«АMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалының мүшелері мен «Жастар рухы» ЖҚ белсенділері Қарасай ауданындағы бірқатар колледж жатақханасын тексерді.
Алматыда сапасы сын көтермейтін жатақхана көп
1,106
оқылды

Мониторинг барысында студенттер баспанасының сапасы сын көтермейтіні анықталды. Бірінде интернет жоқ болса, енді бірінде білім алушылар көнерген көрпе-жастықты жастанып жатыр.

Партиялықтар 1986 жылы пайдалануға берілген Санжар Жандосов атындағы Қаскелең кәсіптік техникалық колледжіне мониторинг жүргізді. 300 орынға негізделген Студенттер үйі 38 жылға жуық уақыт күрделі жөндеуден өтпеген. Бүгінде мұнда 50-ге жуық студент тұрып жатыр.

«7 мамандық бойынша 600-ге жуық шәкіртке кәсіптік білім беретін іргелі мекеменің жай-күйі сын көтермейді. Жатақхана қабырғасының сылағы түсіп, ас үй мен тазалық бөлмелерінің тозығы жетіп тұр. Су жүйесінің де жағдайы нашар. Оған қоса қаланың қақ ортасында орналасқан білім ордасы интернет желісіне де қосылмаған», – деді Алматы облыстық мәслихат депутаты, өңірлік «Жастар рухы» ЖҚ төрағасы Әсел Заирова.

Ал колледж директорының айтуынша, білім ордасында интернет бар, тек жылдамдығы нашар.

«Интернет жылдамдығы өте төмен. Сондықтан іске қосылмай тұрған шығар. Жаңартуды қажет ететін заттар аз емес. Ғимаратты күрделі жөндеуден өткізуге көптен бері өтінім беріп келеміз. Алайда қаржы қарастырылмай жатыр», – деді колледж директоры Рүстембек Бәкіров.

Сондай-ақ мониторниг тобы Қаскелең мәдениет колледжіне де барды. Мұндағы студенттер үйі 55 жыл бұрын салынған. 2014 жылы күрделі жөндеуден өткен. Дегенмен электр жүйесінде қауіпсіздік талаптары сақталмаған.

«Студенттер лас төсенішке жатуға мәжбүр. Біз барған қос мекеменің мүшкіл жағдайы көптен бері айтылып, көтеріліп келеді. Білім басқармасына депутаттық сауал да жолданды. Өкінішке қарай әлі күнге дейін жауап жоқ», – деді Ә.Заирова.

Алдағы уақытта аманаттықтар өңірдегі орта арнайы оқу орындарындағы жатақханаларға мониторинг жүргізеді.