Көп функциялы құрылғыны экологиялық жағдайды бақылаудан бастап, өнімнің сапасын анықтауға немесе адам денсаулығын бақылау тәрізді әртүрлі салаларда қолдануға болады. Ғалымдар «электронды мұрын» желісін құруды және қаладағы қоршаған ортаны бақылау жүйесінің прототипін құрастыруды жоспарлап отыр.
Жасанды интеллектке негізделген көпсалалы жобада нейрондық желілер және машиналық оқыту алгоритмі қолданылады. Қазір ғалымдар «электронды мұрынға» көп тапсырманы орындауды үйретуде. Олар нейрондық желіні бір жүйеден екіншісіне ауыстыру моделін жасауды қолға алды. Бұл жоғары дәлдігі бар бірнеше жасанды иіс сезу жүйелерін қысқа мерзімде үйретуге мүмкіндік береді.
– «Жасанды иіс сезу жүйелері жоғары мамандандырылған салаларда қолданылады. Егер жүйені бір аспапта үйретсеңіз, дәл сол жүйені екінші құрылғыда пайдалана алмайсыз. Қазіргі электронды мұрын жүйелерінің әрқайсысын бір-бірінен бөлек ұзақ уақыт бойы оқытады, сынақтан өткізеді және белгілі бір салада ғана қолданады. Бұл «электронды мұрынның» жаппай өндірісін қалыптастыруға жол бермейді. Біз оқыту әдістемесін әзірлеу және деректерді бір жүйеден екінші жүйеге жылдам тасымалдау жұмыстарымен айналысамыз. Бір «электронды мұрынды» әртүрлі зерттеу объектілеріне және түрлі мақсаттарға қолдану арқылы нәтижелерге қол жеткіздік. Жобаның қорытындысы бойынша бірнеше «мұрыннан» желі құруды жоспарлап отырмыз. Олар деректерді серверге жібереді және бұл арқылы қаланың экологиялық мониторингі жүйесінің прототипі жасалады», – деп түсіндіреді жоба жетекшісі, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ «Ақпараттық қауіпсіздік және криптология» ҒЗИ директоры Дина Сатыбалдина.
ЕҰУ ғалымдары «электронды мұрын» көмегімен Қазақстанның әртүрлі аймақтарындағы топырақтың мұнай өнімдерімен ластану дәрежесін анықтады. Эксперимент ретінде Қазақстанның 8 кен орнынан мұнай алынды. Оның барысында жасанды иіс сезу жүйесі 95% дәлдікпен құрамы ұқсас мұнай түрлерін ажырата алды. Ғалымдардың сөзінше, мұндай жылдам бағалау кейбір қымбат, ұзақ мерзімді зертханалық зерттеулерді ауыстыруға мүмкіндік береді.
– «Біз пластмассалардың иісін анықтау үшін зерттеу жүргіздік. «Электронды мұрын» сарапшы адамдардың мұрындарына қарағанда сезімтал екені белгілі болды. Адамдар иісті анықтай алмаған жерде, біздің құрылғы оны жоғары дәлдікпен ажыратты. Демек, бұл процесті толығымен автоматтандыруға болады», – деп атап өтті физика-математика ғылымдарының кандидаты.
Жасанды иіс сезудің газ-аналитикалық жүйесі заттың химиялық құрамын ажыратады, жіктейді және дәл анықтайды. Сондай-ақ, құрылғы көкөністер мен жемістердің үлкен көлемін сақтау процесін басқаруға және автоматтандыруға көмектеседі.