Тек бір салада емес, басқа қырымен де жұрттың жадында мәңгілік жарқырап тұратын қазақтың біртуар перзенттері аз емес. Саналы ғұмырын өнерге арнаған тұңғыш қазақтың гобойшы қызы туралы естуіңіз бар ма?
Қазақтың тұңғыш гобойшы қызы
5,942
оқылды

Қымбат Сағынқызы – тұңғыш гобойшы қыз ғана емес, қазақ қыздарының арасынан шыққан алғашқы радио режиссерлердің бірі. Мұндай деректерді бірі білсе, бірі білмес, сондықтан өмірі өнегеге, тағдыры тағылымдық тәрбиеге толы қазақ қызының тұлғалық келбетін, адами болмысы мен ел-жұртпен қарым-қатынасындағы үлгі етер тұстарын тілге тиек еткен замандастарының бізге айтып берген ыстық естеліктерін оқырман назарына ұсынбақпыз.

Гобой аспабын меңгерген тұңғыш қазақ қызы туралы естеліктерді бастамас бұрын, алдымен бұл аспаптың сипатына тоқталуды жөн көрдік. Ол– қазақ халық аспаптарына ұқсас келетін үрмелі аспап. Гобой аспабын үйрететін сыныптар 1934 жылдан бастап ашыла бастады де­сек, оны бітіріп шыққан алғашқы түлек­­тер қатарында Нұрғалиев, Қ.Са­ғынова, Т.Ті­кішев, А.Қармысов сияқты өнер адам­дары бар. Осы түлектердің ішінде құлақ құрышын қандыратын әуезді әуенге ие аспапты үйренген жалғыз қыз – Қымбат Сағынова болған. Бірақ Құрманғазы атындағы Ұлттық консер­­­ваторияның түлегі Қымбат Сағынқызы саналы бар ғұмырын Қазақ радиосында музыкалық редакцияның режиссері қыз­­­метіне арнаған еді. Айта кетейік, биыл қазақтың тұңғыш гобойшы қызы­ның туғанына 90 жыл толып отыр.

Бүгінде Қымбат апамыздың жолын қуған қыздарымыздың қарасы көбейіп келе жатқаны көңіл қуантады. Қазір өнерімен еліне танылып үлгерген Құра­­лай Мәлімбаева, Гүлжан Мадамар, Ай­гүл Қайыржанқызы секілді гобойшы қыз­дарымыз аспаптың қыр-сырын жетік меңгеріп, симфониялық оркестр мен камералық музыкаға сай үйлестіріп, қолданып жүр. Ендеше апамыздың екінші өмірі жалғасуда деуге де болады. 

БҮКІЛ ӨМІРІН РАДИОҒА АРНАДЫ

Қымбат Сағынқызы 1934 жылы Орал облысында дүниеге келген. Замандас­­­тарының айтуынша, мектептен қайтып бара жатқан өнерпаз көше бойында менмұндалап тұрған музыкалық мектепті көзі шалып, сонда оқуға қатты құмартқан екен. Содан бастап музыкалық мансабы­­­ның алғашқы кезеңі басталады. 1953 жы­лы Алматыға барып, консерваторияға, белгілі Добровольский сыныбына оқуға түседі. Оқуды бітірген соң Қымбат Са­­ғын­­­қызы да оркестрде ойнауы керек еді, бірақ консерватория ректоры Ахмет Жұ­­банов оның кішкентай қызының бо­­луы­на байланысты гастрольдік өмір­ден бас тартуына ықпал етеді. 1960 жылы Қым­бат Сағынқызы Қазгосте­­лерадиоға ша­­қы­­­­­рылып, ол жерде дыбыс инженері, содан кейін режиссер болып жұмысын жалғастырған. Радиода жұмыс істеген жылдары – оның ең бақытты сәттерінің бірі еді. Ол өзінің сүйікті М.Магомаев, И.Кобзон, М.Шаханов, О.Сүлейменов сынды қайраткерлердің басын қосып, мәтінге музыка қойып, әртүрлі бағдар­лама дайындап жазып алған. Мұндай адамдармен қарым-қатынас оның өмі­ріне оң өзгерістер алып келгені рас. 

