Министрлік ақпаратқа қол жеткізу және қоғамдық қатысу мәселелері бойынша заң жобасын дайындап, Мәжіліске енгізді.
Мемлекеттік ақпараттық тапсырыстарды бөлу механизмі гранттық қаржыландыруға көшеді – министр
558
оқылды

Мемлекет басшысының Жарлығымен ақпараттық доктрина бекітілді. Доктрина отандық ақпараттық контенттің бәсекеге қабілеттілігі мен сапасын арттыру, оның құндылығын толықтыру, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл туралы Мәдениет жәнн ақпарат министрі Аида Балаева министрліктің алқа отырысында айтты. 

Министрдің айтуынша, «Онлайн жарнама және онлайн платформалар туралы» заң қабылданды. Заң онлайн платформалар қызметін құқықтық тұрғыдан негіздеп, тиімді ынтымақтастық орнатуға ықпал етеді.

Министрлік ақпаратқа қол жеткізу және қоғамдық қатысу мәселелері бойынша заң жобасын дайындап, Мәжіліске енгізді.

Президент мемлекет мүддесін, қоғамның сұранысын және медиасфераның даму үрдісін ескере отырып, медиа заңнаманы қайта қарау туралы тапсырма берген болтын. Соған байланысты «Масс-медиа туралы» заң жобасы әзірленіп, Мәжілістің бірінші оқылымында мақұлданды.

Цифрлық эфирлік телерадио хабар таратуды дамыту жобасы іске асуда. Бүгінде халықтың 93%-дан астамы цифрлық хабар таратумен қамтылған. 580 радиотелевизиялық станса пайдалануға берілді.

Мемлекеттік телеарналардың шетелде хабар таратуы бойынша жұмыс жүргізілуде. Қазір «24.kz»,  Qazaqstan International  және  Balapan International  телеарналары алыс-жақын шетелдерде хабар таратады.

Былтыр министрліктің тапсырысымен 638 сериядан тұратын 43 сериал шығарылды.

Өткен жылы аймақтардағы мерзімді басылымдарының өзекті мәселелерін талқылау мақсатында ұйымдастырылған өңірлік БАҚ форумы биыл да жалғасын табады.

Газет-журналдарға жазылу  оңтайланып, «Қазпошта» және Kaspi Bank қосымшалары арқылы онлайн-жазылу жүйеленді.

2024 жылы ақпараттық саясатты жүзеге асыруға қатысты бірқатар міндеттеріміз бар.

 «Масс-медиа туралы» заң қабылданғаннан кейін журналистердің мәртебесін артып, мемлекеттік ақпараттық саясат жетіле түседі деп ойлаймыз. Сонымен қатар мемлекеттік ақпараттық тапсырыстарды бөлу механизмінен гранттық қаржыландыруға көшеді, – деді Аида Балаева.

Министр заң жобасы отандық медиа-кеңістіктің ақпараттық қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған бірқатар шара  жүзеге асырылатынын да атап айтты.

Аида Балаеваның айтуынша, бұл шаралар радиода шетелдік контентті қайталап көрсету мүмкіндігін 20-дан 10 пайызға дейін қысқарту, телерадио арналардағы отандық контент пен тілдік үлесті жыл сайын 5 пайыздан 60 пайызға дейін кезең-кезеңмен ұлғайту көзделіп отыр.

Биыл ақпараттық доктринаны іске асыру жалғасады. Мәселен, «сұр тарелкаларды» таратқаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізу, медиа саладағы бизнес-процестерді цифрландыру шеңберінде бірыңғай медиа платформа құру, әсіресе шекара маңындағы аудандарда отандық телерадио хабарларын тарату аумағын кеңейту жоспарлануда.

Сонымен қатар  сыртқы ақпараттық шабуылдарға және деструктивті идеологияның таралуына қарсы кешенді шаралар қабылданады.

«Онлайн платформа және онлайн жарнама» туралы заңының талаптарына сәйкес, жалған ақпаратты таратуға қатысты жауапкершілік көзделген. Бүгінде онлайн платформалар мен интернет ресурстарда 243 жалған ақпаратты тарату фактісі, атап айтқанда, онлайн платформаларда 238, интернет ресурстарда 5 факті анықталды. Бұл бағыттағы жұмыстар күшейтіледі.

БАҚ саласында қабылданған маңызды құжаттар мен министрліктің жұмыс жоспарына сәйкес, контент сапасы мен мазмұнын жақсарту бойынша жұмыстар жалғасады.

Соған байланысты министрлік тарапынан журналистердің кәсіби біліктілігін арттыру бойынша семинар-тренингтер, оқыту курстарын өткізу жоспарлануда.

Жоспар аясында еліміздің барлық өңірлерін қамти отырып, журналистер үшін қазақ және орыс тілдерінде 40-қа жуық оқыту іс-шарасы өткізіледі. Соның ішінде фактчекинг, медиаэтика, киберқауіпсіздік және басқа да өзекті тақырыптар бойынша тақырыптар бойынша оқыту курстар өтеді.

Бұл ретте тоқсан сайын әр өңірде цифрлық медиа, фактчекинг, медиа этика және медиа саланың басқа да өзекті бағыттары бойынша кемінде 50 журналисті оқыту жоспарлануда.

Сондай-ақ телеарналарда балалар контенті, экологиялық мәдениет, қарапайым еңбек адамы, ұлттық дәстүр, тәрбие, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолдау көрсету секілді өзекті тақырыптарға басымдық берілуге тиіс.

«Министрлік 2024 жылы салалық журналистиканы дамыту жөніндегі Жол картасы шеңберінде республика бойынша 14 жоғары оқу орны базасында курстар өткізетін болады. Сонымен қатар жалпы еліміздегі 30 журналистика факультетінің оқу бағдарламасын түбегейлі жаңарту керек деп есептейміз. Сондай-ақ халықтың медиа сауаттылығын арттыруға, баспасөз хатшыларының, өңірлік БАҚ өкілдерінің біліктілігін арттыруға бағытталған 2024 жылға арналған медиа сауаттылықты дамыту жоспары әзірленіп, іске асуда. Жоспар аясында еліміздің барлық өңірін қамти отырып, журналистерге арналған қазақ және орыс тілдерінде 40-қа жуық оқыту іс-шаралары өтеді», – деді министр.

Сондай-ақ министр Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы атап өткендей, қоғамда еңбек құндылықтарының идеологиясын қалыптастыру және масылдық психологияны жою бойынша ақпараттық жұмыс жандандырылатынын айтты.