Әйгілі аңыз адам, арда ақын Франсуа Вийон жайлы 2010 жылы шыққан Серж Мейнардың «Мен – ұры, қанішер, ақын… Франсуа Вийонмын» кинофильмі бар.
«Қара есекке теріс мінгізу» немесе Cancel culture
1,044
оқылды

Сонда басынан соры арылмаған, небір нәубетті кешірген ақынды фильм соңында француз билігі Парижден қуып, қуғынға ұшыратады. Басты себеп – «Вийонның қоғамға кері әсері». Мұндай қуғындауды кезінде рухты ақын Есенин де көрген. Уақытында Сталин оның өлеңдерін оқуға тыйым салады. Тарихта танымал адамдардың осылай қуғынға ұшырап (билік һәм халық тарапынан), қоғамнан аластатылған оқиғалары жетерлік. Бірақ біздің айтпағымыз бұл қуғындалу емес... «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегендей, айтпағымыз басқа «қуғындалу» жайында...

Қазақта «халық қаласа хан тү­йе­сін сояды» деген бар. Ал халық­тың қалауы не, нені қаламайды? Әлбетте ұлтты кемсітпеу, ардан аттамау, әлсізге зорлық-зомбылық жасамау деген секілді жалпы­халықтық түсініктер бар. Осындай қағидаларды ұстанбаған жандар немесе белгілі бір мекемелер қо­ғам­­ның наразылығына, қарсы­лығына ұшырап жатады. Мұндай жағдайды Cancel culture яғни терістеу мәдениеті деп атайды. Біз осы мақаламызда мәдени бойкот жайында ой қозғап, оның еліміздегі көріністерін сөз етпекпіз.

Вайнштейн эффектісі

Батыста мәдени бойкот 2017 жылы күшейді. Даудың басы америкалық продюсер Харви Вайнштейнге қатысты еді. 2017 жылғы қазанда The New York Times пен The New Yorker басылымдары Вайнштейннің ұзақ уақыт бойы қызмет бабын пайдалана отырып актрисаларға харассмент көрсет­кенін баяндайтын мақалалар жа­рия­­лады. Бұл уақиғадан соң бас-аяғы 80-ге тарта адам Вайнштей­н­нен көрген қысымын мәлімдеді. Осы себепті Вайнштейн америка­лық кино академиядан, өзі құрған The Weinstein компаниясынан қуыл ды, бизнесі банкротқа ұшырады, ал әйел зорлағаны дәлелденіп, 2020 жылы 23 жылға бас бостандығы­нан айырылды. Бұл оқиға #MeToo (Мен де) онлайн қозғалысын баста­ды. Бұл хэштегті қолданатын әйелдер бір кездері басынан өткер­ген жыныстық қудалау мен зорлық-зомбылық туралы айтып, парақша­ларында бөлісе бастады. Жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған жазбалар біршама уақытқа созы­лып, көпшілік арасында қанатын кеңге жайды. Айыпталған көптеген танымал адам беделдері мен мара­пат­тарынан айырылып жатты. Бірнеше жыл бойы саясаткерлердің, таны­мал тұлғалардың және ірі ком­па­ниялар қызметкерлерін қудалау оқиғаларының толқыны көптеген аймақты шарпыды. Танымал адам­дардың арасында режиссер Бретт Рэтнер, әйгілі аспаз Джон Беш, Ұлыбритания Қорғаныс министрі Майкл Фэллон секілді қоғамда беделді жандар болды. Осылайша, өмірге «Вайнштейн эффектісі» деген термин келді. 

Осыдан келіп мәдени қарсы­лықтар жер-жерде әртүрлі жағдай­ларға қатысты бас көтере бастады. Мәдени бойкот тырнағына беделді адамдар ғана емес төрт аяғын тең басқан танымал брендтік тауарлар, ком­паниялар да ілігіп жатты. Мә­се­лен, Forrester зерттеуіне сәйкес, АҚШ-тың әлеуметтік желінің белсенді қолданушылары мынадай брендтерге бойкот жариялайтыны анықталған: қызметті әдепсіз жүргізгендерге – 55%; өз қызмет­керлеріне нашар қарайтындарға – 53%; басшылықтың өз лауазымын әсіре пайдаланып орынсыз әрекет­терге баратындарға – 40%.