«Әжеміз бүкіл өмірін радиода жұмыс істеуге арнады. Музыкалық білімі қай жерде жүрсе де әсерін бермей қоймады. Мысалы, 1960 жылдары алғашқы фор­тепианоны сатып алуы отбасымыз­­дағы музыка өнерінің жаңа бастамасы болды. Үйімізде фортепиано қазір де тұр, оны көрген сайын әжемізді еске аламыз», – дейді немерелері. 

 

Жұбай ОРЫНАЙ, 

филология ғылымының докторы, 

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың қауымдастырылған профессоры:

«КІТАП СҰРАМАУЫҢЫЗДЫ ӨТІНЕМІН» ДЕП ЖАЗЫП ҚОЯТЫН

Қымбат апайымызды Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академия­­­сының академигі, филология ғылым­­­да­рының докторы, профессор Шора Са­­­рыбаев ағамыздың жары ретінде білеміз. Өзім А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтында жұмыс істеп жүрген кезім еді. Сол кезде Шора ағаймен бірге орыс­ша-қазақша сөздікке қатыстық. Бірте-бірте Қымбат Сағынқызымен де та­ныс­тығымыз арта түскен. Қымбат апай ака­­­­­­де­­мик Рабиға Сыздықованың үйіне көп баратын, түрлі шарада бірге жүретін болған. Өзі мейірімді, үнемі күліп жү­­ретін кісі. Үйінің есігін жиі қаға­­­тынмын, бір барғанымда кіреберістегі «Кітап сұ­­­ра­мауыңызды өтінемін» деген жазуды көрдім. Оған күліп те алдық. Бұл – кітапты күтіп ұстаудың, мұқияттылықтың көрінісі ғой. Әр кітаптың өз орны бо­­латын. Шора ағай мен Қымбат апай қал­­жыңдары жа­­­расқан жұп еді. Бірде Шора ағай дәрі­герге көрініп, үйге кел­генде «Маған диаг­­ноз қойды. Дәрігер сіздің бәйбі­шеңіздің ша­­­­шынан аллергияңыз бар екен деді» деп күліп те, күлдіріп те алатын. 

Қымбат апайдың опера театры ор­­кестрінде бірнеше жыл қызмет еткенін де есіттік. Оның мықты музыкант бол­­­ғанын Рабиға апай үнемі айтып, мақтап отыратын. Сонымен қатар Қымбат апай­­дың музыкада не болмаса радиода қыз­­метінен бөлек, жарының ғылыммен ай­­на­­лысуына, қазақ тіл білімінің да­­­муына өзіндік үлес қосуына елеулі ең­­бегі сіңді. Шора Сарыбаев тіл білі­­мінің күр­делі ке­­­­зе­­­ңінде ден қойды. Диа­лек­­­толо­­гиялық экс­­­педициямен қысы-жазы ма­териал жинап, сөздіктерін шы­­­­ғарды. Дәл осы тұс­­та қағазбен жұмыс істеу ке­зінде Қым­­­­бат апайдың үлесі орасан зор бол­­ғанын жа­сыра алмаймыз. Себебі Шора ағайдың денсаулығы сыр беріп жүрген кезі еді, көзі де нашар көріп, ая­­ғын сылтып баса­­тын. 

Ал олардың отбасында музыкаға тек Қымбат апай ғана емес, оның Аманғали есімді інісі де жақын болды. Ол – аудар­­­­машы, «Тал түс», «Айдын шалқар», «Құт­­­­­­­­ты мекен» және тағы басқа еңбегі бар. Әсі­­ресе, екі томнан тұратын «Ски­фиада» деген үлкен жыр жинағын атап өтуге бо­­лады. Қымбат Сағынқызы іні­сінің жазу­­­шылық қабілетінің қалып­­­тасуына көп ықпал етті. Аманғали Са­­­ғынұлы бір есте­­лігінде әпкесінің шаңы­­­­ра­­ғында қайрат­­­­­керлермен, өнер, мәдениет өкілдерімен танысып, сұх­баттасқаннын жазыпты.

Шора ағай да, Қымбат апай да өте қарапайым кісілер еді, өздерінің мерей­­тойларын атап өтпейтін. Бір жиында кішкентай балаларды қасына шақырып алды да, қазақша ән орын­­­датты. Олар кейінгі ұрпақтың қазақша сөйлеуіне ерекше ден қойды. Неме­­­релерінің бәрін қазақ тілінде сөйлетіп, жүрген жерінде қазақтың ізеттілігін көрсетіп жүрді. Біз соған қызығатын едік. Тағы бір есте қалған жайттың бірі, аңқылдаған ақкөңіл жандар еді дедім ғой, мерейтойларда қонақтарды әрда­­­йым Абай атындағы Қазақ мемлекеттік опера және балет театрына шақыратын. Көбіне, Біржан – Сара операсына өзі билет алып, жастарға, студенттерге тегін үлестіретін еді. Шы­ным­­ды айтсам, өзім бірнеше рет бардым. Осы уақыттардың өзінде Қымбат апай осы операда бірнеше жыл жұмыс істеді. Бұны Шора ағайдың асыл жарына, қазақ өнеріне көрсеткен құрметі деп білеміз. Өз­дері де опера театрын әрдайым айтып жүретін. Бүгінде олардың артында қал­ған ұл-қыздарымен де сыйласты­­­ғымыз ерекше. Шора ағайымызды, Қымбат Сағынқызын сағынышпен еске аламыз, олардағы бар мейірімді қазіргі адамдар­­дың бойынан іздейміз. Олардың әр ісі біз­ге үлгі болып қалмақ.

 

Раушан АЙТЖАНОВА, 

Қазақ радиосының ардагері:

ТЫҢДАҒАНЫ – ӘСЕМ ӘУЕН, ОҚЫҒАНЫ – ПОЭЗИЯ

Қымбат Сағынова – Қазақ радиосы­­ның ардагері, ең алғашқы кәсіби музы­­канттардың бірі болды. Оралдың музы­­­калық мектебінен білім алып, Ал­­­­ма­­­­­тыдағы консерваторияны Роза Жұ­­ма­нова, Темір Тікішевтермен бірге аяқтады. Алма­ты­­дағы консерваторияға түскенінде қазақ қыздарының ішінде ең алғаш­­қылардың бірі болып гобой аспабын меңгеріп шықты. Бірақ ол өз мамандығы бойынша жұмыс істеген жоқ. Аз уақыт симфо­­ния­­лық оркестрде ойнады да, отбасы жағ­­­дайына байланысты іссапарға шық­пай­­­тын жұмыстарға кірісті. Содан бастап Қа­зақ радиосында ұзақ жылдар бойы режиссер қызметін атқарып, осы жерден демалысқа шықты. Қымбат Сағынова жолдасымен екі қыз, бір ұл тәрбиеледі. Одан басқа академик Шора Сарыбаевтың шәкірттерін де тәрбиеледі. Соларға ақы­лын айтып, шәйін беріп, жарымен бір­ге талай маманның аяққа тұруына, ал­­ған тақырыптарын қорғауына да жақ­сылық жасаған адам. Ол өте кіші­­­пеейіл адам болды. Кішіге – қамқор, үл­­­ке­нге – көмекші еді, өзінің де ата-енесі болған, олардың да көңілін тауып жүрген жай­­­дарлы кісі болды. Түрі де, жаны да, сөзі де көркем, мінезі тамаша адам еді. Жетпістің алтауына қараған ша­­ғында келместің кемесімен жүріп кетті. Бала­­­ларына өте жақсы тәрбие берді. Әрдайым көп оқи­­­тын, көп ізде­­­­­нетін, музыка тың­­­даудан жа­­­лық­­­­пайтын адам еді. Біз бос уақы­­­ты­­­мызда ылғи опе­­ра театрының, филар­­­­­монияның кон­­­церт­­­терін жібер­­­мей, со­­­лар­ды тыңдап жү­­­ретінбіз. Сон­­­дық­­­тан өмірінің соңына дейін тыңдаға­­ны – әсем әуен, оқығаны – поэзия болды. 

Мен Қазақ радиосына алғаш келгенде теңдесі жоқ төрт әйел бар екен, төртеуі де режиссерлер тобында жұмыс істеді. Олар Шәмшия Тайырова, Бибінұр Қайрақбаева, Еркін Айтжанова және Қымбат Сағынова. Барлығы қазақтың атақты азаматтарының, зиялы қауым өкіл­­дерінің бәйбішесі еді. Бірақ Қымбат Сағынқызы қарапайым жан болды, жолдасы Шора Сарыбаев қалжыңдарына күліп, мәз болып отыратын. Өмірде өзі­­нің мақсатына жетіп, өз ортасында абы­­­­ройлы болып, адал дос, жақсы маман болды деп айта аламын.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