Олар заңсыз иемденген ақша мен тауарларды өз қалаулары бойынша пайдаланған. 
Степногорда азаматтарды бопсалаумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды
951
оқылды

Степногорда бопсалушылар тобы ұсталды. Алдын ала мәлімет бойынша, олардан 6 адам зардап шеккен, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Ақмола облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, күдіктілер ПД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру  шараларының барысында қолға түсті. 

Күдіктілер Астана және Степногор қаласы аумағында бірқатар бопсалау қылмысымен айналысқан. Топ мүшелері бірнеше ай бойы қорқыту, күш қолдану арқылы жергілікті тұрғындарды, негізінен кәсіпорын жұмысшыларын, сондай-ақ жастарды мобильді қосымшалар арқылы әртүрлі несиелер алуға мәжбүр еткен. Қорқытып, заңсыз иемденген ақша мен тауарларды өз қалаулары бойынша пайдаланған. 

«Қазіргі уақытта алты адамның жәбір көргені анықталды, оларға келтірілген залалдың көлемі шамамен 8 миллион теңгені құрайды. Ұсталған қылмыстық топтың 6 мүшесінің үшеуі уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды. Бопсалау деректері бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары қолға алынды», – деді ведомстводан.