Бір мысал. 2021 жылы H&M компаниясы Қытайда мақта теруге құлдар еңбегін пайдаланады деп наразылық білдіреді. Наразылығын Қытайдағы Шыңжаң-Ұйғыр авто­номиялық ауданында мақта теруге мәжбүрлі жұмыс күші жегілетініне алаңдап, осы аймақтан мақта сатып алудан бас тарту арқылы білдіреді. Бұған өз кезегінде H&M компания­сының Қытайды құрметтемеуі деп коммерциялық жылжымайтын мүлік иелері H&М швед киім дү­кен­дерін жауып кері жауап береді. Үрімжі, Инчуан, Чанчунь және Ляньюньган қалалық округтерінде орналасқан сауда орталықтарының операторларымен байланысқа шық­қан Bloomberg ол жерлерде кем дегенде алты H&M дүкені жа­был­­ғанын хабарлайды. Осы бой­кот­­тың кесірінен, үш айдың ішінде Қытайдағы H&M сатылымы 28%-ға төмендеп, компания 74 миллион доллар жоғалтты.

Бұл жағдай біздің елдегі қазақ­стандық бизнесмен Рамиль Мухоряповтың қазақ тіліне қатыс­ты пікірі оның өнімдеріне бойкот жариялау мәселесін көтеруге дейін алып барғанын еске түсіреді. Кәсіпкер айтқан: «Егер сіз орысша сұрап, сізге қазақша жауап берсе, ол ұлтшылдық, әрі төмен мәдениет­тің белгісі» деген тұжырымына көпшілік қатты наразылығын білдіреді. Бұл #CancelChoco деген хэштег арқылы кәсіпкерге тиесілі компанияларды тұтынбауға ұла­сып, әлеуметтік желіде қызу талқы­ланып, ақыр соңы бизнесменнің кешірім сұрауымен Chocofamily қосымшасын қазақшалауымен тынады. Дәл осылай «Пинта» ресторандар желісі қазақша әуен­дер қоймағаны үшін қоғамның на­разылығы туындап, жалпы­ха­лық­­тық қарсылыққа ұшырап бара жатқан соң қазақша әуендер қоса бастап, қоғаммен санасуды жөн деп табады.

Еліміздегі Cancel culture

Еліміздегі мәдени бойкоттар Мухоряповпен ғана шектелмейді. Мәселен, былтыр ұлты қазақ ре­сей­лік әзілкеш Азамат Мұсағалиев пен әріптестері Ресей басып алған Донбасс аймағында концертке қаты­сып, соғысты қолдайтын ән шыр­қа­ған. Осыдан кейін Мұса­ғалиев бастаған ресейлік әзілкеш­тер­дің Қазақстандағы концертіне бойкот жариялағандар көбейді. Әлеуметтік желі қолданушылар өре тұрып қарсылық білдіргеннен кейін Ресейдің басқыншылығын жақтаушы «Камызяки» тобының еліміздегі концерттеріне тоқтау салынды. Аталмыш топ 5 және 7 қазан күндері Алматы мен Астанада жеке (соло) концерт қоятын болып белгіленген еді. Алайда олардың Ресейдің Украинаға жасап жатқан бас­қыншылық соғысын құптауы­мен келіспеген және топтың жетекшісі Азамат Мұсағалиевтің бұдан бірқатар уақыт бұрын қазақ тілін «курлы-мурлы» деп келекеле­геніне ашынған қазақстандық қа­уым бұл шараға қарсы көте­рілген болатын. 

Бұған дейін қазақ қоғамының наразылық танытуына байланысты елде Ресейдің Ирина Дубцова, Гри­горий Лепс, Лариса Долина, Поли­на Гагарина, Сергей Глушко, Ни­ки­та Джигурда секілді өнер жұл­дыздарының концерттеріне рұқсат етілмеген еді. Мұның есесіне, РФ-ның Украинадағы оккупация­сына бірден қарсы үн қатып, елден кетіп қалған шоумен Максим Гал­киннің Қазақстанда қа­зан айында өтуі жоспарланып қойылған кон­цертін жергілікті жұрт қолдаған еді.

Жоққа шығару мәдениеті тек бизнес төңірегіне ғана емес, таны­мал азаматтарға да қатысты. Айта­лық, былтыр әлеуметтік желіде бокс­шы Бейбіт Шүменовтің қоғам­дық орында бала ұстаған адаммен жанжалдасқан бейнежазбасы кең таралып, осы бейне жазбадан кейін халық Бейбіт Шүменовті ашық кінәлайды. Ақырында, боксшыға қатысты Ішкі істер министрлігі қыл мыстық іс те қозғайды. 

Мәдени қарсылыққа ұшыраған мульфильмдер

Мәдени қарсылыққа тек тұлға­лар мен брендтер ғана емес, балалар ертегілері мен мультфильмдері де тап болады. Мысалы, батыста Ақ­ша­қ­ар туралы ертегі сынға ұшы­рады. Бұған себеп – ертегідегі хан­зада ақшақарды ұйықтап жатқанда, оның келісімінсіз сүюі болды. Ал бүгінгі жаңа этика мұны жыныстық зорлық-зомбылық деп санайды. 2020 жылы Дисней өзінің «Дамбо», «Питер Пэн» және «Дж­ун­гли кітабы» мультфильмдеріне кейбір кейіпкерлердің «нәсілшіл» бейнеленуі жайында қарсылық­тарға ұшырайды. Ал 2021 жылы оларды балаларға арналған фильм­дер тізімінен алынып, жаңа этика нормаларын сақтамау салдарынан мультфильмдер «ересектерге арнал­ған контентке» айналды.

Мұндай оқиға біздің елімізде де көрініс тапқанын. Осыдан аз ғана жыл бұрын қоғамда «Базз Лайтер» мультфильміне қатысты дау өршіп кетті. Адамзат тарихындағы ең қымбат мультфильмдердің бірі санал­ып, 200 млн доллар қаржыға тү­сі­рілген «Базз Лайтердің» көрсе­тілімі Батыс елдерінде сәтті өтке­німен Таяу Шығыс пен Оңтүстік Шығыс Азияда Базздың басы дауға қалды. Себебі мульт­фильм­де қыз кейіпкер Алиса Хотор­нның әріп­тесі, құрбысымен сүйісетін сәті көрсетілгенінен еді. Бұл көріністі көптеген мұсылман елдері ЛГБТ-ны ашық насихаттау және құнды­лығымызға шабуыл деп мәлімдеп, туындыны көрсетуден бас тартты. «Базз Лайтердің» дауы Қазақстанға жетіп, даудың басы актер Нұртас Адамбаевтың жазбасынан баста­лып, артынша министрліктің ара­ласуына да алып келді. Қазақстанда Базз Лайтерге тыйым салуды талап еткен петиция онлайн режимде 35 000 қол жинай­ды. Осылайша, фи­льм аясындағы дау азайып, туынды көрсетілмеді. 

Мәдениеттанушылар не дейді?

Осы мақаланы жазу барысында өнертанушы, әнші Ерлан Төлеутай­мен байланысқа шықтық. Ол бұл тақырып аясында ойын былайша сабақтады.

«Жалпы, мәдени қарсылықтар қашаннан болған, бола береді. Өз басым бұған ұлттық идеология тұрғысынан қараймын. Мәселен, бүгінде эфирлерде біздің болмы­сымызға жат телешоулар мен бағ­дар­ламалар қаптап кетті. Олардың ұрпаққа беріп жатқан тәрбиесі, тағылымы, мәні мен мағынасы жоқ. Абай айтқандай, «қолымда за­кон қуаты болса» осылардың бар­лығына бойкот жариялар едім. Біз өз бірегейлігімізден алшақтап, ұлт­тық болмысымызды жоғалту ал­дын­дамыз. Қазақ телеарналары бұған жол беріп отыр. Эфирлерден ұлттық құндылықты насихаттайтын бағдарламарды ашудың орнына ұрпақ санасына теріс әсерін беретін бағдарламалармен рейтинг қуып әуре болып жүр. Рейтинг деген – бос сөз. Кезінде «Қазақстан» теле­арна­сын Ғалым Доскен басқарып тұрған тұста қандай ғажап бағдар­ламалар ашып еді. Сол кезде бүкіл қазақ даласы сол бағдарламарды көретін. Міне, рейтинг деген – осы. Біз өзіміздің қазақ екенімізді ұмытпауымыз қажет. Кезінде Қай­рат Байбосынов ән айтқан кезде кейбір қазақтардың «қандай тамаша ән, тамаша дауыс, қазақ екенімді сезініп қалдым» дегенін естігенмін. Олар неге олай айтты? Себебі ол ән біздің түйсігімізде ұй­қыға кетіп бара жатқан болмысы­мызды оятты. Қазақы рухымызды серпілтті. Мен мәдени қарсылыққа тағы үш нәрсені айтқым келіп отыр. Біріншіден, еліміздегі нәзік жандыларға сабақ үйретіп жүрген біздің болмысқа сай келмейтін семинар-тренингтер өткізетіндерге бойкот жариялау керек. Екіншіден, концерттер мен той-томалақтарда фонограммамен ән айтатын әнші­лерге тосқауыл қоюымыз қажет. Үшіншіден, уағызымен біздің дәс­түрлі құндылықтарымызды жоққа шығаратын молдаларға тыйым салуымыз керек. Қазір осы үш мәселе де өзектілігі күйіп тұр», – дейді ол. 

Ал мәдениеттанушы Роза Омар­­бекқызы мәдени қарсылық­тарды да мәдени этикамен жүр­гізген дұрыс деп санайды. 

«Мәдени бойкот дегеніміз – аты айтып тұрғандай, кез келген мәселеде, қандай жағдай болмасын халықтың мәдениетті түрде ол тұл­ға­дан немесе тауардан бас тартуы. Бізде өкінішке қарай, бұл тұста кемшіліктер кездесіп жатады. Кез келген дүниені мәдениетті түрде, сауатты сарапқа салып, сабырмен шешуге болады», – дейді ол. 

 

P.S. 

Сарапшылар қудалаудың тарихы ежелгі Грекиядағы остракизмнен бастау алатынын айтады. Кезінде мемлекетке қауіпті азаматтарды қоғамнан аластау процесін осылай атаған. Қауым жасырын дауыс беру кезінде остракон, яғни балшық сынықтарына елден кім қуылатынын жазып, ортақ шешімге келген екен. Ал біздің жағдайда бұл тіптен ертеде басталған десек ше? Қазақ халқының салтдәстүрлерінің бірінде – қара есекке теріс мінгізу болғанын қалай ұмытамыз? «Жеті жарғы» заңы бойынша қылмыс жасаған, елге ұят кел­тір­ген ерсі іс істеген, зиян жаса­ған ер, әйелдерді дала заңы бойынша халық жиналып, оның ұятын бетіне басады. Қара есекке (немесе қара сиырға) теріс мінгізіп, бетіне күйе жағып, есек бауыры астынан аяғын байлап, мойнына қара құрым іліп, үй, ауыл аралатып мазақ етеді, әбден қорлайды. Жұрт бетіне түкіреді. Бұл әсіресе жас балалар үшін қатал көрсеткіш, үлгі әрі тыйым болды. Бұл тыйымды бүгінгі тілмен Cancel culture десек болатын шығар.

Наурызбек САРША