Орал қаласында Руслан Нұрышов деген жігіт тұрады. Өзі Қарулы күштердің запастағы лейтенанты. Осы Руслан Нұрышов бастаған бір топ әскери 2022 жылы балаларға арналған «Ақжайық қырандары» әскери-патриоттық лагерін ашқан.
Баланы ширататын, нәзіктікті «қирататын» лагерь
725
оқылды

Лагерьдің алғашқы жылында – 100 бала, екінші жылы 250 бала тәрбиеленген. Лагерь жұмысына Оралды қойып, Маңғыстау мен Ақтөбе, Атыраудан балалар келіп қатысқан. Руслан Нұрышов өзі «Мақсат» медициналық колледжінде алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Біз жас лейтенантты тауып алып, лагерь жұмысы туралы сұрадық. 

Келісілген уақытта айтылған жерге келдік. Зал толы бала. Бәрі әдемі әскери киім киген. Қимылдары да ширақ. Солардың ортасында біздің кейіпкеріміз Руслан да жүр екен. Руслан өзі осы лагерьдің командирі. 

«Ақжайық қырандары» әскери патриоттық лагері 2022 жылы ашылған. Лагерьді бастап ашып, ұйымдастырып жүргендер – бұрынғы әскерилер. Әскерилер зейнетке ерте шығатыны белгілі. Сол зейнетке шыққан бір топ әскери қызметкер бірігіп осы лагерьді ашқан. 

– Мақсатымыз – балалардың уақытын тиімді ұйымдастыру, біз білгенді, көргенді жастарға үйретсек дейміз, – дейді лагерь құрылтайшысы. 

Лагерь ашу туралы ой қайдан келді деген сұрақты төтесінен қойдық. 

– Бізді мектептерге көп шақырады ғой. Кездесулерге көп барамыз. Жасыратыны жоқ, кездесулерден қарнымыз ашып келеміз. Балалар өте әлсіз, әсіресе ұлдар тым нәзік. Тіпті, ішінде тырнақ өсіріп, сырға тағатындары да бар екенін байқап жүрміз. Ер адамға тән іріліктің азайып бара жатқанын байқап жүретін едік. Содан неге жастардың тәрбиесін өз қолымызға алмасқа, нағыз ер адам жасайтын тірліктің, тәртіптің қандай болатынын көрсетейік, балдарды үгіттейік деген шешім шығарып, осы жұмысты бастап кеттік. Лагерьдің жұмысын жүргізу маған тапсырылды, – дейді запастағы лейтенант Руслан Нұрышов. 

Мемлекеттің маңызды міндеті – азаматтардың бойында жоғары патриоттық сананы, өз Отаны үшін мақтаныш сезімін қалыптастыру. «Ақжайық қырандары» әскери патриоттық лагері осы мүддеден шығуды көздейді. 

Лагерьге қатысу ақылы. Себебі ешқандай мемлекеттік қолдау алмайды. 

– Алдағы уақытта мемлекеттік қолдау болса, лагерь жұмысын кеңейтуді көздеп отырмыз, – дейді ұйымдастырушылар. 

Оған 10 мен 16 жас аралығындағы ұл-қыздар қатыса алады. Бұл жерде күніне 5 мезгіл тамақ беріледі. Балалар кедергілерден жүгіріп өту, биіктіктен секіру, жоғарыға өрмелеу, турникке тартылу, автоматты уақытқа құру мен жинау секілді нағыз әскери дағдыларды үйренеді. 

Біз барған кезде балалар жаттығу залында екен. Лагерь тәрбиеленушілерінің бірі Аршат Сейтонов есімді жасөспірімді әңгімеге тарттық. 

– Қазір бізде алғашқы әскери дайындық сабағы жүріп жатыр. Біз әскери ізетті, дұрыс жүруді, қару-жарақты дұрыс ұстауды, құруды, бұзуды үйрендік. Біздің сабақта қыздар да бізбен бірдей осы дағдыларға үйренеді. Біздің қыздар да автоматты бұзып, жинай алады, – деп мақтанышпен айтып берді ол. 

Лагерь командирі Руслан Нұрышев бізді алғашқы әскери дайындық сыныбына ертіп апарды. 

– Осы кабинетті өзім жасақтадым. Қазір балаларға бұрынғы әдіспен сабақ берген ұнамайды. Бәрін айтып, оны видеомен көрсетіп, дәлелдеп түсіндіремін. Сол үшін осы кабинетті жасақтадық. Интернет желісіне қосып, әскери тақырыптағы видео сабақтарды жаздық. Балалар еліміздің әскері қалай құрылғаны туралы, кімдер құрғаны, кім басқаратыны туралы мәліметті білуі керек. Жалпы, баланың әскерге деген қызығушылығын оятатын осы алғашқы әскери дайындық сабағы ғой. Егер бала осы жерден Отанды сүюді, оны қорғауды түсінбесе, кейін әскерге баруы да, жақсы әскери қызмет атқаруы да өте қиын, – дейді Руслан Нұрышов. 

«Ақжайық қырандары» лагерінің де мақсаты сол – балалардың бойына отаншылдық рухты сіңіру, балаға әскери өмірдің дағдыларын үйрету арқылы баланы ширату, Отанға тірек бола алатын ұрпақ тәрбиелеу.

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,

Батыс Қазақстан облысы