Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 13-14 ақпан күндері Қатарға мемлекеттік сапар­мен барды. Қатар Мемлеке­тінің Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни Қазақстан Президентін Diwan Amiri сарайында қарсы алды.
Ислам әлеміндегі стратегиялық әріптестік
1,008
оқылды

Келіссөз алдында Құрмет қарауылының бастығы мемлекеттер басшыларына рапорт беріп, екі елдің әнұрандары шырқалды.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни бір-біріне ресми делегация мү­ше­лерін таныстырды. Бұдан кейін Қазақстан Президенті мен Қатар Мемлекетінің Әмірі келіссөз жүргізді.

Мемлекет басшысы Қатар Әмірінің шақыруын зор ризашы­лық­пен қабыл алғанын жеткізді. Президент осы елге алғаш рет мемлекеттік сапармен келіп отыр­ға­нын, сондықтан оның мән-маңызы ерекше екенін атап өтті.

– Қатар – ислам әлеміндегі біз­дің сенімді әрі маңызды әріп­те­сіміз. Екі елдің қарым-қаты­насына тың серпін беретін кез келді деп ойлаймын. Қазақстан мен Қатар байланыстарын толық стратегиялық әріптестік деңгейіне көтеруді ұсынамын. Сапар кезін­де өте маңызды құжаттарға қол қойылады. Бұл келісімдер біз­дің ынтымақтастығымызды стратегиялық деңгейге көтереді. Біз үшін Қатар өте ерекше ел, сіз­дер­мен байланыстарымызды жоғары бағалаймыз. Сондықтан бұл қатынастарымызды одан әрі дамыту үшін күш-жігерімізді саламыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Қатар Мемлеке­тінің Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни Қазақстан Президенті сапарының мән-маңызына тоқ­талды.

– Жоғары Мәртебелі Прези­дент мырза, біздің елімізге ең алғашқы мемлекеттік сапар­мен келіп отыр­ғаныңызға қуаныштымын. Бүгінгі келіс­сөздер екі ел арасындағы қа­­рым-қатынастарды еселей түсе­тініне сенемін. Біз Астанада да кездестік. Бүгінгі жүздесуіміз бұ­рын­ғы келіссөздер негізінде қол жеткізілген уағдаластықтардың жүзеге асырылуын қадағалап, ал­­­дағы жоспарларды айқын­дау­­­­ға мүм­кіндік береді. Екі­жақ­­­­ты ынтымақтастық ая­­­сын­­­­­да энер­гетикалық, сау­да-эко­номикалық және инвести­циялық жобаларды іске асыруға мүдделіміз. Осы сапар аясында біздің елдің ірі бизнес өкілдерімен кездесулер өткізесіз. Бұл аталған салалардағы ық­палдастықты іл­герілетуге тың серпін беретініне сенімдімін, – деді Қатар Әмірі.

Мемлекет басшысы қазір қазақ-қатар қарым-қатынастары кейінгі 30 жылда ең жақсы кезеңді бастан өткеріп отырғанын атап өтіп, Әмірдің Астанаға жасаған мемлекеттік сапарын еске салды. Президенттің айтуынша, елдеріміз арасында тығыз саяси диалог, кеңейіп келе жатқан экономикалық серіктестік және табысты мәдени-гуманитарлық байланыстар қалыптасқан. Екі ел арасында соңғы үш жылда қол қойылған келісімдер әртүрлі саладағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға берік негіз болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қатарды жақын болашақта Қазақстандағы ең ірі инвесторлардың ондығына кіреді деп есептейтінін жеткізді. Президент Қазақстанның Қатар нарығына жалпы құны 250 миллион доллар болатын 60 шикізаттық емес тауар түрі бойынша экспортты ұлғайтуға дайын екенін айтты. Сонымен қатар жақын арада тауар айналымын 500 миллион долларға дейін арттыру туралы айтылды.

Келіссөз барысында ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, туризм мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы Қатарды Шығанақ пен Орталық Азияны байланыстыратын интер­модальды көлік желісін дамыту үшін күш-жігер біріктіруге шақырды. 

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев мемле­кеттік сапары аясында  Қатар Мемлекетінің Пре­мьер-министрі – Сыртқы істер министрі шейх Мұхаммед бен Абдулрахман Әл Тәнимен келіссөз жүргізді.

