Қызылорда облысында вирустық инфекцияның таралуы айқын сезілуде.
Қызылордада коронавирус инфекциясының 37 дерегі тіркелді
Фото: автордыкі
955
оқылды

Оған эпидемиологиялық ахуалдың тұрақсыздануы басты себеп болып отыр. Бұл жайында Қызылорда облыстық әкімдігі жанындағы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Динара Жаңабергенова мәлімдеді.

Департамент басшысының айтуынша, ағымдағы жыл басынан бері өңірде коронавирус инфекциясының 37 дерегі тіркелген. Сондай-ақ, тұмау мен қызылша індеті бойынша да ахуал алаңдатарлық күйде тұр. 

«Облыс аумағында тіркелген коронавирус инфекциясының көп мөлшері, яғни, 94 пайызы Қызылорда қаласының үлесіне тиесілі. Сондай-ақ, облыс көлемінде ЖРВИ-дің 16514 жағдайы есепке алынса, оның 65,3 пайызы 14 жасқа дейінгі балалардан байқалып отыр. Сол сияқты бүгінге дейін тұмаудың 78 дерегі тіркелді. Қазір эпидахуалды тұрақтандыру бағытында нақты шаралар жүргізіліп жатыр», – дейді Динара Олжабайқызы.

Негізінен, биыл 8 ақпанда еліміздің Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің профилактикалық шараларды күшейту туралы Қаулысы қабылданған. Соның ішінде, Алматы, Астана және Шымкент қаласындағы ахуал алаңдатарлық күйде тұр. 

«Облысымызға келетін болсақ, нақты уақытта эпидемиологиялық ахуал тұрақты деп бағаланады. Дегенмен, босаңсуға негіз жоқ. Бұл тұрғыда жыл сайын жергілікті бюджеттен тұмауға қарсы вакцина сатып алынады. Биылғы эпидмаусымға 84 430 доза вакцина алынып, тиісті контингенттер бойынша 83 168 адам  тұмауға қарсы екпе алды. Ал қызылша бойынша ағымды жылдың қаңтар айында 366 науқас тіркелген. Бұл көрсеткіш 2023 жылдың желтоқсан айымен салыстырғанда 32 пайызға төмендегенін көрсетеді. Иммундау шарасы аясында бүгінгі күні егуге жоспарланған балаларды вакцинациямен қамту көрсеткіші 89,5 пайызды құрады. Екпеден кейін асқыну жағдайлары тіркелген жоқ. Осы ретте  қызылша ауруына шалдыққандардың 80 пайызы екпе алмағандар арасынан анықталғанын ерекше атап өткен абзал», – дейді Департамент басшысы.

Жалпы халық арасында ауа-тамшы жолы арқылы берілетін инфекциялық аурулардың ушығып тұрғаны жасырын емес. Соның ішінде қызылша, коронавирус инфекциясы, тұмау және басқа да жіті респираторлық вирустық инфекциялардың таралуын болдырмау мақсатында Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің Қаулысы қабылданып отыр. Қаулыға сәйкес халықтың көп жиналатын орындарда, көліктің барлық түрлерінде медициналық немесе матадан тігілген маскаларды пайдалануға ұсыным берілді.

Сонымен қатар медициналық ұйымдарда антисептиктердің болуы, маскамен кіріп-шығу енгізілді. Соған орай жеке бас гигиенасын сақтау, үй-жайларда ылғалды тазалық жұмыстарын жиі жүргізу, әлеуметтік қашықтықты сақтау, салауатты өмір салтын ұстанып, дәрігерлердің кеңестерін жауапкершілікпен орындауға баса мән беріліп отырғанын жеткізді. 

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ, 

Қызылорда облысы