Ұлттық музейде National Geographic журналының «Жануарлар әлемінің ғажайып суреттері» атты фотокөрмесі өтіп жатыр. Көрме қонақтары әлемнің түкпір-түкпіріндегі түрлі жабайы аңдар суретін тамашалай алады.
Тұмса табиғаттағы тіршілік
794
оқылды

Көрмеде National Geographic журналындағы жарияланымдар арасынан таңдап алынған хай­уанат­­тар әлемінің ең үздік суреттері ұсынылған.

«Осыдан 8 жыл бұрын осы күні «National Geographic Қазақстан» журналының алғашқы нөмірін шы­ғарған едік. Сонда «Әлемді өзгерт­кен 50 үздік фото» көрмесін осы музейде ұйымдастырдық. Көрер­мендердің ыстық ықыласы мен жоғары бағасы бізді шабыттан­дырып, осы ағартушылық бағытта тұрақты түрде әлемдік деңгейдегі фотокөрмелерді өткізуді ұйғардық. Содан кейін «Тағам болашағы», «Киіктер», «Ақжайықты аялайық», «Алыс та жақын Америка», сирек, жойылып бара жатқан аң-құстар туралы «Фотоараша» көрмелерін ұсындық», – дейді «National Geographic Қазақстан» журналының бас редакторы Еркін Жақып. 

Сонымен қатар ол мұнда қо­йыл­ған суреттің әрбірінің артында үлкен оқиға бар екеніне, әрбір фото жанкешті еңбекпен түсірілгеніне тоқталды. Тіпті, фотографтар өміріне қаншама рет қауіп төнсе де мақсаттарынан айнымай, қайта­ланбас ғажайып сәттерді фотоға түсіретінін айтты.

Табиғат суреттерінің майталман редакторы Кэти Моранның жетек­шілігімен әзірленген бұл көрме Майкл «Ник» Николс, Стив Уин­тер, Пол Никлен, Беверли Жубер, Дэвид Дубиле және National Geographic-тің басқа да ең танымал фотографтарының суреттерінен құ­ралған. Көрмеге қойылған сурет­тер фотографияның даму эволю­циясын көрсете отырып, фото­тұзақ, қашықтан түсіру және суас­ты технологиясы сынды инно­вациялар қалай фотографтарға тұмса табиғаттағы тіршілік орта­сына жол ашқанын көрсетеді. Ұсы­нылған жұмыстардың әрқай­сысында зерттеуші фото­граф­тардың жабайы табиғат пен оның бай фаунасына деген бірегей және қайталанбас көзқарасы көрсе­тілген.

Ұйымдастырушылар бұл фото­көрмеден Жер планетасын аман сақтап қалу миссиясына бір қадам жақындауды көздейді. «Жануарлар әлемінің ғажайып суреттері» фотокөрмесі Ұлттық музейде 25 ақпанға дейін жалғасады.

С.БЕГІМБАЕВА