Алдағы бес жылда еліміздің ЖІӨ-сін 450 млрд АҚШ долларына жеткізу жоспарланған. Бұл – еліміздің 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарының жобасында айтылған басты бағдар.
Бес жылда асар белесіміз қандай?
коллаж: Елдар ҚАБА
2,070
оқылды

Қазіргі стратегиялық даму жоспары 2025 жылға дейін жарамды. Ендеше ел экономикасын дамытудың әрі қарайғы бағыты қандай болмақ? Жаңа жоспарға сай нендей көрсеткіштерге қол жеткізу көзделіп отыр?

Ең алдымен ұлттық даму жоспарында «А» нүктесі ретінде экономиканың негізгі проблемалары нақтыланған. Мәселен, 2014 жылдан бері ЖІӨ-нің нақты орташа жылдық өсу қарқыны бәсеңдеп, бүгінде 5%-дық деңгейге жетті. Жоба сарапшыларының пікірінше, бұл өмір сүру деңгейін арттыру үшін жеткіліксіз. Сонымен қатар елімізде әлі де шикізатқа тәуелділік жоғары және күрделі экономикаға ауыса алмай келеміз. Инвестициялау көлемін арттыру мәселесі де күн тәртібінен түспей тұр. Ал кіріс пен шығыс арасындағы бұзылған баланс дер кезінде әрекет етуді қажет етіп отыр.

Жиі-жиі жоғары мінберлерден еститін тағы бір мәселе, бұл минералды ресурстар бағасының экономика өсу қарқынына тікелей әсері. Себебі ЖІӨ құрылымының көп бөлігі шикізат экспортын құрайды. Статистикаға сүйенсек, 2022 жылы ЖІӨ-нің 15%-дан астамы, яғни экспорттың 70%-ы минералды шикізат салаларына тиесілі болған.

Тәуекел таяғының екінші ұшы отандық шикізат базасының сарқылуына нұсқайды. Қазақстанда пайдалы қазбалардың едәуір қоры бар, алайда көпшілігі игеруге дайын емес, резервтерді толықтыру жұмыстары жеткіліксіз. Сонымен қатар құжатта заманауи аккумуляторлар мен элек­троникада қолданылатын сирек кездесетін металдар – никель, кобальт және литий бойынша отандық өндіріс потенциалы жоғары екені көрсетілген. Статис­тикаға сәйкес, Қазақстан никель мен кобальттың ең ірі қоры бар 10-15 елдің қа­та­рына кіреді.

Осы себепті жобада 2029 жылға қарай металдар мен басқа да пайдалы қазбалар өндірісін 40%-ға ұлғайту жоспарланып отыр. Алдағы бес жылда саланы дамыту ресурстық базаны белсенді толықтыруға және нығайтуға, өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, сондай-ақ сарқылатын активтерді қалпына келтіруге байланысты мәселелерді шешуге бағытталатын болады.

Өндіруші салаларда ірі бизнес басым жүретіні белгілі. Сондықтан еліміздегі шағын және орта бизнестің үлесі ірі әртараптандырылған экономикасы бар елдер деңгейінен артта қалып отыр. Сарапшылар мұның басты себебі ретінде инновациялық технологиялар мен өнімділік деңгейінің төмендігі деп көрсетеді. Мысалы, соңғы бес жыл ішінде өнімділік 80%-ға өссе де тау-кен және өңдеу өнеркәсібі, қаржы және сақтандыру салалары дамыған елдердің көрсеткіштерінен 5-10 есе артта келеді. Ал еңбек өнімділігінің өсу қарқыны нақты ақшалай кірістердің динамикасынан едәуір төмен.

Инвестиция саласындағы көрсеткіштер де жіті назарда ұстауды қажет етеді. Өйткені негізгі капиталға құйылған инвес­тицияның және ЖІӨ-ге қатынасы да төмендеген. 2012 жылы 18% болса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 15%-ға жеткен. Себебі соңғы уақытта аймақта тікелей шетелдік инвестицияларға деген бәсе­келес­тік артып, оның көлемі айтарлықтай қысқарды. Сондай-ақ ЖІӨ-ге шаққандағы заңды тұлғаларға берілген несие үлесі 2010 жылы 25% болса, 2022 жылы ол 8% деңгейінде қалған.

