Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада жас жазушы Әлихан Жақсылықтың «Нотр-Дамда құлшылық жасау керек пе?» атты кітабының таныстырылымы өтті.
Адам құқығы жөніндегі роман
1,379
оқылды

Жаңа кітап­тың таныстырылымына астаналық оқырмандармен қа­тар, әдебиет сыншысы Амангелді Кеңшілікұлы, жазушы Жадыра Шамұратова, мәдениеттанушы Серік Ерғали сынды аға буын өкілдері қатысты.

Кітаптың жарыққа шық­­қанына аз уақыт болса да елі­­міздің бірнеше өңірінде таныс­­тырылымы өтіп, оқыр­ман қа­­­­уымнан жақсы бағасын да алып үлгерді. 

«Кітаптың таныстырылымы Ал­маты, Қонаев, Талдықорған, Ақ­төбе қалаларында өткен бо­латын, енді Астанаға келдік. Кей жерлерде менің 60-70 жылдығым секілді шапан жауып, карти­намды салып сыйлап жатты. Кі­тап туралы әртүрлі пікірлер айтылып жатыр. Бірақ сын жоқ. Ал келесі кітаптарда бүгінгі қа­телігімді қайталамау үшін сын маған ауадай керек. Қазір «Аф­ри­кадан Аляскаға дейін» деген роман жазып жатырмын. Осы күзге дейін аяқтап, сол кітаптың таныс­ты­­рылымын жасауға ал­дарыңызға тағы келемін деп ой­лаймын. Сосын 30 жа­сыма дейін 10 роман жазамын деп бекініп отырмын. Жылына осы­лай екі романнан жазып тұрсам бес жылда орындаймын ғой. Кеше «Әдебиет» порталына сұхбат бер­дім. Жадыра Ша­мұратова апайым екеуміз ашық әңгі­мелестік. Аға­­ларымды да, өзімді де аяғаным жоқ. Егер өзімді ая­ған болсам аға­ла­­рымды мақ­таған болар едім. Ал бүгінгі қолда­рыңызда отырған «Нотр-Дамда құлшылық жасау ке­рек пе?» – адам құқығы жөніндегі роман. Бізде сүрінген адамға қол ұшын созатын кісі жоқ. Керісінше бат­паққа итере түседі», – дейді жас жазушы.

Ол шығармаларын әуелі қағазға түсіріп алып, сосын компью­терге теретінін, әйтпесе, ойы шашырап кететінін айтады. Кеште белгілі әдебиет сыншысы Амангелді Кең­шілікұлы Әли­ханның шығар­­ма­­шылығы, жалпы қазіргі әдебиет туралы тұшымды әңгіме айтты.

«Бізде күрделі шығарма жаз­ған қаламгерді аса қабыл­да­майды. Оқырманды тәрбиелеу үшін жазу­шы да өсуі керек. Ендігі жерде әде­биет күрделене түседі. Бізде қа­зір машық пен суреткерлікті ажы­рата білетін жастар өсіп келе жатыр. Жазушы үнемі ізденісте болуы ке­рек. Әлиханда сол ізденіс бар. Әли­хан Жақсылықтың «Нотр-Дамда құлшылық жасау керек пе?» туын­­дысын бір демде оқып шықтым. Әрине, шығарманың әлі де жетіл­діре түсетін тұстары, бір қайнауы әлі жетпей тұрған жерлері баршы­лық. Соған қа­рамастан автордың ізденісі, бү­гінгі күннің шындығын беру үшін тыңнан түрен салуға ұм­­тыл­ған талпынысы маған ұнады. Ты­ным таппай еңбектене берсе ке­лешекте Әлиханның ірі сурет­кер бола алатын мүмкіндігі бар. Олай дейтін себебім, кейде құр­ғақ баян­дауға бой алдырып ал­ғанымен, шы­ғарма суреткерлік шеберлікпен жазылған. «Қара жаң­быр жауып, көшелерге көк­тен қалың су бүркіп, үй маңы да дым тар­тып тұрған күңгірт күз еді. Аулақта тұнжыраған бақ тағы үнсіз. Меңіреу қалпында қарсы алып, шығарып салуға да жара­май, жабыр­­­қағаны ма, әлде жа­тыр­­­­қағаны ма, ұнжырғасы түсіп, ұзақ­­­тан да ұзақ мелшиеді ұдайы» (12-бет). «Аптаның басында бас­­талған жауын бір тынбастан қара жерге қарызын аспаннан еселеп қайтарып жат­қандай жау­ды. Жа­уын­­ға жел қосылып, нө­сер ша­тыр­ды соққы­лап, майыс­қан құба тал­дар иіле келіп, тере­зелерді са­­­­­ба­­­­лау­мен бол­­­­ды. Әдетте бұндай жаңбырлы күн­­дері терезе алдынан бұртиған бала­ның ұртындай томпақ тамшы­­лар сырғанап, көше шам­дарының жадау жарығымен-ақ айналымға тап қазір түскен тиын­дардай жыл­тырап, әжеп­тәуір әсерлі көрініс беретін. Бұл жолы жауын суы әй­­нектен төгіле сырғып, тын­бай ақта­­рылды» (30-бет). Айна­ладағы өмір­ді көз алдыңа елес­тететін мұндай сәтті шыққан су­­­­­­­­­­рет­­­тер шығарманың ажарын арай­­­­ландыра түскен», – деді Аман­гелді Кеңшілікұлы.

Сыншының айтуынша, Әли­хан шығармашылығына Кафка туын­дылары қатты әсер еткен. Ақылға қонбайтын абсурдтық дүниелерді өмірдегі шын болып жатқан оқи­ғадай суреттей білу – жазушы­дан үлкен шеберлікті та­лап етеді.

«Әлиханның жеңіл емес, өнер­дегі осындай ауыр жолды таңдағаны мені қатты қуантты. «Нотр-Дамда құлшылық жасау керек пе?» – мүл­де басқаша жа­зылған, формасы өзгеше, жаңа­лығы бар туынды. Мен бұл туын­дыны оқи отырып, бүгінгі күннің шындығын айнадан көр­гендей әсер алдым», – деді сын­шы Аман­гелді Кеңшілікұлы.

«Романды оқып жатырмын. Әдетте көп дүниені бастағанда-ақ аяғы немен бітетінін сезіп отыра­сың. Ал мұнда сен мүлде күтпеген қайырымдар шыға келеді. Тосын», – деді кітапхана директоры Ғазиза Құдайберген. 

Кітап Алматыдағы «Ар» бас­пасынан шыққан. Алғысөзін белгілі жазушы Думан Рамазан жазған.

Кеш соңында жас жазушы Әли­хан: «Президент: «Бір кіта­быңды маған бересің» деп еді, бұл кітап қалайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қо­лына жетуі керек. Егер жетсе, ол кісі міндетті түр­де оқи­­ды. Сон­дықтан осы кітапты мүм­кін­ді­гінше насихаттап, тара­­­тып, ай­тып жүріңіздер. Әлі де кі­тап­тың насихаты аз болып жа­тыр», – деген өтінішін жеткізді.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