Тұрмағамбет Ізтілеуовтің ең алғаш баспадан шыққан кітабы табылды. Құнды мұраны ауылдастары ақынның атындағы мектептің мұражайында сақтаған. Әріптері ескі машинкамен терілген екі томдық кітап – әйгілі Фирдауси «Шахнамасының» бір бөлігі.
Тағылымы мол көне кітап
753
оқылды

Тұрмағамбет ауылындағы мек­теп жанында «Сыр елі – жыр елі» атты музей бар. Жүз ақын туған ауылдың тарихымен осы жерде таны­суға болады. Ұлттық өнерге қа­тысты жүздеген жәдігер отыз жылдан бері осында жинақталып, кейінгі буынның назарына ұсы­ныла­ды. Соның ең құндысы – Фирдаусидің «Шахнама» дастаны­ның аудармасы.   

– Тұрмағамбет ақын репрес­сияға ұшырағаннан кейін бұл кітап «Шахнаманы» жұбайы Биға әжеміз сақтап, оны жер астына көміп, бізге дейін осылай жеткіз­ген екен. Бізге бірінші көшірмесі берілген. Бірінші кітабы – «Жәм­шитнама», екінші кітабы «Дарап­нама» деп аталады. Оны Тұрмағам­бет ақынның баласы өз қолымен бер­ген болатын, – дейді музей мең­герушісі Айымжан Бектасова.

65 жыл бойы сақталған бұл баға жетпес мұраны облыстық сирек кітаптар қорына бірнеше рет сұ­рат­қан. Бірақ ауыл үлкендері ұлы шайырдың туған жерінде көне кіта­бы болу керек деп шешкен. Ғылыми ізденістеріне мәлімет алу үшін кейбір ғалымдар Тұрмағамбет ауылын іздеп те келеді.  Мыңдаған жолдан тұратын бұл әйгілі шығар­маның қазір аудио нұсқасы да бар. Дегенмен ең алғашқы көшірмесі 1959 жылы баспадан шыққан екен. Мамандардың айтуынша, Тұрма­ғамбет Ізтілеуов 30 жыл бойы жа­зыл­ған осы «Шахнаманы» небәрі бір жылдың ішінде аударып шық­қан. 

Мұражайда алғаш баспадан шыққан кітаптан бөлек, ақынның шапаны, көзілдірігі, сиясауыты мен кездігі де бар. Ұлттық өнерді ұлықтаған ұстаздар сөз шеберінің тұтынған бұйымдар мен рухани мұрасы ауыл жастарына шабыт береді. Ақын Тұрмағамбеттің қазір бізге жеткен жәдігер ретінде де, артында қалдырған өзінің рухани байлығы ретінде де ұрпақтары оның жырларымен сусындап өсетіні анық. Тұрмағамбет ауы­лын­да текті өнерді жалғастырушы жастар көп. Ақын атымен атала­тын мектепте 349 бала білім алса, соның 170-і қос ішекті аспаптың құлағында ойнайды екен. Жыр­шы­лық өнер – өміршең қазына де­ген осы болар.

С. БЕГІМБАЕВА