Көкшетауда өткен жылы Бұқпа тауының төбесінде жазылған «Көкшетау» жазуының «ТАУ» әріптерін жөндеуге 18 миллион теңге бөлініп, бұл қала тұрғындарының тарапынан үлкен резонанс тудырған.
«Үш әріпке 18 миллион теңге»: Көкшетауда құлап қалған жазу үшін Антикор қала әкімдігін тексерді
2,606
оқылды

Мемлекеттік сатып алу арқылы ақыры миллиондар бөлініп, тұрғызылған әріптер жайы өңірдің сыбайлас жемқорлық қызметін де қызықтырып, ведомство қала әкімдігіне кешенді тексеріс жүргізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. 

Өткен жылдың шілдесінде шаһардың басты ерекшелігі саналатын «КӨКШЕТАУ» жазуының металл құрылымы желді күні құлап соңғы «ТАУ» әріптері күл-талқаны шыққан күйі ұшып кеткен.

Департамент Бұқпа төбесіндегі «Көкшетау» жазуы сәулет формасын қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік сатып алу жұмысына мониторинг жүргізген. 

Бүлінген әріптерді қалпына келтіріп, қалған «КӨКШЕ» жазуын мықтау үшін қала әкімдігіне қарасты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі алғашқыда 18 миллион теңге бөлген. Бірқатар коммерциялық ұсыныстарды зерттегеннен кейін мемлекеттік орган мердігермен бір көзден тәсілімен келісімшарт жасауды ұйғарыпты. Жұмысты орындау құнын тараптар 17,6 миллион теңге деп бағалаған.  Бұл оқиға қоғам тарапынан үлкен резонанс тудырып, келісімшарттың заңдылығына қатысты түрлі сұрақ, күмән көбейді. 

– Мониторинг шеңберінде өңірлік сыбайлас жемқорлыққа қызмет өкілдері нысанға барып, орнату процесі мен құрылымды монтаждау жұмысын бақылауға алды. Сонымен қатар барлық мүдделі тараптардың қатысуымен кездесу өткізіліп, департамент қалпына келтіру жұмыстарының бағасын төмендету және жазуды жөндеу сапасын қамтамасыз ету қажеттігін көрсетті. Осылайша қала әкімдігі келісімшарт құнын 4 миллион теңгеге жуық төмендетті. Бұл қаражат мәслихаттың сессиясын өткізгеннен кейін қала тұрғындарының әлеуметтік қажеттіліктеріне бөлу жоспарланып отыр, – деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің баспасөз қызметінен.  

Сонымен бірге сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлер тапсырыс беруші және мердігермен мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманың сақталуына тексеріс жүргізетін өкілетті органға жүгінді. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы