Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Egemen Qazaqstan газетінде жариялаған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында «ХХІ ғасыр – білім мен біліктің дәуірі.
Технология мен тәжірибе ұштасқан алаң
596
оқылды

Әр адам өзін үздіксіз жетілдіріп, жаңа кәсіптерді игеріп, үнемі заман ағымына бейімделу арқылы ғана бәсекелестік қабілетін арттыра алады. Білім мен технология, жоғары еңбек өнімділігі ел дамуының басты қозғаушы күші болуға тиіс», – деп атап өткен болатын.

Осыған орай, жаңа ғасыр қоғамын қайта құру жағдайында Халықаралық инженерлік-технологиялық универ­­­ситеті білім беру саласындағы басты міндеттің бірі – ұлттық ерекшеліктерді ескере отырып, жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру ісін дамыту және жетілді­руді басты мақсат етіп келеді. Соған байл­анысты Халықаралық инже­­­­нерлік-техникалық университетінде көптеген іс-шара іске асырылуда. Со­ның бірі – «Инженерлік білім беру сапасын арттыру жағдайында оқы­­­тудың үлгілері мен әдістері» атты оқу-әдістемелік конференция өз мәресіне жетті.

Бұл шараның аясында жоғары білім беру әдістемесі, білім беру қызметі са­­пасын бұдан әрі жақсарту, жаңа IT пәндерін енгізу, бизнес процестерді цифрландыру мәселесі және т.б. жө­­нінде конференцияға қатысу­­­­­­шы­­­­лар­дың баяндамасы тыңдалды. Кон­­­­­фе­­­рен­­­­цияны алғаш құттықтау сөзімен ашқан Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінің рек­­торы Гүлнәр Сәрсенбекова: «Білім сапасын арттыруды мақсат ететін, дәс­түрлі жылда өтетін оқу-әдістемелік кон­­­ференцияда инженерлік білім беру сапасын арттыру бойынша «Блокгчейн технологиялары», «Цифр­лық валюта», «Жасанды интеллект» пән­­­­дерін оқы­­­­­тудың үлгілері мен әдіс­­­­те­рі талқыға са­­­­лынады. Бұл тек уни­­­вер­­ситеттің ғана емес, отан­­дық инженерлік сала­­­ның дамуына оң ықпал әкелуге мүм­кіндік беретін алаң. Ғалымдар, тә­жірибелі оқытушылар мен жұмыс бе­рушілер өз зерттеулері мен тәжіри­­­бесіне сүйене отырып, саладағы тың жаңалықтарды көпшілікке хабардар ететініне күмәнім жоқ. Әлбетте, мұн­­дай басқосулар са­палы маман дайын­дауға жол ашады деп сенемін», – деді. 

Конференция барысында әртүрлі бағытта маңызды да өзекті, жаңа та­­қы­рыптар қамтылып, қызықты һәм тың тұжырымдар айтылды. Баянда­­­­ма­­шы­­­лардың өз тақырыбы бойынша бер­­­­ген ақпараты инженерлік білім беру сала­­­сынан бірталай мағлұмат беріп, соңы пікірталасқа ұласты. Атап айт­­­­қанда, жаңа халықаралық бағдар­ла­­маларды оқу процесіне енгізу тұрғы­­­сында оқу жүйесіне білімді баға­лау бойынша халықаралық әдісті енгізу қолға алын­ғаны және халықаралық бағдарла­­­­­маларды тәжірибеге ұластыру жөнін­­дегі нәтижемен бөлісті. Бір сөзбен айтқанда, әлемнің озық оқу орын­дарымен қарым-қатынас орнатудың арқасында тәжірибе алмасу жағын да­­­мытуды арттыру керегі айтылды. Ал Ха­­­­лықаралық инженерлік-техно­­­­­ло­­гиялық университеті ректорының ака­­­­де­миялық мәселелер және өнді­­­­­­рістік тәжірибе жөніндегі проректоры Ақ­­панбетов Дархан Берікұлы оқу бағдар­­ла­масының бәсекеге қабілеттілігі мен инженерлік білім беру сапасын арт­­тырудың тиімділігі жөнінде маңызды ақпараттарды ортаға салып, бұл бағдар бойынша алдағы уақытта атқарылатын жұмыстың жаңа бағыттарын атап өтті. Жасанды интеллекті, «шығармашылық жоба» пәнін енгізу, блокчейн техно­­логиясының инновациялық мүмкін­­­дігі, білім сапасын сандық технология көмегімен көтеру жайы да сөз болды. Нәтижесінде, инженерлік-техно­ло­­­гиялық мамандарды даярлау бағы­­­­тын­­­дағы өзекті жаңалықтар сараланып, арнайы қаулы қабылданды. 

