Елордада Би спорты феде­рациясының ұйымдастыруымен «Қазақстан гүлдері – 2024» атты халықаралық би байқауы өтті.
Атажұрттан  жүлдемен қайтты
1,572
оқылды

Талантты балалардың басын қосқан тартысты додаға 20 мемлекеттен барлығы 800-ге жуық оқушы келіп қатысқан. Соның ішінде  Моңғолияның Баян-Өлгей аймағынан 39 қазақ баласы төрт топтық дәрежеде өнер көрсетті. Осы 800 қатысушы арасынан топ жарып шыққан  Моңғолиядан келген биші балалар қанжығаларына төрт бірдей «Бас жүлдені» байлап, қазақтың мерейін бір көтеріп тастады десек болады. Үздік өнер көрсетіп, қазылар алқасының көңілінен шыққан төрт топқа Би спорты федерациясының алғысхаттары мен естелік медальдары табыс етілді. 

Астанаға келген өнерпаз балаларды атажұрттағы алғашқы жеңісімен құттықтаған «Отандастар» қоры болып отыр. Кіл қазақ балаларынан құралған 39 биші оқушыны  қор Президенті Абзал Сапарбекұлы арнайы құттықтап, естелікке балаларға арналған кітаптар мен көк байрақты тарту етті.  

«Біз би сайысының болатынын кеш білдік. «Балалар келді» дегенді ести салысымен қастарынан табылып, барынша қолдау көрсеттік. Өнерлерін де тамашаладық.  Айтары жоқ, өте жоғары деңгейде дайындалыпты. Сол үшін жетекшілеріне алғысымызды білдіреміз. Баянөлгейлік балалардың ата- жұрты естерінде жүрсін деген ниетпен 1 күн бойы Астананың көрікті жерлерін  аралатып, мұражайларға апардық. Біздің бар мақсатымыз – шеттегі қандастарды қолдау», – дейді  Абзал Сапарбекұлы.  

Былтырғы жылдың желтоқсан айында Астанада болатын балалар арасындағы халықаралық би  байқауы туралы арнайы хатты алған күннен бастап, аймақтың барлық ауылындағы би топтарымен жұмыс жүргізгенін айтты Баянөлгейлік биші балалар тобының жетекшісі Айнұр Юра. 

«Баян-Өлгей қаласында би өнері бойынша жастарды тәрбиелеп келе жатқаныма 40 жылдан асыпты. Бар арманым – балаларымды биіктен көру. Қалада ғана емес, ауылдарға да үнемі барып білгенімді үйретіп отырамын. Аймақ орталығынан бөлек сұмындардағы би топтарын да қолдауымыз керек. Онсыз шаруаның реті болмайды. Тек орталықтағы өнерлі балаларды ғана қолдай берсек, шалғай ауылдардағы балалар алдында әділетсіздік болар еді. Осы жолы әдейілеп ауылдардағы қазақ мектептерінің балаларын жинадық. Байқауға 2 кіші, 2 ересек топ болып келдік. Биші балаларымыз үмітімізді ақтап жүлделі орыннан көрініп отыр. Қуанышымызда шек жоқ. Атамекенге алғаш болып табан тіреген балалар ерекше толғаныс үстінде жүр. Бір түсінгенім, балаларымызды барынша атажұртпен таныстырып, олардың көкіректеріне елге деген сүйіспеншілікті ұялата беру керек екен», – дейді Айнұр Юра.

«Мен 5-сыныпта оқимын. Мұндай үлкен қалаға бірінші рет келіп отырмын. Өнер көрсетуге келген өзім қатарлы балалар да көп болды. Достар таптым. Бас жүлде алғанымызға ата-анам да қуанып хабарласты. Мектепте достарым да асыға күтіп отыр. Маған бәрі ұнады. Қазақ еліне тағы да келгім келеді. Ол үшін бұдан да жақсы болуымыз керек екен. Енді соған тырысамын», – дейді кіші топ өнерпазы Гауһар Ерназар. 

Бердібек ҚАБАЙ