрсеткіші ең төмен кезең болатын. Сәйкесінше, 90-жылдардың аяғында туған қыздардың саны да аз деген сөз. Әрине, бұл ретте интенсивтілік төмендеуі мүмкін.
Біздің елде баланы дүниеге әкелуге шектеу жоқ. Дегенмен біз тууды жоғары деңгейде ынталандыру шараларын да қабылдаған жоқпыз. Демографиялық дамудағы басты мақсатымыз – осы, осындай мәселелерді шешуіміз керек дегендей арнайы демографиялық тұжырымдама жоқ. Әрине, денсаулық сақтау саласында, әлеуметтік қорғау саласында белгілі бір қолдау түрлері бар. Бірақ оларды бір ізге түсіріп, тұтас тұжырымдама ретінде бағдарлама қабылдаудың уақыты келген секілді. Таяуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында әлеуметтік сала мәселелеріне айрықша мән берілді. Президент азаматтарға әлеуметтік көмек пен қолдау механизмдерін толық қайта қарау қажет екенін атап көрсетті. Бәлкім, осы тапсырманың аясында арнайы демографиялық тұжырымдама қабылдаған жөн болар деген ойдамын.
Бізде шешілмей келе жатқан инфрақұрылым мәселесі бар. Жас аналар, қыз-келіншектер балалы болған соң оларды дәрігерлік тексеруге, балабақшаға тасиды. Қоғамдық көліктің жетіспеуі, медициналық мекемелердегі ұзын-сонар кезекте тұру әйелдерді қажытып жібергендіктен, олар келесі баласын туу жоспарын кешіктіре түседі. Мұндай мәселелердің барлығы біздің демографиялық саясаттың тікелей іске асуына тікелей кері әсер етеді.
Сондай-ақ айта кетер тағы бір жайт, халық санағында «Неке және отбасы» деген статистикалық жинақ бар. Сол жинақта 1 млн 180 мың әйел тұрмысқа шықпай бала туғаны жазылған. Бұл үрдісті қоғам қалай қабылдайды, қандай көзқарас болуы мүмкін. Айта кетейік, Қазақстанда шамамен 100 қызға шаққанда 106 ұл бала дүниеге келеді. Бірақ ер балалардың саны тез азаяды. Оған бала өлімі көрсеткіштері, бозбалалық кезеңдегі түрлі жағдайлардан қаза табу, жол-көлік оқиғасы және тағы басқа себептер әсер етеді. Яғни, репродуктивті жасқа жеткен кезде әр әйелге ер-азамат жете бермейді. Өздігінен баланы өмірге әкеліп жатқан әйелдердің арасында да арнайы әлеуметтік сауалнама жүргізген жоқпыз. Сондықтан нақты бірдеңе айту қиын. Ауыр аяқ болып қалып, ер бала үйленуден бас тартуы мүмкін. Негізінен, қыздар кейінгі келешегінен қауіптеніп, түсік жасатпай, баланы өмірге әкеледі. Әркімнің өмірлік оқиғасы әртүрлі. Оған араласып, кесім айту да этикалық тұрғыдан дұрыс емес деп ойлаймын. Олар да демографиялық өсімді беретін әлеуметтік топ санатына жатады.
Бауыржан БАЗАР