Сонымен қатар өңірлер арасында даму теңсіздігін де жобаны әзірлеуші мамандар жоққа шығармаған. Атап айтқанда, жан басына шаққандағы ЖІӨ-нің ең жоғары деңгейі мегаполистерде – 19 мың АҚШ доллары және Батыс макроөңірде – 16,5 мың АҚШ доллары, ең төменгісі – солтүстікте – 9,9 мың АҚШ доллары және оңтүстікте – 5,0 мың АҚШ доллары. Осындай айырмашылықтардың бірі – халықтың өмір сүру сапасының көрсеткіштеріндегі аймақтық диспропорциялар. Мысалы, халықтың жан басына шаққандағы ең жоғары және ең төменгі ақшалай табыстары, өңірлер арасындағы кедейлік көрсеткіштері арасындағы айырмашылық 3-4 есеге жетеді. Сондай-ақ ауылдағы кедейлік деңгейі орташа есеппен қалалық көрсеткіштен 1,8 есе асады.

Ал жалақы әлі де ЖІӨ-нің үштен бірін қамтиды. Халықаралық деңгейде бұл төмен көрсеткіш. Сондай-ақ инфляция мен базалық тауарлардың өзге елдерден импортталуы халықтың нақты табысының өсімін тежеп отыр. Оған азаматтардың несие алу көрсеткішінің жоғарылағанын қосыңыз. Себебі соңғы жылдары кепілсіз тұтынушылық несие алған экономикалық белсенде тұлғалардың үлесі 80%-ға жеткен.

Осы мәселелерді ескере келе ұлттық даму жоспары мынадай бес принцип негізінде әзірленгенін көреміз:

Жаһандық бәсекеге қабілеттілікті арттыру және тауарлар мен қызметтердің сапасын жақсарту үшін бәсекелестікті ынталандыру және либералдау.

Экономика өсуі үшін жеткілікті инвестициялармен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін кәсіпкерлікті қорғау және инвесторлар үшін түсінікті, болжамды және тартымды экономикалық саясат құру.

Сапалы білім беруді қамтамасыз етуге және кәсіпкерлік және шығармашылық бастаманы қолдауға бағытталған қазақ­стандықтардың әлеуетін ашу.

Инновациялық белсенділікті кеңейту, салалар мен кәсіпорындарды жаңғырту және цифрландыру арқылы экономиканың өнімділігі мен күрделілігін арттыруға баса назар аудару.

Соңғы жылдары экономиканың ең жылдам дамып келе жатқан бағыттарының бірі өңдеу өнеркәсібі болды. Саладағы орташа жылдық өсу қарқыны 18%-ға жеткен. Осыған қарамастан, елдің ЖІӨ-дегі сектордың үлесі – 13,4%. Салыстырар болсақ, бұл көрсеткіш Түркияда – 22%, Оңтүстік Кореяда – 25,6% және Қытайда – 27,7%.

2029 жылға қарай өңдеу өнеркәсібін дамытудың мақсаты – елдің экспорттық әлеуетін іске асыру және ішкі нарықтың қажеттіліктерін қамтамасыз ету. Ол үшін ірі стратегиялық инвесторларды тарту, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды дамыту, сондай-ақ қолайлы инвестициялық жағдайлар жасау жоспарлануда. Нәтижесінде, өңдеу өнеркәсібі 2029  жылға қарай 40%-ға, экспорт – 56,7%-ға, реттелетін сатып алулардағы тауарлардағы, жұмыстардағы және көрсетілетін қызметтердегі елішілік құндылық үлесі 56-дан 63%-ға дейін өседі деп жоспарланған.

Нәтижесінде, 2029 жылға қарай негізгі капиталға инвестициялар көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 3,8 есеге, ал оның ЖІӨ-ге қатынасы 16%-дан 24%-ға дейін ұлғаюы тиіс. Ал борыштық тұрақ­тылықты сақтау мақсатында 2029 жылға қарай мемлекеттік борыш ЖІӨ-нің 30,8%-дан аспауға тиіс. Салық түсімдер де ЖІӨ-нің 22,7%-на дейін өсуі керек. 

Сонда, жобаланған көрсеткіштер 2029 жылғы ұлттық даму жоспарының үдесінен шыға ала ма?

Кәмила ЕРКІН