Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай Дубай қаласында өткен Дүниежүзілік үкіметтер саммитіне қатысты.
Мемлекеттік қызметшілер көшбасшылық бағдарламалар бойынша оқиды
620
оқылды

БАӘ-мен үкіметаралық келісім аясында еліміздің мемлекеттік қызметшілері көшбасшылық бағдарламалар бойынша оқытылатын болды. 

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай Дубай қаласында өткен Дүниежүзілік үкіметтер саммитіне қатысты.

Саммит аясында мемлекеттік сектордағы персоналдың тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру, HR процестерін одан әрі цифрландыру мәселелері талқыланды.

Дархан Жазықбай шетелдік әріптестеріне Қазақстанда мемлекеттік қызмет жүйесін дамытуға бағытталған – «адамға бағдарланған» сервистік сипаттағы мемлекеттік аппаратты қалыптастыру шаралары жайлы айтты.

Ол мемлекеттік қызметте адам ресурстарын жетілдіру, HR құралдарды енгізу, «e-Qyzmet» жүйесі негізінде іріктеу процестері мен персоналды басқаруды цифрландыру бойынша Агенттік жүзеге асырып жатқан жобалар мен бастамаларға да тоқталды.

МҚІА төрағасы Біріккен Араб Әмірліктерінің лауазымды тұлғаларымен екіжақты кездесулер өткізді. Соның нәтижесінде мемлекеттік басқаруды трансформациялау саласындағы тәжірибе алмасу бойынша сегіз үкіметаралық бағыттың бірі «Әлеуетті арттыру және көшбасшылық» аясында алғашқы «Басқарушылардың көшбасшылық бағдарламасы» іске қосылды.

Бағдарлама бойынша оқыту биылғы жылдың наурыз айынан басталады және 30 мемлекеттік қызметші қамтылады деп жоспарлануда.

Сонымен қатар аталған бағыт аясында мемлекеттік қызметшілер үшін «Executive Leaders Program», «Future Leaders Program», «Youth Leaders Program» атты үш бағдарлама бойынша тегін онлайн оқыту жүргізіледі. Сондай-ақ бағдарламаларда ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында және БАӘ-де бір апталық оқу өткізу қарастырылған.

Кездесу соңында тараптар мемлекеттік қызметшілерге арналған бірлескен білім беру бағдарламаларын жүзеге асырудағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екендіктерін білдірді.