Тағдыры толқынмен тамыр­лас Арал ауданының тарихы тереңде жатыр. Бүгінде өңірдің өткен кезеңі қатталған көне құ­жат­тарда жазылып, құнды жәді­герлері музей мұрағатында сыр шертеді.
Музей мұң шағып тұр
1,098
оқылды

Қазіргі таңда осы көне жәдігерлердің көмбесі саналатын Арал аудандық тарихи-өлкетану музейінің мұңды күй кешіп тұрғаны көпшілікті алаңдатып отыр. Ауданда 1988 жылдан бастап жұмысын бастаған музейде 10 мыңдай экспонат сақтаулы.  Онда 5 тақырыптық зал бар. Оның әрбірі теңізді өлкенің өткенінен сыр тартатын құнды дерек­терге толы. Атап айтқанда, «Археология және этнография», «Өнер мен әдебиет», «Галерея», «Тәуелсіз Қазақстан», «Өлке тарихы» экспозициялық залдары жұмыс істейді. Оның ішінде теңіз төскейі еңбеккерлерінің атқарған жұмыстарын ұлықтауға арналған «Еңбек даңқы» залы, Лениннің 1921 жылы Арал балық­шыларына жазған хаты, социалистік еңбектің 16 батыры жайындағы тың деректер музейде тұр. Сонымен қатар 1919 жылы тамыз-қыркүйек айларында бол­ған «Арал доғасы» азаматтық соғы­сы­ның диорамасын да табуға болады. 

Дейтұрғанмен, музей ғимаратының қазіргі жағдайы мәз емес. Ұрпақтан ұрпаққа аманат болып жеткен құнды жәдігерлер қоры жинақталған мекеме ғимараты талапқа сай еместігі айтылып келеді.

Негізі, бұл музей ғимараты 1954 жылы салыныпты. Алғашында ғимарат интернат ретінде жұмысын бастаған. Балаларды білім нәрімен сусындатып, ұлағатты ұрпақ қалыстаптыру бағы­тында жұмыс жүргізген. Бертін келе, мәдениет үйі ретінде қайта құрылым­данады. Талай жыл өнердің қара шаңы­рағы болған ғимарат кейіннен музейге беріледі.

«Негізі, Арал ауданындағы 1988 жыл­дан бастап жұмыс істеп келе жатқан музейде теңізді өлкенің тарихынан мағлұмат беретін құнды деректер аз емес. Алайда ғимараттың тозығы жетіп тұрғаны ащы да болса ақиқат. Осы орай­да апатты жағдайда тұрған ғимаратта аудан тарихынан сыр шертетін баға жетпес құндылықтарымызды сақтау оңайға соқпайды. Сондықтан жаңа да заманауи музей ғимаратына көшіріліп, келушілерге қолайлы жағдай жасау назардан түскен емес. Бұл көп жылдан бері көкейде жүрген мәселе болатын. Осы келеңсіздік биыл түбегейлі ше­шіледі деген жоспар бар. Биыл облыс әкімінің тапсырмасымен ауданнан «Руханият» орталығын салу бастамасы жүзеге асырылады. Соның негізінде аудан музейінің экспозициясын атал­мыш орталыққа көшіру жұмыстары жоспарланып отыр», – деп түсіндірді Қызылорда облысы та­рихи-өлкетану музейінің басшысы Сапар Көзейбаев.

Жалпы, облыстық мәдениет мұрағат және құжаттама басқармасының мәлім­деуінше, музей ғимараты 2022 жылдың 20 шілдесінде облыс әкімі Н.Нәлі­баевтың бекітуімен құрылыс салуды қажет ететін, білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандар тізіміне енген. Бұған дейін музей ғимаратының апатты жағдайда тұрғаны ескеріліп, жаңа нысан салу мәселесі көтерілгені белгілі. Тіпті, бір кездері арнайы жер телімі қарастырылып, 600 млн теңгеге жаңа ғимарат салу көзделіп отырғаны мәлім болған еді. Алайла бұл бастаманың соңы сиырқұйымшақтанып, қаржы мәселесі қолбайлау болып тұр­ғаны айтылды. 

Теңізді өңірдегі тарихи нысанның тағы бірі – аудандық мәдениет үйі ғимараты. 1936 жылы бой көтерген бұл ғимарат та жетімнің күйін кешіп тұр. 

Аталмыш ғимараттың көрермендер залының сыйымдылығы 300 орынға негізделген. Бірақ мекеменің сырт келбеті көз сүйсінерлік күйде тұрғаны­мен, ішкі сапасы адам шошырлық жағдайға жеткен. Ғимараттың ескіргені соншалық, жаңбыр мен қар суынан ғимарат ішін ауық-ауық су шайып кетеді. Қабырғалары да қақырап, электр желілері өте ескі жағдайда тұр. Өңір халқы осылай деп мұңын жеткізді. 

«Арал аудандық мәдениет бөлімінде 20 жыл бас маман болып, кейіннен 14 жыл аудандық мәдениет үйінде басшы­лық қызметте болдым. Алғашында мәдениет үйі мекемесі қазіргі музей ғимаратында болды. Ал қазіргі ғимарат ол кезде «Маяк клуб», яғни теңіз порты­ның клубы болып жұмыс істейді. Кейін­нен ау­дан­дық мәдениет үйі болып қайта құ­рылымдалды. Өзім басшылық жаса­ған кезеңге көз жүгіртсек, сол кездің өзінде ғимараттың сапасы сын кө­тер­мейтін жағдайға болатын. Төбе­сінен су кетіп, қабырғалары сыз тартып тұратын. Сол уақыттан бері бірнеше мәрте күр-делі жөндеу жұмыстары жүргізілгенін де білеміз. Бірақ жағдай түзелген жоқ. Әлі күнге дейін мәдениет үйінің жағ­дайы мәз емес. Бұл ғимарат ауданы­мыздағы тарихи нысанның бірі сана­ла­ды. Соған орай ғимаратты сақтап қалуға мән беру қажет деп ойлаймын», – деп ойы­мен бөлісті аудан тұрғыны, мәде­ниет саласының ардагері Байнияз Тіле­пов.

Ал облыстық мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасы ғимараттың тозығы жетіп тұрғанын растап, алдағы уақытта бұл мәселені шешімін таба­тынын мәлімдеп отыр.

«Арал аудандық мәдениет орталығы» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорын ғимараты 1936 жылы салын­ған. Ғимарат өте ескі. Жыл сайын еріген қар мен жаңбырдан көрермендер залы, бірнеше кабинеттің  төбесінен су ағып, қолайсыздық туғызып тұр. Яғни, ғима­рат­тың төбе жабындысы ескіріп, электр және жылу жүйелері толық ауыстыруды қажет етеді. Соған орай нысанды күр­делі жөндеуден өткізуге шешім қабыл­данды. Оның  жоба-сметалық құжат­тамасы да әзірленген. Алдағы уақытта барлық келеңсіздік қалпына кел­тірілетін болады» деп түсіндірді бас­қарма тарапынан. 

Қазір «Арал аудандық мәдениет орталығы» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорында 8 үйірме жұмыс істейді. Онда 134 бала дәріс алады. Алайда бүлдіршіндердің қауіпсіздігі әзірге  құзырлы орындардың қаперіне кірмей тұрған секілді. 

Қалай десек те, аудандағы тарихи маңызы зор нысандардың келешек тағдыры тұрғылықты халықты толған­дырып тұр. Алдағы уақытта талай жыл жырға болған қос ғимаратты жөндеу, сақтап қалу жұмыстары оң шешімін табады деп үміттенеміз.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы