Биыл өтетін 60-шы Венециялық өнер биенналесінде Қазақстанның павильоны болады. Көрмеге отандық бірнеше суретшінің туындылары қойылады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, Венецияда Jeruiyq деген атаумен еліміздің заманауи сурет өнері туындылары ұсынылады.
Венеция биенналесінде – қазақ суретшілері
840
оқылды

Jeruiyq – ізденіс пен жол мета­форасы туралы қазақ аңыздарынан алынған утопия. Экспозиция­лар­дың бағыты – футуристік. 

«Венециялық биенналеге қа­тысу еліміз үшін өте маңызды, өйт­кені ол халықаралық деңгейдегі беделді іс-шара. Қазақстанның өз павильоны болады, біз оны жалға аламыз. Бізді демеушілер, меце­наттар қолдап отыр, шығындардың негізгі бөлігін солар жабады. Бюджеттен қаржы қарас­тырыл­маған, министрлік көрмеге қатысу­ды ақпараттық және басқа жолдар­мен қолдайды», – деді көрме кураторы Данагүл Төлепбай 60-шы Венеция өнер биенналесінде Қа­зақ­станның көрмесін ұйымдас­тыруға орай өткен баспасөз мәсли­хатында. Екі жылда бір өтетін ха­лықаралық көрмеге еліміз ресми екінші жыл қатысқалы отыр. 

«2000 жылдардың басында Қазақстанда заманауи өнер аса жоғары деңгейде болмады, қазір бізде тәжірибе жеткілікті. Отандық суретшілердің кейінгі буыны шетелде білім алып, халықаралық деңгейдегі көрмелерге қатысып жатыр. Қазір біз мәдениетімізді көрсету үшін шетелдік әріптес­тері­мізге жүгінбей-ақ өзімізді ұсынуға дайынбыз», – деді көрменің тағы бір кураторы Әнуар Мүсірепов. 

60-шы Венециялық өнер биенналесінде қазақ сурет өнерінің көрмесі биыл 20 сәуір мен 24 қара­ша айы аралығында өтеді. Оған отандық суретшілер Камиль Мул­ла­шев, Ерболат Төлепбай, Сәкен Нарынов, The2vvo тобы (Лена Поз­днякова, Эльдар Таги), Сергей Мас­лов және Әнуар Мүсіреповтің туындылары қойылады. 

С. БЕГІМБАЕВА