Аязға және боранға қарамастан, елорданың коммуналдық қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.
Елордалық еріктілер коммуналдық қызметкерлерге «жылу» сыйлады
460
оқылды

«Игі істер марафоны» жобасы аясында елордалық еріктілер әлеуметтік кәсіпкер Рахима Мукушевамен бірлесіп тазалық қызметкерлерін қолдап, оларға жылы шарфтар таратты, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Акцияның басты мақсаты – аязды күндері де жұмыс істейтін тазалық қызметкерлеріне қолдау көрсету. Іс-шара аясында еріктілер елорда көшелеріндегі тәртіп пен тазалықты қадағалайтын коммуналдық қызмет мамандарына жылы снудтар таратты.

«Мұндай қайырымдылық акциясы алғаш рет өтіп отырған жоқ. Осыған дейін бізде «Құрақ-көрпе» стиліндегі эко-шырша құру жобасы болған. Осылайша, тұрғындар мен кәсіпкерлерді жақсылық жасауға шақырамыз», - дейді әлеуметтік кәсіпкер Рахима Мұқышева.

Бір ай ішінде 6-70 жас аралығындағы қала тұрғындары тоқу тәжірибесі жоқ 100-ден астам жылы шарф жасады.

Қайырымдылық акциясына 70-ке жуық ерікті қатысты.

«Бүгін бізге жылы шарфтар сыйға берілді, әсіресе аязды күндерде ерекше жылу сыйлайды. Еріктілерге қамқорлығы мен баға жетпес көмегі үшін алғысымыз шексіз», - деді коммуналдық қызметкерлердің бірі Қайрат Ахметов.

Естеріңізге сала кетейік, елордада игі істер марафоны жалғасып жатыр. Акцияның басты мақсаты – еріктілер мен тұрғындарға халықтың әлеуметтік әлсіз санаттарына, қарт адамдарға, мұқтаж зейнеткерлерге барынша көмек көрсетуге мүмкіндік беру.