Бүгін Сарыағаш аудандық сотында өз жұмысына салғырттық танытты деп айыпталған пробация қызметкері соңғы сөзін айтты.
5 жасар қыздың айуандықпен өлтірілуі: пробация қызметкері өзін ақтауды сұрады
Фото: otyrar.kz
781
оқылды

Түркістан облысында атышулы сот процесі аяқталуға жақын, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Оtyrar хабарлауынша, бүгін Сарыағаш аудандық сотында өз жұмысына салғырттық танытты деп айыпталған пробация қызметкері соңғы сөзін айтты. 39 жастағы сотталушы Сарыағаш ауданындағы 5 жасар Еркежан Нұрмаханды зорлау және өлтіру дерегіне қатысты іс бойынша айыпталған.

Іс материалдарына сәйкес, пробация қызметкері ауыр қылмыс жасағанға дейін шартты түрде сотталған Сайдолим Ғаибназаровты қадағалауы керек болған. Журналистерге сот процесін сотталушының бет-әлпетін видеоға түсірмеу шартымен жариялауға рұқсат етілді.

Прокуратура қызметкердің үстінен іс қозғап, үш жыл мерзімге бас бостандығынан айыруды сұраған. Алайда сотталушының өзі құзырлы орган таққан айыппен келіспейді. Ол өзін ақтауды сұрайды және өзін кінәсіз санайды.

«Мен өзімді кінәлімін деп есептемеймін және бұл бірінші сатыдағы сот тергеуі кезінде дәлелденді. Егер мен орындауға тиісті міндеттер туралы айтатын болсақ, онда көрсетілген тәртіп пен маған жүктелген міндеттер бұрмаланған, қабылданған және ойлап табылған. Осы бес ай бойы тергеу жүріп жатқанда отбасыммен ұйықтай алмай келеміз. Осы уақыт ішінде әкем тіпті екі рет ауруханаға түсті. Құрметті сот, жәбірленуші тарап мені ақтауды да сұрады. Жәбірленушілер маған қарсы арыз да жазбаған. Осының барлығын ескеріп, мені ақтауыңызды сұраймын», – деді сотталушы соңғы сөзінде.

Сотталушыға үкім бүгін түстен кейін шығады. Судья кеңесу бөлмесіне кірді.

Еске салайық, өткен жылдың шілдесінде Сырығаш ауданы Жібек жолы ауылында 5 жасар қыздың өлімі бүкіл қазақстандықтардың жағасын ұстатқан еді.

Қылмыскер көрші үйде тұратын ер адам болып шықты. Оның қорасынан бірнеше пышақ жарақаты бар қыздың денесі табылды. Бұл ретте, ата-анасының айтуынша, сотталушы ауыл тұрғындарымен бірге 5 жасар қызын іздеуге қатысқан.

Сот Сайдолим Ғаибназаровты өмір бойына бас бостандығынан айыру, химиялық кастрация жасау және қыздың ата-анасына 100 миллион теңге төлеуге үкім шығарды. Аса ауыр қылмыс жасағанға дейін ол кісі өлтіргені үшін 10 жылға жуық жазасын өтеп, 2023 жылы мамырда досын жарақаттағаны үшін үш жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілген.

Көпшіліктің наразылығынан кейін Сарыағаш аудандық сотының төрағасы қызметінен босатылды.