Таяуда Талдықорғандағы «Самал» шағынауданында «Жарық» атты жаңа форматтағы үшінші әлеуметтік дүкен ашылды.
Әлеуметтік дүкен көңілден шықты
751
оқылды

Жаңадан ашылған сауда орны алдыңғы әлеуметтік дүкендерге қарағанда әлдеқайда кең әрі жайлы екен және мұнда әлеуметтік маңызы бар тауарлар нарықтағыдан 15-20% төмен бағада ұсынылуда. Алғашқы күні тұтынушы көп болды. Бағаның да көңілдерінен шыққанын айтып жатты. 

Халықтың сұранысына сай болып, бағаның тұрақтануына ықпал етеді деп болжанып отырған сауда нысанын «Жетісу» әлеумет­тік-кәсіпкерлік корпорациясының қолдауымен «Свет-Ко» жеке кәсіп­керлігі ашты. «Жарық» дүкенінде облыстың тұрақтандыру қорының және «кері схемамен» жұмыс істейтін өндірушілердің тауарлары саудаланады. Әлеуметтік дүкенде тауардың түрі көп, соның ішінде азық-түлік, тұрмыстық химия, сусындар және басқа да әлеуметтік маңызы бар 18 түрлі азық-түлік өнімі нарықтағыдан 15-20% төмен ба­ғада саудаланады. Мысалы, I са­нат­тағы жұмыртқаның ондығы 445 теңгеден, сұйық май литрі – 510 теңге, күріштің келісі – 340 теңге, картоп – 110 теңге, пияз – 70 теңге, сәбіз – 140 теңгеден, осылайша жалғаса береді. 

Нысанның ашылуына арнайы келген Талдықорған қаласы әкімі­нің орынбасары Рүстем Бершім­беков әлеуметтік дүкендердің ашы­луы облыс әкімдігінің бастама­сымен қолға алынып, Талдықорған қаласы әкімдігі мен «Жетісу» әлеу­меттік-кәсіпкерлік корпорациясы бірлесе жүзеге асырып жатқанын атап өтті.

 – Мұндағы сөрелерге тауарлар делдалсыз, өндірушілерден тікелей жеткізіледі. Сондықтан бағасы да тұрақты болады. Әлеуметтік дүкен­дердің бәрін әлеуметтік-кәсіп­керлік корпорациялар қаржылан­дыратындықтан, олардың тауар­ларды нарықтағыдан төмен бағада сатуына мүмкіндігі бар, – деді қала әкімінің орынбасары. 

– Жаңа дүкенге жарма, кө­көніс­тер мен жұмыртқа алуға кел­дім. Шынында да, нарықтағыдан төмен бағада екен. Дүкен қолайлы жерде, аялдамаға жақын орналас­қан. Біздің ауданда егде жастағылар көп. Енді бізге орталық базарға жиі барудың қажеті болмайды, – дейді қала тұрғыны Гүлгүл Қанапиянова.

Қазір Жетісу облысында «Жетісу» ӘКК-нің 6 әлеуметтік нүктесі орналасқан. Оның ішіндегі 2 әлеуметтік дүкен Талдықорғанда, 1-еуі Үштөбе қаласында, сол сияқ­ты коммуналдық және әлеуметтік базарлар мен «Көкбазар» сауда үйінде жұмыс істейді. ӘКК өкіл­дерінің айтуынша, бұл бағыттағы жұмыс мұнымен тоқталмайды, об­лыс әкімінің тапсырмасына сәйкес алдағы кезде де облыс орта­лығының халық тығыз орналасқан шағынаудандарында осындай форматтағы әлеуметтік дүкендер ашылады.

Болат АБАҒАН, 

Жетісу облысы