Білім беру бағдарламасы жыл сайын серіктес жұмыс берушілермен бірге жасалады. Дәріс оқу, тәжірибелік-зерт­ханалық жұмыс жүргізу, диплом және магистрлік диссертация жұмы­сына жетекшілік ету, сондай-ақ қоры­тынды аттестация жөніндегі комиссия құра­мына енгізу үрдісін күшейтілу қарас­тырылған. Яғни, бизнес өкілдері және жұмыс берушілермен «Блокгчейн тех­нологиялары», «Цифрлық валюта» пәндері бойынша оқу жоспары ке­лі­сіліп, оған блокгчейн техно­логия­­ла­рымен жұмыс істей алатын тәжіри­­­бесі бар қызметкерлерді тарту көзделді. Тіпті, шарада сөз алған «Ұлттық банк­­тің ұлттық төлем корпорациясы» АҚ Ақпараттық қауіпсіздік басқар­­­масы­­­ның бас қызметкері Ұ.Тұнлықбаев «Цифр­лық валюта» пәндері бойынша дәріс беруге дайын екенін жеткізді. 

Ең бастысы, студент пен жұмыс бе­­руші арасында тығыз байланыс орнату үшін оффлайн, онлайн дәріс оқу фор­­маты мен кәсіпорындарда тәжірибе алмасу жұмысын ұйымдас­тыру да на­­­­­зардан тыс қалмады. Университет 2024-2025 оқу жылына қабылданатын студенттер үшін жаңартылған білім беру бағдарламасына «Жасанды интел­лект» пәнін енгізуді жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, шет тілін оқыту үдерісінде лингвистикалық коучинг тәсілін зер­делеу және қолдану, жаңа оқу жы­­­­­­­­­­­лын­да «Шығармашылық жоба» пәнін оқыту моделін таңдау ретінде пайда­­лану, кафедралар осы пәнді оқу про­цесіне енгізу үшін өздерінің ұқсас үлгілерін әзірлеуде.

Сапалы білім – жарқын болашақ кепілі. Бұл тұрғыда Халықаралық инженерлік-технологиялық универ­­­ситеті оқытушылардың тәжірибесін ескеріп, жаппай ашық онлайн курстар­­дың тізімін әзірледі. Яғни, курс мате­­­риалдары қолданысқа енгізуге дайын болса, сапалы білім беру мазмұнын құру үшін қажетті бағдарламалық және заманауи техникалық құралдармен толыққанды жабдықтау аяқталуға жа­­­қын. Әрине, бұл ғылыми зерттеу­­­лердің нәтижелерін университеттің оқу про­­цесіне белсенді түрде енгізуге, биз­­­нес-процестерді цифрландыру арқылы жазғы сынақ сессиясын жаңа форматта өткізуге септігін тигізбек. Ал жоғары бі­лім мен ғылым саласын ұштастырып, шәкірттерге терең әрі сапалы білім беруді мақсат еткен көшбасшы оқу орны инженер маманын дайындау ісінде жаңа деңгейге көтерілді.

Айжұлдыз МЕРЕЙҚЫЗЫ