1 наурыздан бастап Қазақстан бірыңғай уақыт белдеуіне көшеді. Осыған байланысты көпшілік арасында түрлі сауал туындағаны да жасырын емес.
Бірыңғай уақыт белдеуі: Нені ескерген жөн?
3,171
оқылды

Дегенмен былтыр жылдың аяғына таман аталған мәселе талқыға түсіп, Астанада Қазақстандағы уақытты есептеу мәселелері бойынша ведомствоаралық жұмыс тобының қорытынды отырысы өтті. Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрлігі хабарлады.

Жұмыс тобының құрамына Ф.Г. Фесенков атындағы «Астрофизика институты», «Генетика және физиология институты»,  «География және су қауіпсіздігі институты», М. А. Айтхожин атындағы «Молекулалық биология және биохимия институты», «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» ғалымдары, сондай-ақ сарапшылар, қоғам қайраткерлері, ҚР Парламентінің депутаттары және мемлекеттік органдардың өкілдері кірді. Сарапшылар елорда уақыты бойынша тұратын облыстар мен қалалардағы уақытты бір сағатқа (UTC+5) ауыстыру нұсқасын ұсынды. Осылайша барша Қазақстан бойынша бірыңғай уақыт белгіленді.

Сарапшы не дейді?

Бірыңғай уақыт белдеуін белгілеу үшін жұмыс тобы да құрылған. Бір нәрсені түсінуіміз керек. Қазіргі уақытта Қазақстанның шығысындағы облыстардың уақытын қайтаратын деп жатқан «уақыт» өзінің кәдімгі белдеулік уақыты. Бір таңғаларлығы, адамдардың басым көбі уақыт өлшемі дегенде, басқаша ойлайды. «Уақыт өлшемін қалай өлшеу керегі» 6-сыныптың оқулығында тұр. Яғни, бойлық координатты 15 градусқа бөлсе, кез келген облыстың уақыты шығады. 67-де 30 минуттық және 82-де 30 минуттық меридианның аумағындағы барлық «аумақтар» – UTC+5 сағаттық белдеу аумағында. Демек ештеңені басқа жаққа ауыстырайын деп жатқан жоқ, өзінің уақыттық белдеуіне ғана ауыстырып жатыр. Ведомствоаралық топ құрылып, 60 мемлекеттік органдар бар, ғылыми зерттеу институттары бар, солармен кеңесе отырып, талқыланды. Соңғы уақытта ашылған ғылыми зерттеулерге сүйене отырып, есеп жобасы жасалып, ол еліміздің медициналық институттарына, ғылыми зерттеу институттарына, оның ішінде онкология және радиологияны зерттеу институттарына, астрофизиканы зерттеу институттарына, физиология және генетиканы зерттеу институттарына – бәріне жөнелтіліп, оң қорытындысы алынды, – дейді хронобиолог маман Болат Нұрхожаев.

Бұл туралы медицина мамандары да сөз сөйледі. Мәселен, «Астана» медицина университетінің қалыпты физиология кафедрасының меңгерушісі Курейш Хамчиевтің пікірінше, уақыттың табиғи тәртібінен озуы шаршау мен созылмалы аурулардың пайда болуына ықпал етеді.

Медицина маманы не дейді?

«Десинхроноз қазір көптеген аймақтарда болып жатқан нәрсе. Яғни биологиялық ритмдарға сәйкес келмеуі ұзақ мерзімді шаршаудың, депрессияның, ұйқысыздықтың және өнімділіктің төмендеуінің себебі. Мұның бәрі жүрек-қан тамырлары, қатерлі ісік және басқа аурулардың даму қаупінің факторлары. Циркадалық немесе биологиялық ритмдар біздің өміріміздің ажырамас бөлігі және бұл циркадалық стресстерге қарсы тұру өте қиын. Сондықтан бүкіл республика халқының табиғи ритмдарын үндестіру қажет», – деді ол.

Ендеше аталмыш мақалада еліміз бірыңғай уақыт белдеуіне 1 наурыздан бастап көшкенде, жұртшылық нені білуі керек сұраққа, әсіресе пойыз бен әуе жолаушылары нені ескеруі қажет екеніне тоқталмақпыз.

Пойыз жолаушылары нені ескергені жөн?

Ең бастысы, жолаушылар өздерінің сағаттарын бірыңғай уақыт белдеуіне сәйкес ауыстыруы керек. Жолаушыларға сапарларын алдын-ала жоспарлауға, сондай-ақ, билетте көрсетілген пойыздың жөнелту және келу уақытын мұқият қарауға кеңес береміз.

Анықтамалық ақпаратты «1433» тегін нөмірі арқылы алуға болады.

Сондай-ақ жолаушылар bilet.railways.kz сайттында, Жолаушылар тасымалы АҚ-ның ресми инстаграм парақшасында және вокзалдың билет кассаларында толық ақпарат ала алады, – дейді «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметінің өкілі Сара Сахынбек.

Әуе жолаушылары нені ескергені жөн?

Бірыңғай уақыт белдеуінің ауысуына байланысты жақында Азаматтық авиация комитеті үлкен жиын өткізді. Іс-шараға Қазақстанның авиациялық әкімшілігі, «Қазаэронавигация» РМК, отандық әуежайлар, «Эйр Астана», FlyArystan, SCAT, Qazaq Air, Turkish Airlines, FlyDubai әуе компаниялары және елімізге келетін әрі елімізден шығатын тұрақты жолаушылар рейстерін орындайтын басқа да шетелдік тасымалдаушылардың басшылары қатысты. Жиналыстың қорытындысы бойынша, әуе компаниялары мен әуежайларға жолаушыларды уақытылы хабардар ету және билеттерді брондау әрі сату бойынша жүйелерді жаңарту бойынша тиісті жұмыс жүргізу тапсырылды.

Осыған байланысты Астана, Алматы, Шымкент, Көкшетау, Тараз, Балқаш, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Петропавл, Түркістан, Өскемен, Семей, Талдықорған және Жезқазған қалаларына/қалаларынан рейстерге әуе билеттерін сатып алған жолаушыларға ұшу уақыты 2024 жылғы 1 наурыз сағат 00:01-ден басталатын (елорда уақыты бойынша) рейстер бойынша нақты ақпаратты әуекомпаниялардың Call орталықтары мен арнаулы қосымшалары арқылы, сондай-ақ әуежайлардың анықтамалық қызметтерінен нақтылау қажет. Естеріңізге сала кетейік, ҚР Үкіметінің 2024 жылғы 19 қаңтардағы Қаулысына сәйкес Қазақстанның барлық аумағында 5-ші уақыт белдеуі қолданылатын болады. Осылайша, 2024 жылғы 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні (сағат 00:00-де) жергілікті уақыт 1 сағатқа шегеріледі (Астана қ., Алматы қ., Шымкент қ., Абай, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Жетісу және Ұлытау облыстары), – дейді Азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметі.