Таяуда Алматы қаласындағы Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында Мұқағали Мақатаевтың туғанына 93 жыл толуына орай «Мұқағали. Музаға...» атты әдеби музыкалық кеш өтті.
Мұқағали. Музаға...
2,193
оқылды

Көрермен санасына ой саларлық мазмұнды қойылымдарымен танымал қара шаңырақтың осы жолы сахнада қойған кеші де театр сүйер қауымның жүрегіне жол таба білді. Кеште қазақ әуендерінің көркін келтіріп, жылдар бойы әнші бұлбұлдардың аузынан түспей келе жатқан мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған әндер шырқалып, сырлы өлеңдері оқылды. Актерлік құрамның қатарында Нұржан Әбубәкір, Шағуан Үмбетқалиев, Ерден Жақсыбек, Динара Нұрболат, Бақытгүл Серікбаева, Нариман Егимбеков, Ернар Амандық секілді өнер иелері бар.

Биыл қызмет жолын қара шаңырақта бастаған Ернар Амандық  – кеште орындалған әуендерді сүйемелдеп әрі нақышына келтіре шырқағандардың бірі.  Жанға жылулық сыйлайтын сазды әуендерімен тыңдарманның құлақ құрышын қандырып, ыстық ықыласына бөленіп жүрген жас әнші аталған кеш туралы пікірін бөлісті. 

 

– Мен бұл кеште Мұқағали атамыздың сөзіне жазылған әндерді шырқап әрі пианино аспабымен сүйемелдедім. Расында, поэзия, монолог оқып жатқан адамға әуен ерекше әсер береді. Былтыр бұл кешті академияда 4-курс оқып жүрген кезімізде студенттік жұмыс ретінде Байділдә Қалтаев атындағы кіші залда қойған едік. Кеште орындалған әндер сол уақытта таңдалған. Бүгін сол әуендерді үлкен сахнаға шығардық. Дайындық барысында қызықты оқиғалар да, келіспеушіліктер де болды. Труппамен жұмыс істеу оңай емес қой. Сіздер тамашалаған кеш – әртүрлі көзқарастардың нәтижесінде шыққан ерекше дүние болды, – дейді жас әнші Ернар Амандық. 

Музыкалық кеште жанды дауыста ән шырқаған тағы бір талантты актерлердің бірі – Ерден Жақсыбек. Ол Мұқағали Мақатаевты ана тіліміздің сұлулығын жырлары арқылы көрсете білген нағыз ақын деп есептейді. Тіпті, осыдан бірнеше жыл бұрын  жазылып кеткен өлеңдеріне жас композиторлар әлі күнге дейін ән шығарып жатқанын, келешекте сол туындыларды қойылымға біріктіруді жоспарлап отырғанын жеткізді. 

– Шыны керек, мұндай музыкалық қойылымдар халыққа өтімдірек. Оның үстіне, Мұқағали атамыздың шығармашылық жолын бүгінгі қоғамға дәріптеу – біз үшін үлкен мәртебе. Біздің актерлердің қолынан келетіні – ұлы ақындарымыздың өлеңдерін жастар білсін, көрсін, әрі қарай ұрпақтан-ұрпаққа жетсін деген ниетпен өнер көрсету. Мұқағали Мақатаев – ең көп жанкүйері бар ақын деп білемін. Оның өлеңдерінен құралған әндер қаншама. Мұндай кешке халық қанбайды. Өйткені бұл – жанға жағатын, еркін, рухани азық алатын кеш, – дейді ол.

Ерден Жақсыбек келешекте ақынның көп айтылмаған, халыққа жетпей қалған өлеңдерін тауып алып, қоржынына поэзия ретінде қосқысы келеді. Сонымен бірге әнші сұхбат барысында ақынның сөзіне жазылған «Арман-ай» әнінің алғашқы орындаушыларының бірі болғанын еске алды.

– Әрі қарай мұндай музыкалық кештерді тоқтатпай, керісінше уақыт тұрғысынан ұлғайтуымыз тиіс. Мұқағали атамыздың сөзіне жазылған әндердің әрқайсысы ұнайды. Кезінде марқұм Ержан Серікбаев ағамыз ақынның өлеңін тауып алып, «Арман-ай» атты ән жазған еді. Сол әнді ең алғашқы орындаған әншілердің бірімін. Кейіннен «Жігіттер» квартетіндегі ағаларымыздың орындауында Қазақстанға кеңінен тарап, әннің жаңа тынысы ашылғандай болды, – дейді театр актері Ерден Жақсыбек.

Кеш соңында театрға келген көрермен тік тұрып қошемет көрсетіп қана қоймай, ақынның сөзіне жазылған әндерді актерлік құраммен бірге әуелете шырқады. Бұл поэзия жанрында ғана емес, проза, драма бағытында қалам тербеген ақиық ақынның шығармашылық әлемі ғасыр өтсе де халық жадынан өшпейтінінің айқын көрінісі деп бағамдадық.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ, Алматы қаласы