Қыл құйрықты Қамбар ата түлігіне биылғы қыс ерекше жайсыз болып тұр. Әсіресе, теріскей мен шығыстағы жүздеген ауылдың жылқысын айдың-күннің аманында жайратып кетті.
Жылқы қырылған жыл
15,047
оқылды

Өкініштісі, малдың жаппай қырылуына обадай жалмаған індет емес, кәдімгі аштық себеп болып отыр. Жылқыны ер қанаты деп ерекше қастерлеген елде болған мұндай топалаңға тұтас қоғам болып еш қайран қыла алмауымыз аса өкінішті. Көктемге дейін түгелдей қырылып, жүген ұстап қаламыз ба деген қауіп бар. Ел аумағында қанша жылқының қырылғанын жергілікті атқарушы билік пен құзырлы органдар да тап басып айта алмай отыр.

Қойын құрттап, айранын ұрттаған малды ауылдар мен жер емген диқан жұрттың қазіргі жағдайы аса қиын. Ала жаздай аптап ыстықта егін де, шөп те қурап, тіпті күйіп кеткен. Оның үстіне, күзгі толассыз жаңбыр астықты алқап­ты өңірлердің диқандарын да әбігерге түсіріп, салған дәні ылғал басып, көк­теп кеткен. 

«Жығылғанға жұдырық» болған­дай, желтоқсанда жаңбыр жауып, қар­дың беті жалтырап, тұтас дала мұз құрсанған. Қысы-жазы далада еркін жайылатын жылқы малы тісіне ілігер шөп таппай, мұз боп қатқан даладан тебіндей алмай әбден қиналды. Биелер құлын тастап, көте­рем болып жүдеген жүздеген жылқы қол­ға қараған. Қораға келгенімен беретін азық болмаған соң малымен күнелткен халықтан маза кеткен.  

Ел бойынша құзырлы органдар қырылған жылқы санын нақты айта алмағанымен, бізге ондаған ауылдар-дан көмек сұрап, шағынған ағайынның айтқан деректері жан түршіктіреді. Әсіресе, Ақмола облысындағы жағдай қатты ушығып тұр. Өңірдің Зеренді, Бурабай, Степ­ногор, Біржан сал, Ақкөл аудандарына қарасты ауылдарда жылқы тұтастай қолға қараған. Бұл онсыз да жем-шөбі тақырланып қалған тұрғындардың жағдайын одан сайын ушықтырып жіберген. 

– Күн сайын жылқылар қырылып жатыр. Әр ауылдан кемінде 30-40-тан өліп жатыр. Жылқылар мұзда тебіндей ал­майды. Жылқыларды жаятын жайы­лым жерлер де тапшы. Зеренді ауда­нына қарасты Дөңгілағаш, Абай, Ва­силь­ков, Кеңащы, Қонысбай, Шаға­лалы, Ақадыр басқа да ондаған ауыл­дарда жағдай аса қиын. Көктемге дейін құрық ұстап қалуымыз да әбден мүм­кін. Сондықтан биліктен көмек күте­міз, – дейді жылқышы Темірбек Ғалы­мов. 

Ақмола облысының Ауыл шаруа­шылығы және жер қатынастары бас­қар­масы да жылқының жаппай қы­рылып жатқанын растады. 

– Қолда бар деректер бойынша, Ақкөл ауданында – 31, Біржан сал ауданында – 42, Бурабай ауданында – 23, Зеренді ауданында 80-нен астам жылқы қырылған. Бәрі де ауа райы жағдайына байланысты болып отыр. Өйткені алдымен көп мөлшерде қар жауып, оның арты іле-шала жаңбырға ұласты. Табиғаттың тосын мінезінен қардың беті тұтастай мұз басып, жылқылар тебіндей алмай қалды. Жылқы ашыққандықтан жылқышылар табындағы жылқыны ауылдарға тара­тып беруге мәжбүр болған. Бірақ қолға қараған жылқылар да қырылып жатыр, – дейді Ақмола облысы Ауыл шаруа­шылығы және жер қатынастары бас­қар­масы басшысының орынбасары Еркеш Әленов. 

Басқарма басшысы орынбасары­ның дерегінше, жылқылар тек жаңбыр болған аумақтарда ғана жаппай қыры­лып жатыр. Қалған өңірдегі аймақтарда жылқылар аман. Ведомство қолда бар жыл­қыларды аман сақтау үшін жергі­лікті атқарушы билік органдары жағдайды бақылауға алуға тырысып жатқанын айтып ақталды. 

– Жылқылардың қырылып жатқа­нынан өңірдің округ және аудан әкім­дік­тері де хабардар. Әкімдерге жағдай­ды бақылауға алып, малды жем-шөп­пен қамтамасыз ету тапсырылған. Пі­шен жеткілікті. Сабан мен шөп ауыл шаруашылығы құрылымдардың ре­зерв­терінен берілмек. Ауылдық округ және аудан әкімдері  жем-шөпті тегін және төмендетілген бағада беруді жос­парлап отыр. Сондай-ақ Павлодардан шөп пен сабан тасылып жатыр. Осы­лай халықты қиын күндерде құтқару жұмыстары жүріп жатыр, – деп толықтырды Еркеш Әленов. 

Тұрғындар жылқылардың жаппай қырылуына жайылым жерлердің тап­шы­лығы да себеп болып отырғанын айтады. Өйткені Зеренді, Бурабай, Біржан сал аудандарына ірі жер иелері ауылдың дәл іргесіне дейін жыртып тастағандықтан малды жаятын жер де қалмаған ауылдар баршылық. Осының салдарынан тұяқты малдың тісіне ілігер шөп таппай зар илеген жұрт жұт­тың басталуына жайылым жерлердің жетіспеушілігі себебін де атады. Ауылдардың жанында жайылым жер болмағандықтан жылқышылар малды ондаған шақырым алыста бағуға мәжбүр болғанын жеткізді. Сондықтан күртік қар мен жалтыр мұздан онсыз да көтерем болған мал елге жетуге де халі  болмай, жолшыбай да бірсыпыра­сы қырылып қалған. 

– Жылқылар қар құрсауында қа­лып қойды. Жылқышыларға  үйірдегі жылқыны ауылға әкеп тапсырудың өзі мұң болып қалды. Өйткені ауылдардың іргесіне дейін тақап тұрып жыртып тастаған. Мал бағатын жайылым жер жоқ. Жер екпесін демейміз. Бірақ сол жер­ді малдың жайылымы мен шабын­дығына жететіндей етіп, жөндеп бөлсе болар еді ғой. Мәселен, Зеренді ауда­нына қарасты Садовый ауылының маңын­да мүлдем жайылым жоқ. Жа­йы­лымға берілген он мың гектар жер ауылдан төтесінен жүргенде 50-60 ша­қы­рым қашықтықтағы Ақадыр ауылының арғы бетінде. Оған тұяқты малды қалай апарып, қалай бағады? Ұшып бара ма? – дейді ақсақал Абзал Қасымбеков. 

Басқа да ұлтарақтай жайылымы жоқ ондаған ауылдар бар. Жұттан жұтап жүдеп кеткен жылқылары елге жетпей далада құлап жатыр. 

– Қарап тұрып жылағың келеді. Дала беті теңкейіп-теңкейіп өліп жат­қан жылқыларға толып кетті. Жылқы малы төзімді ғой. Соңғы демі қалған­ша, жүре береді. Бірақ әбден терісі сүйегіне жабысып қаусап құлаған соң тұрғыза алмайсың. Жылқышылар бір-бірімізбен үнемі жағдай сұрасып біліп жатамыз. Іргелес Солтүстік Қазақстан облысында шаруашылықтарда сабан­дар сол күйі жатыр. Соны ауылдарға тасып алуға мүмкіндік берсе жөн болар еді. Көктемде бәрібір қажетсіз болып қалатын сабанның өзі біз үшін жыл­қыны аман алып қалу үшін қасқалдақ­тың қанынан қат болып тұр, – дейді Біржан сал ауданы Үлгілі ауылының жылқышысы Амантай Тәшенұлы.

Ауылдағы иен жұрт малға шөп таппай әбден қиналған. Өйткені дәл қазір шөптің құны 20-25 мың болса, сабанды әкеліп сатушылардың бағасы 10-15 мың теңгеге көтерілген. Түйткіл­ді мәселе жақын арада шешімін таппа­са, әлі екі айдан астам қар көбесі сө­гіл­мейтіндіктен қаншама малдың тағы қырылып қалары бір Аллаға аян. Мұ­ны­­мен қоса, көктем шыға өлексе мал­ға толған дала беті тазартылмаған­дық­тан, түрлі індетті аурулар шықпа­сына да ешкім кепілдік бере алмайды. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы