Қызылорда облысында «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға жоспарланған «Халықпен бірге!» атты сайлауалды бағдарламасы ая­сында атқарылған жұмыстар жетер­лік.
Байқоңырдың инфрақұрылымы дамиды
939
оқылды

Өңірде аталмыш бағдарламаны нақты жүзеге асырудың арнайы Жол картасы әзірленіп, оған қажетті қар­жы да қаралған. Соның негізінде 115 іс-шара бекітіліп, кезең-кезеңімен жүргізілуде. Бұл жайында 2023 жыл­ғы атқарылған жұмыстар қорытын­дысы бойынша БАҚ өкілдеріне берген брифингте пар­тияның облыс­тық филиалы төрағасы Наурызбай Бай­қадамов мәлімдеді. 

Брифингте филиал төрағасы партия­ның сайлауалды бағдарламасының мән-маңызына кеңінен тоқталды. Аталмыш бағдарлама сайлаушылардың ұсыныс-пікірі негізінде арнайы әзірленген. Нәти­жесінде, былтыр жоспарлы іс-шаралардың 95 пайызы орындалып отыр. 

«Өткен жылы Жол картасы бойынша 115 іс-шараның 109-ы, яғни 95 пайызы орындалып, бесеуі орындалу сатысында тұр. Сонымен бірге жыл қорытындысында 1 шара орындалмай қалды. Атап айтқанда, «Байқоңыр қаласындағы сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін қайта жаңғырту» жобасының мемлекеттік сатып алу кон­курсы қорытындысына шағым келтіріліп, сот процесі ұзаққа созылып кетті. Соның салдарынан бөлінген қаржы игерілмей қалды. Жол картасын іске асыру барысын­да биліктің партия алдындағы жауап­кер­шілігін арттыру бойынша Партиялық ба­қылау комиссиясының жұмыстары жаңа бағытта жүргізілуде. Алдағы уақытта ат­қарылуы тиіс жоспарлы жұмыс­тарды ши­рата түсетін боламыз», – деп мәлімдеді Наурызбай Байқадамов.

Жалпы, есепті кезеңде партияның қо­ғам­дық қабылдау бөлмелеріне азамат­тардан 4 484 өтініш тіркеліп, олардың 3 179 өтініші оң шешілді. 1 256 мәселе бойынша нақты кеңес берілген. Мұнымен қоса, шалғай елді мекендерде 16 мобильді қабылдау өтіп, оларда 184 мәселе қаралып, 76-ы оң шешілген. Сондай-ақ партияның «Құқықтық көмек» жобасы аясында өткен 134 қабылдауда 367 мәселе қаралған. Нәтижесінде, 244 тұрғынға кеңес беріліп, 104 тұрғынның құқығын қорғау бойынша сүйемелдеу шаралары жүргізілген. 

Негізінен, қоғамдық қабылдауларда көтерілетін мәселелердің басым бөлігі әлеуметтік қолдау бағытын қамтиды. Атап айтқанда, азық-түлік және қаржылай көмек, жұмыспен қамту мен еңбек қаты­нас­тары, тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылығы және инфрақұрылым бағытында мәселелерін айтып келушілер қарасы қалың. Сол сияқты денсаулық, білім беру бағытында шағымын айтушылар да аз емес. Филиал төрағасы тұрғындардың ұсы­ныс-пікірлері мен өтініштері ескерусіз қалмайтынын жеткізді. 

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы