Елімізде кәсіпкерлік саласында жаңа антирекорд. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, былтыр елімізде 27 мыңнан астам компания жұмысын тоқтатқан. Оның ішінде 13 мың мекеме жылдың соңғы, төртінші тоқсанында заңды түрде күшін жойған.
Кәсіпкерлік жаңа кезеңге қадам басты
2,785
оқылды

Finprom сараптама орталығының мамандары мұндай үрдіс үшінші жыл қатарынан жалғасып келе жатқанын айтады. Өңірлер ішінде 2023 жылы ең көп таратылған заңды тұлғалар саны ірі мегаполис Алматыға тиесілі болған: 8,2 мың бірлік. Одан кейінгі орында Астана – 3,1 мың бірлік, Ақтөбе – 1,5 мың бірлік және Қарағанды – 1,5 мың бірлік облыстары мен Шымкент қаласы орналасқан – 1,5 мың бірлік.

Кәсіпорындардың көлемі тұрғысынан таратылған заңды тұлғалардың 99,8%-ы шағын кәсіпорындарға тиесілі. Сонымен қатар 38 орта және 15 ірі кәсіпорын таратылған.

Қызметін тоқтатқан барлық заңды тұлғаның үштен бір бөлігі сауда, автомобиль мен мотоциклді жөндеу саласына тиесілі. Одан кейінгі қатарда құрылыс, кәсіптік, ғылыми және техникалық қызмет және өңдеу өнеркәсібі орналасқан.

Экономист Қуанышбек Дүйсенов бұл мекемелердің қызметін тоқтатуына мемлекеттік кедергілер себепші болды деу қате дейді. Себебі олардың құрылымындағы 8,8 мыңы сауда саласындағы, 13 мың­ға жуы­ғы құрылыс саласындағы мекемелер. 

– Осы екі саланың өзі статистиканың тең жар­тысын алып отыр. Жеке-жеке тоқ­талар болсақ, сауда саласындағы кәсіпкерлік санының қысқаруына екі фактор әсер етеді. Біріншісі, Президентіміз билікке келгенде ШОБ өкілдері үш жылға салықтан босатты. Сол кезеңде көптеген азамат өздерін кәсіпкер ретінде сынап көрді. Олардың көпшілігі кәсіпкер ретінде тіркелгенімен, белсенді қызметін жүргізбеген болуы мүмкін. Екінші себеп – бұл саладағы өзгерістер, яғни электронды коммерцияның дамуы. Осыған бай­­­ланысты кейбір кәсіпорындар форматын ауыстырып, енді бірі жабылып жатыр. Сондықтан бұл мемлекеттік кедергілерден болған үрдіс деп айта алмаймыз. Бір сөзбен айтқанда, ойын­шылар нарықтан шығып жатыр, бұл қалыпты процесс, – дейді сарапшы.

Сарапшы құрылыс саласындағы мемлекеттік сатып алуларға тәуелді субъектілер тұрақты табыс болмағандықтан жабылуы мүмкін деген пікірде. 

– Бірақ мен 1 200 өңдеуші мекеменің қызметін тоқтатқанына назар аударғым келеді. Cебебі біздің еліміз үшін бұл саланың маңыздылығы жоғары. Бізге индустриалды мемлекет болуға мүмкіндік беретін сектордың компаниялары ликвидацияға ұшырауы алаңдатады. Ел экономикасының Дүниежүзілік сауда ұйымы мен Кедендік одақ шарттарына байлануы көп жағдайда кәсіпкерлік қызметке кері әсер етіп жатады. Себебі елімізге сыртқы нарықтан көптеген тауар арзан бағада келіп, отандық бизнес бәсекеге төтеп бере алмай қалады. Бұл тек ШОБ ғана емес ірі кәсіп­орындардың қызметіне өзіндік ықпал етуде. Сәйкесінше екі ел арасындағы импорт пен экспорт балансы бұзылады, – дейді ол.

Сарапшы субсидия мәселесін де сөз етті. Оның айтуынша, бұл кәсіпкерлікті қолдаудың тиімді тетігі болғанымен, кейбір кәсіпкерлер мемлекеттік субсидияның арқасында түрлі преференцияға ие болып, монополия, олигополия етек жаяды. 

– Мұндай жағдай нарыққа жаңа ойыншылардың енуіне кедергі болмақ. Нәтижесінде коррупция пайда болуы ғажап емес. Мемлекеттік қаржыландыру жүйесінде де көптеген түйткілді мәселе жетерлік. Мысалы, жақында Астана қаласында кәсіпкерлерге арналған жеңілдетілген несие берілді. Бірақ шарттарына сәйкес сіздің сол қалада кепілге қоятын мүлігіңіз бен осы аймақта тұрақты қызмет еткеңізді растайтын құжаттар болуы керек. Демек, бұл шарттарға сай келетін адамдар льготтық несиеге қаншалықты мұқтаж деген заңды сұрақ туындайды. Ал нағыз осы құралдарды қажет ететін азаматтар осындай талаптардан әрі аса алмай жатады, – дейді ол.

Дегенмен Elim әлеуметтік және маркетингтік зерттеу институтының сарапшысы Руслан Аралбай шағын және орта бизнес Қазақстанның экономикалық өсуінің іргетасы болып отыр деген пікірде. 

«Өйткені экономиканың бұл секторы бәсекелестікті, инновацияларды дамытуға және жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал етуде. 2024 жылы да ШОБ секторы тұрақты өсім көрсетіп қана қоймай, өзгермелі нарықтық жағдайларға бейімделіп, әрі қарай дамиды», – дейді маман.

Статистикаға сүйенсек, 2024 жылдың басында жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің саны былтырғымен салыс­­­тыр­ғанда 11,1%-ға артып, 2,2 миллионнан асқан. 

«Бұл өсім әкімшілік рәсімдерді жеңілдету, салықтық жеңілдіктер және қаржыландыруға қол жетімділікті қоса алғанда, кәсіп­керлікті қолдау саласындағы мемлекеттік саясаттың жетістіктерін көрсетеді. Шағын және орта кәсіпкерлік құрылымында жеке кәсіпкерлердің салмағы басым. Олардың жалпы үлесі 66,7%-ды құрайды. Бұл – өзін-өзі жұмыспен қам­тыған халықтың белсенділігі мен жеке кәсіпкерліктің дамуының көрінісі. Шағын кәсіпкерліктің заңды тұлғалары мен шаруа (фермер) қожалықтары да ел экономикасына елеулі үлес қосуда. Олардың үлесі сәйкесінше, 20,6% және 12,6% құрайды»,   дейді сарапшы.

Ұлттық статистика бюросының мәлі­меттері бүгінде шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандар саны 10%-ға артып, 4,3 млн адамға жеткенін айқындайды. Бұл еліміздегі еңбекке қабілетті азаматтарының 45%-ы. Сонымен қатар былтырғы жылдың алғашқы 9 айында Қазақстанның жалпы ішкі өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі 36,5%-ға дейін өскен. Бұдан бөлек, 2023 жылы өңдеу өнеркәсібі (25,4%), білім беру (16,4%), денсаулық сақтау (15,4%) және көтерме және бөлшек сауда (14,2%) салаларында ШОБ субъектілерінің саны артқан. Демек, бұл аталмыш секторлардың қарқынды дамып келе жатқанын айғақтайды.

Мамандардың сөзінше, Қазақстан Үкіметі кәсіпкерлік бастамаларды дамытуға, оқыту мен біліктілікті арттыруға, сондай-ақ шағын және орта бизнестің экспорттық қызметін ынталандыруға бағытталған ШОБ қолдау бағдарламаларын іске асыруды жалғастыруда. 

Ел Үкіметі соңғы жылдары 10 мыңнан астам артық талапты алып тастау арқылы бизнесті жүргізу шарттары айтарлықтай жеңілдегенін мәлімдеді.

«Тәуекелдерді басқару жүйелерін автоматтандыру нәтижесінде 1 қаңтардан бастап адам қатысуынсыз тексерулер тағайын­далып жатыр. Бұл шара тексерулер санын 2 есе азайтады. Сонымен қатар мемлекет бизнесті қаржылай қолдау шараларын жүзеге асыруда. Атап айтқанда, биыл 900 млрд теңгеден астам сомаға ШОБ-тың банктік несиелерін субсидиялау және кепілдендіру жоспарланып отыр», – делінген хабарламада. 

Үкімет жаңа Салық кодексі арқылы әкімшілендірудің сервистік моделін енгізіп, салық міндеттемелерін орындау процесі айтарлықтай жеңілдетпек. Нәтижесінде жалпы салықтар мен басқа да төлемдер саны 20%-ға, ал салық есебі нысандарының саны 30%-ға қысқарады. Ең бастысы билік өңдеу өнеркәсібіндегі жаңа жобаларды 3 жылға салық төлеуден босатады.

Билік өкілдері «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары біріккен себепті, кәсіпкерлікті қолдаудың жаңа тәсілдері әзірленгенін алға тартады. Сонымен қатар мемлекеттік кәсіпкерлікті қолдау саясаты алдағы уақытта нарықты субсидиялаудан кепілдік беру құралдарына және өзге де қаржылық емес қолдау шараларына көшетін болады. Оның орнына облигациялар мен бірлестірілген несиелер арқылы қаржыландыру құралдары кеңінен қолданылмақ.

HalykResearch сараптама орталығы мамандары кәсіпкерлікпен айналысатындар қатары жасырын жұмыссыздыққа себеп болуы мүмкін деген пікірде. 

«Бұл елде жұмыссыздық деңгейін жасанды жолмен төмендетуге әсер етуі мүмкін. Мәселен, 2019 жылы заңнамада «өзін-өзі жұмыспен қамтығандар» ұғымы мемлекеттік тіркеусіз табыс табу мақсатында қызметін дербес жүзеге асыратын тәуелсіз қызметкерлер мен жеке тұлғаларға ауыс­тырылды. Осылайша, ресми статистикаға енгізу мақсатында тәуелсіз жұмысшылар мен жеке кәсіпкерлер өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың құрамына енгізіле бастады», – делінген сараптамалық хабарламада.

Сарапшылардың айтуынша, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатары: ең төменгі күнкөріс деңгейінен де аз табыс табатындар мен нәтижелі жұмыспен қамтылғандар деп көрсетіледі. Оның ішінде, бірінші топтың барлығы дерлік – «тәуелсіз жұмысшылар». Яғни, осы топ өкілдері елдегі «жасырын» жұмыссыздыққа негіз бола алады. Бұл – бейресми еңбек нарығында жұмыс істейтін азаматтар тобын сипаттайтын әлемдік құбылыс.

«Бұл топтың жұмыссыздар қатарына ауыспауының себептері әртүрлі болуы мүмкін. Мысалы, жұмыссыздық бойынша жәрдемақы мөлшерінің төмендігі немесе 2024 жылдың 1 қаңтарына дейін өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға жеке кәсіпкер сияқты әртүрлі салықтардың орнына ай сайын бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) төлеу мүмкіндігі. Табыс деңгейіне тәуелді емес, бірақ еңбек өтілін жинақтауға және медициналық сақтандыруды пайдалануға мүмкіндік беретін бұл төлемнің сомасы да қалтаға ауыр соқпайды. Сондықтан тұ­­рақты табысы жоқ және жұмыссыздар санатына жатқызылуы мүмкін өзін-өзі жұмыспен қам­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­тыған деген статус алуына жол ашты», – дейді мамандар.

Сарапшылар тобы мұндай үрдістің еңбек нарығы үшін де, экономика үшін де көптеген жағымсыз әсері бар екенін алға тартады. Өйткені ол өнімділікті, кірісті, тұтынуды және салық түсімдерін азайтады. 

Кәмила ЕРКІН