Аурудың басты себебі – стресс, дұрыс тамақтанбау, өт қабының және өт жолдарының дамуындағы ауытқу.
Өт аурулары неден пайда болады?
Фото: pexels.com
2,847
оқылды

Өт пен бауыр – адам ағзасындағы маңызды орган. Екеуін ағзаның сүзгісі деп те айтуға болады. Олар бірлесе отырып қанды шлак, токсиндерден тазартып, ағзаға минерал, дәрумендер мен амин қышқылдарының сіңуін қамтамасыз етеді. Қазір өт, бауыр ауруына шалдыққандар көп. Енді бұл неден пайда болатынына тоқталайық.

Аурудың басты себебі – стресс, дұрыс тамақтанбау, өт қабының және өт жолдарының дамуындағы ауытқу.

Белгілері

Мамандардың айтуынша, мұндай жағдайда адамның терісі, көздің ақ қабығы сарғаяды. Денесі қышып, салмақ жоғалтуы мүмкін. Түнде қатты терлеп, іші (оң жақ қабырғаның асты) ауырады, тәбет төмендейді.

Өзіңізден осы белгілерді байқасаңыз, дәрігерге қаралғаныңыз жөн. Ең алдымен дұрыс тамақтануды қолға алғаныңыз маңызды. Адам күніне үш мезгіл уақытылы тамақтанса, ағзада өт жақсы бөлінеді. Ал уақытты өткізіп алып, түнде тамақтансаңыз, өт дұрыс бөлінбей, ауру пайда болуы мүмкін. Сондықтан уақытылы тамақтануға көңіл бөлуге тырысыңыз. Ащы, қуырылған, ұн өнімдерінен жасалған тағамдар, сондай-ақ тәтті, майлы, ысталған асты, газдалған сусынды шектегеніңіз абзал.  

Өт дұрыс жұмыс істеуі үшін қандай тағамдарды шектеу керегін айттық.  Енді ағзаның қалыпты жұмыс істеуі үшін не пайдалы? 

Буға пісірілген тағамдарға басымдық бергеніңіз жөн. Сонымен қатар мамандар пайдалы майларды (зәйтүн, зығыр майы), жемістер мен көкөністерді тұтынуға кеңес береді. Өтті сұйылту үшін жеткілікті мөлшерде су ішу маңызды.

Өт тастарының пайда болуына жол бермес үшін келесі сақтық шараларын қолданғаныңыз артық болмас. Ол – салауатты өмір салтын сақтап, салмақты қадағалап отыру, жүйелі түрде жаттығу жасау, талшыққа бай диета ұстану, керісінше, майы жоғары, талшығы аз тағамдарды тұтынбау.