Жошы ұлысының 800 жылдығына орай конференциялар, дөңгелек үс­телдер, семинарлар ұйымдас­тыры­лады. Сенат депутаттарының ­сауа­­­­­­лы­­на жауап берген Премьер-Ми­нистрдің орынбасары Тамара Дүй­сенова биыл атқарылатын іс-шаралар жоспарын таныстырды.
Жошы ұлысы ұлықталады
2,990
оқылды

«Бүгінде «Жошы ұлысын зерттеу ғылыми институты» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны ғылыми жобалар мен ғылыми-техникалық бағдарламаларды іске асыруда. Мемлекет басшысының Қазақстан тарихы мен дүниежүзі тарихы бойынша бірыңғай мектеп оқулықтарын әзірлеп, енгізу туралы тапсырмасына сәйкес жұмыстар жүріліп жатыр. Бұл ретте, отандық архивтер мен кітапханаларда жаңадан анықталған дереккөздерді пайдалана отырып, Жошы ұлысына қатысты тың деректерді қамтитын «Қазақстанның ежелгі заманнан бүгінгі күнге дейінгі тарихы» жеті томдық акаде­миялық басылымы әзірлену үстінде. Оның негізінде «Қазақстан тарихы» мен «Дүниежүзі тарихы» пәндері бойынша бірыңғай мектеп оқулықтары дайындалады. Сондай-ақ орталық және жергілікті атқарушы органдардың бастамасымен Жошы монографиясы мен Жошы ұлысының тарихы жөніндегі дереккөздердің аудармалар жинағының таныстырылымын ұйымдастыру жоспарланған», – деді Тамара Дүйсенова жауабында.

Бұдан бөлек, вице-премьердің дерегінше, «Ортағасырлық Қазақстан тарихындағы Жошы, Шағатай және Хайду ұлыстарының тарихы», «Қазақстан мемлекеттілігі тарихының өзекті мәселелері: Хунна империясынан, Түркі қағанаты мен Жошы ұлысынан тәуелсіз Қазақстанға дейін», «Ұлы ұлыстың негізін қалаушы Жошының өмірбаянын зерделеудегі өзекті мәселелер және оның ұрпақтары», «Жошы ұлысының рухани-әдеби мұрасы» атты халықаралық және «Жошы ұлысы және Қазақстан тарихындағы мемлекеттілік ерекшеліктері» атты республикалық ғылыми-практикалық конференциялар, «Жошы ұлысы тарихын зерделеудегі өзекті мәселелер», «Жошы ұлысындағы әлеуметтік-философиялық мәселелер», «Жошы ұлысының құрылғанына 800 жыл» тақырыптарында дөңгелек үстелдер, Жошы ұлысының 800 жылдығына орай Ә.Марғұлан атындағы Археология институтымен және А.Халиков атындағы Археология институтымен (Татарстан Республикасы) бірлесе отырып, Еділ-Жайық ортағасырлық ескерткіштеріне семинарлар ұйымдастырылады. 

Республикалық телеарналарда деректі және көркем фильм, балаларға арналған мультфильмдер мен бағдарламалар көрсету жоспарланған. Биыл өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойыны аясында 2022 жылы түсірілген «Жошы» анимациялық фильмі көрсетіледі. Сонымен қатар Ұлытау ескерткіш кешендерін 2024-2026 жылдарда ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізу мәселесі бойынша тиісті жұмыстар жүріліп жатыр. Алтын Орда, Жошы ұлысының тарихымен байланысты Атырау, Ұлытау облыстарында «Сарайшық» және «Ұлытау» республикалық музей-қорықтары құрылған. Аталған музей-қорықтар өздерінің қарамағындағы Алтын Орда кезеңіне қатысты тарихи-мәдени мұра объектілері болып табылатын Сарайшық қалашығы, Жошы, Алаша, Болған ана, Домбауыл кесенелері сияқты тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау, сақтау, танымал ету жұмыстарын қамтамасыз етіп отыр. Аталған музей-қорықтардың музейлік экспозициялар құрылған ғимараттарымен қоса, соңғы жылдары құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген визит-орталықтары арқылы Алтын Орда тарихын, мәдениетін насихаттауға, танытуға мол мүмкіндіктері бар.

«Еліміздің жетекші музейлері саналатын Астанадағы Ұлттық музейде, Алматы қаласындағы Мемлекеттік орталық музейде Алтын Орда кезеңінің бірегей артефактілерін паш етіп отырған музейлік қорлар сақталған. 2023 жылғы маусымда Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық-драма театрында «Жошы хан» тарихи драмасының тұсауы кесіліп, қаңтардағы репертуарына енгізілді. Бұл іс-шара республикалық телеарналарда трансляцияланды және республикалық, өңірлік баспа БАҚ-тарында және интернет ресурстарда жарияланды», – деді Үкімет басшысының орынбасары. 

Т.Дүйсенованың атап өтуінше, Астана қаласы әкімдігінің 2022 жылғы 18 тамыздағы қаулысымен «Есіл» ауданының «Е 809» көшесіне «Жошы хан» есімі берілді. 2024 жылғы 12 қаңтарда Астана қаласында Жошы ұлысын зерттеу ғылыми институтының бастамасымен «Жошы ұлысының тарихын зерттеудің өзекті мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді. 

«Жалпы, бұл бағыттағы жұмыстар Жошы ұлысының іргесі қаланғанына 800 жыл толуына орай ұйымдастырылатын шаралар аясында жалғастырылады», – деді ол.

Ұлағат БЕКБОЛАТ