Қазақстан Президенті қонақжайлық көрсеткені үшін Қатар Мемлекетінің Премьер-министріне алғыс айтты. 

– Осы сапарды дайындауға атсалысқаныңыз үшін Сізге шын жүректен ризашылығымды білдіргім келеді. Сапар шынымен сәтті болды. Біздің қарым-қатынасымызға тың серпін беретін құжаттар топтамасына қол қойылды. Жоғары Мәртебелі Қатар Әміріне айтқанымдай, біз өзара байланыстарды  стратегиялық серіктестік деңгейіне көтердік. Бұл өте үлкен жетістік деп санаймын. Мен осындай нәтижеге қол жеткізгенімізге қуаныштымын. Бірақ біз мұны­мен шектеліп қалмай, алға қадам басып, өзара ынты­мақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін қарастыруымыз керек, – деді Қ.Тоқаев.

Қатар Премьер-министрі сапармен келгені үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтып, соңғы жылдары мемлекеттер арасындағы екіжақты қаты­настардың айтарлықтай жанданғанын атап өтті.

– Біз соңғы жылдары бұрын-соңды болмаған және айтарлықтай жетістіктерге қол жеткіздік. Өзіңіз айтқандай, бұл өз-өзінен бола салған дүние емес. Екіжақты қатынастарда одан да зор жетістіктерге жету үшін жұмысты жалғастыру қажет. Елдеріміз ара­сын­дағы қарым-қатынастардың стратегиялық серік­тестік деңгейіне көтерілгеніне өте қуаныш­тымын. Екі елдің мол әлеуеті бар деп санаймыз, – деді шейх Мұхаммед бен Абдулрахман Әл Тәни.

ИНВЕСТИЦИЯ ЫҚПАЛДАСТЫҒЫ АРТАДЫ

Мемлекет басшысы  Дохаға мемлекеттік сапары­ның аясында Қатардың ірі бизнес құрылымдарының басшыларымен бірқатар кездесу өткізіп, Al Faisal Holding компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Фейсал бен Қасым Әл Тәниді қабылдады.

Қазақстан Президенті Al Faisal Holding ком­паниясы директорлар кеңесінің төрағасы, Қатар кәсіпкерлері қауымдастығының төрағасы, Қазақ­станмен іскерлік ынтымақтастықты үйлестіруші Фейсал бен Қасым Әл Тәнимен әңгімелесу бары­сында екіжақты экономикалық және инвестициялық ықпалдастықты нығайту мәселелері талқыланды.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Qatar Investment Authority компаниясының бас атқарушы директоры Мансур Ибрагим Әл-Махмудты қабылдады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Qatar Investment Authority компаниясы мен «Самұрық-Қазына» қоры арасындағы өзара тиімді ынтымақтастық екі елдің экономикалық серіктестігінің қозғаушы күші бола алатынын атап өтті.

Өз кезегінде Мансур Ибрагим Әл-Махмуд Қазақстанның қаржы нарығына шығу, сондай-ақ агроөнеркәсіп кешені өнімдерін терең өңдеуге қатысты жобаларды жүзеге асыру жоспары жөнінде айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев іскерлік кездесулер барысында Қатардың Power International Holding компаниясының иелері Муатаз Әл-Хаят пен Рамез Әл-Хаятты қабылдады. Кездесуде экономиканың түрлі секторындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды.

Айта кету керек, Қатардың Power International Holding компаниясы негізгі қатысушы саналады. Муатаз Әл-Хаят пен Рамез Әл-Хаят Президентке Қашағанда газ өңдеу зауыттарын, Қызылорда облы­сын­да бу-газ қондырғыларының технологиясына негізделген электр стансасын салу жоспары жөнінде мәлімет берді.

Сапар аясында Мемлекет басшысы Nebras Power компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Мұхаммед Нассер Әл-Хаджриді қабылдады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге баса мән беретінін айтты. Осыған орай Мемлекет басшысы Nebras Power компаниясының елімізде жаңартылатын энергия көздерін дамытуға қызығушылық танытып отырғанын жоғары бағалады.

Өз кезегінде Мұхаммед Нассер Әл-Хаджри «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамымен бірлесіп, Қазақстанда су-энергетика жобасын жүзеге асыруға қатысты жоспарын жеткізді.