Үкімет басшысы мемлекеттік реттеу теңгерімді болып, нарықтың тиімді жұмысын қамтамасыз етуге және барлық қатысушының мүдделерін қорғауға бағытталуы тиіс екенін айтты.
Биылғы бюджеттен үнемделген қаражат экономиканың өсуіне бағытталады – Олжас Бектенов
2,555
оқылды

Бүгінгі Үкімет отырысында 9 ақпанда өткен кеңесте Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов берген тапсырмалардың орындалу барысы қаралды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров бюджет шығыстарын оңтайландыру мақсатында өнімсіз позицияларды анықтау үшін қосымша тексеріс жүргізілгенін баяндады.

Осының негізінде мемлекеттік органдардың әкімшілік шығыстарын қысқарту (форумдар мен зерттеулер, іссапарлар), аса маңызды емес жобалар мен іс-шараларды қайта қарау (әкімшілік ғимараттар салу, жөндеу жұмыстары) және т.б. ұсынылады.

Нәтижесінде, оңтайландыруға 300 млрд теңгеден астам қаражат ұсынылады, ол Мемлекет басшысының тапсырмаларын және экономиканың негізгі секторларын қаржыландыруға бағытталатын болады.

Сонымен қатар Нұрлан Байбазаров бүгінде  Президенттің экономиканы кешенді ырықтандыру туралы Жарлығының жобасы әзірленгенін айтты. Онда экономикалық процестерге мемлекеттің араласуын кезең-кезеңмен азайту бойынша жүйелі шаралар көзделген.

Жарлықтың жобасы үш бағытты көздейді: нарықтық бәсекелестікті дамыту, тиімді жекешелендіру және квазимемлекеттік секторды кешенді реформалау.

Үкімет басшысының айтуынша, республикалық бюджет шығыстарын оңтайландыру бойынша ұсынылып отырған шаралар қолдау табуда.

«Үнемделген қаражатты оңды-солды шашпай, экономикалық өсімді ынталандыруға бағыттаймыз. Бұл жұмысты жалғастыру керек. 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын қалыптастыру кезінде осы жұмыстың нәтижелерін ескеру қажет», – деді Олжас Бектенов.

Экономиканы ырықтандыру жөнінде айта отырып, Үкімет басшысы мемлекеттік реттеу теңгерімді болып, нарықтың тиімді жұмысын қамтамасыз етуге және барлық қатысушының мүдделерін қорғауға бағытталуы тиіс екенін айтты.

«Кәсіпкерлік субъектілері еркін бәсекеге түсетін нарық құру қажет. Сондай-ақ ұлттық мүдделер мен қауіпсіздікті ескеру маңызды», – деді Премьер-Министр. 

Үкімет басшысының айтуынша, отын-энергетика кешені, көлік, байланыс және өзге де тауар нарықтарындағы нарықтық бәсекелестікті дамыту шараларына ерекше назар аудару қажет.

Сонымен қатар Олжас Бектенов жұмыскерлерге еңбекақы төлеу қорынан бірыңғай төлемге қатысты әдіснамалық және техникалық мәселелер бар екенін айтып өтті.

«Қаржы министрлігі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау, Ұлттық экономика министрліктерімен бірге бірыңғай төлемді қолдану критерийлерін қайта қарап, есептеу және төлеу механизмін оңайлатуы, қолдану аясын кеңейтуі қажет», – деді ол.

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр 14 ақпанда 50 ірі өнеркәсіп, кәсіпорын мен ұлттық компания басшыларымен кездесу өткізілгенін айтты. Олардың алдына алдағы жылдары жаңа өндірістерді құру, сондай-ақ жергілікті тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуды айтарлықтай арттыру бойынша нақты міндеттер қойылды.

Оның айтуынша, жалпы кәсіпорындардың қойылған міндеттер бойынша түсінігі бар. ERG компаниясы қазірдің өзінде ыстық брикеттелген темір зауытын,  KAZMinerals  жаңа мыс балқыту зауытын салумен айналысып жатыр. «Қазфосфат» пен «ҚазАзот» жаңа өндірістер есебінен тыңайтқыштар шығаруды 2 есеге арттыруды жоспарлап отыр. Оған қоса, Алматы және Қостанай өндірістік алаңдарында автокомпоненттер өндірісі басталады.

Сонымен қатар Роман Скляр барлық кәсіпорын 16 наурызға дейін келесі кезеңге жаңа өндірістерді құру бойынша ортамерзімді даму жоспарларын және отандық тауар өндірушілердің өнімдерін сатып алуды арттыру жөнінде жаңа бағдарламалар ұсынатынын айтты.

Премьер-Министрдің айтуынша, ұлттық экономиканы жедел дамыту үшін бұл бағыт өте маңызды.

«Бізде қазақстандық өнімге сұранысты арттыру есебінен айтарлықтай өсу резервтері бар. Кәсіпорындармен жоспарлы және белсенді жұмыстың нәтижесінде отандық өндірушілерді тапсырыстармен барынша жүктеп отыруға тиіспіз», – деп түйіндеді Олжас Бектенов.