Күні кеше 14 ақпанда «Сапалы білім – сапалы адами капитал» тақырыбында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігінің бірлескен алқасының кеңейтілген отырысы өтті.
Педагогикалық университет үшін маңыздысы – мектеппен тікелей байланыс
2,057
оқылды

Іс-шараға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, Парламент Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов, сондай-ақ жоғары оқу орындарының ректорлары, министрліктің ҒЗИ және ведомстволық бағынысты ұйымдарының басшылары, мектеп мекемелерінің директорлары қатысты.

Отандық білім беру саласының басым бағыттары сөз болған алқа отырысында Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма төрағасы – ректор Болат Тілеп те Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында еліміздегі орта білім беру саласындағы кадр тапшылығы мәселесін шешу, жаңа формациядағы педагогикалық кадрларды даярлау, кадрларды қайта даярлау бағдарламасын күшейту, үздіксіз біліктілікті арттыру механизмдерін және PGCI бағдарламаларын іске қосу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

«Педагогикалық университет үшін ең басты, ең маңызды бағыт  әрине, мектеппен тікелей байланыс. Сондықтан да қазіргі таңда біздің жұмыс педагогтерді дайындау процесінің практикаға негізделуі, оның ішінде дуальды оқыту, мектеп мұғалімдерін дипломдық жұмыстарға жетекшілік етуге тарту, шебер-педагогтерді дәріс беруге шақыру арқылы кеңейіп жатыр. Студенттердің  minor  және «микробілікіліктер» бағдарламаларын қосымша игеруіне жағдай жасалуда. Осы шаралар түлектердің тәуелсіз сертификаттаудан ойдағыдай өтуіне оң ықпал етеді деп сенеміз. Жалпы, жастардың мұғалімдікке қызығушылығын арттыру кәсіби бағдар беру жүйесін толыққанды қалыптастырумен тікелей байланысты. Сондықтан мектептермен әріптестікті нығайту шаралары жаңа тұрғыда жүзеге асып отыр», – деген ректор болашақ педагогтің кәсіби жауапкершілігін көтеру, білім сапасын арттыру, Абай университеті мен мектептер арасындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында жүзеге асырылып жатқан «Педагогикалық сынып», Honors College жобаларына тоқталды.

Соған байланысты Абай университеті келесідей бастамаларды қолға алып отыр:

Біріншіден, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетімен консорциум құрып, педагогика факультетін ашу жоспарланып отыр. Биылғы жылдың қыркүйегінен бастап кадрлар даярлана бастайды.

Екіншіден, осы жылдың наурыз айынан бастап Абай университетінің 200 студенті Астана қаласына педпрактикадан өтуге келеді. Бұл бастаманың мақсаты – Астана мектептеріндегі кадрлық сұраныстың шешілуін қамтамасыз ету.

Үшіншіден, Абай университеті қазір  республиканың үш өңірімен мұғалімдерді қайта даярлап, жаңа формацияда біліктілігін арттыру жұмыстарын бастап кетті (Жетісу – арнайы педагогика мамандары, Алматы және Түркістан – пән мұғалімдері). Осы жылы 3 мыңнан астам педагог  қамтылады.

Жалпы, аталған шараларды үйлестіруді Абай университеті өз міндетіне алып, еліміздің барлық педагогикалық қауымымен, Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясымен бірлесе отырып жұмыс істейтін болады.