Алматы мемлекеттік қуыршақ театрында қазақстандық боксшы, Сидней Олимпиадасының жеңімпазы Бекзат Саттархановтың батыл рухына арналған «Чемпион» қойылымының премьерасы өтті.
Бекзат болмысы – қуыршақ бейнесінде
922
оқылды

Маусым сайын тұрақты көрермендерін тың әрі мазмұнды қойылымдарымен қуантатын театр ұжымы тұңғыш рет жасындай жарқ еткен Бекзат Саттарханов бейнесін қуыршақ бейнесінде сахналады. 

Қойылым режиссері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театр ардагері – Оразәлі Ақжарқын Сәрсенбек, авторы – халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының жүлдегері, драматург Әлібек Байбол, сурет­шісі – Юлия Чернова, Ануар Бүркітбаев, музыкамен көркемдеуші – Бақберген Байшығаш, хореографы – Анна Цой. 

Театрсүйер қауым назарына ұсынылған қойылымның көздеген межесі – спортшы бейнесі арқылы көрерменді арманына адал болуға, асқаралы белеске қол жеткізу жо­лында кездескен сынақтарға төтеп беруге, қайсарлық пен шыдамдылық сынды игі қасиеттерді бойға сіңіруге, қиындықты бастан өткеру нәтижесінде шыңдалуға тәрбиелейді. Ал театрдағы өзге қойылым­дардан басты ерекшелігі – біртуар спортшы, алты алаштың мақтанышы, қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырында 143 жек­пе-жек өткізген болмысы бөлек спорт ше­берінің асқақ рухын қуыршақ образында көрсету. Жасөспірімдер аудиториясына арналып әзірленген драма жанрындағы қойылымда кинематография элементтері пайдаланылған. Белгілі спортшының кү­ресі арқылы ұлт тарихын баяндап қана қой­май, қазақ халқының әр дәуірдегі жеңісі мен жеңілісі түрлі символикалық образ арқылы тарихи фактілермен ұтымды байланыстырыл­ған. 

Премьераны тамашалауға келген көрер­меннің көптігінен залда ине шаншар орын болмағанын аңғаруға болады. Қуыршақ театрында жарық көрген қойылымды өз көзімен көру үшін сонау шақырымды артқа тастап арнайы келген қадірменді қонақтар­дың арасында дүлдүлдің анасы – Сырлыгүл Саттарханова да бар. Аяулы ана қойылым аяқталғаннан кейін сахна төріне көтеріліп, көзі қарақты көрермен мен театр ұжымына жүрекжарды лебізін арнады. Сөз соңында Сырлыгүл Саттарханова қойылымның көңі­­лінен шыққанын айтып, «Чемпион» пре­мьерасын сахнаға әкелуге атсалысқан режиссер мен актерлік құрамға ерекше ықыласын білдірді. 

– Көк жалауымызды әлемге желбіретіп, «Мен – қазақтың ұлымын», «Қазақ жерінде туғанмын», «Менің елім – Қазақстан» деп әлемге жар салып, бойын мақтаныш кернеген Бекзат Саттарханов еді. Чемпион атанған уақытта еліміздің егемендікке қол жеткізгеніне көп уақыт бола қоймады. Енді ғана тәй-тәй басып келе жатқан бүтін бір мемлекетті бір сәтте жаһан жұртына та­нытты. Ол небәрі бес жылдың ішінде әлем шыңын бағындырды. Ұлымды әрқашан мақтан тұтамын, мақтан тұта беремін. Бүгін ерекше қойылымның куәсі болып отырмыз. Қазір артымыздан өскелең ұрпағымыз өсіп келе жатыр. Біз балаларымызға Бекзат сияқ­ты тұлғаларымызды үлгі етіп, осындай рухты ұрпақ өссінші дейміз, – деді спорт­шының анасы Сырлыгүл Саттарханова.

Осынау терең мағынаға ие қойылымның қоғамға айтар ойы, өзіндік қосар үні бар. Режиссер Оразәлі Ақжарқын Сәрсенбек қойылымның берер маңызы мен түйіні турасында пікірін бөлісті. Театр өнерінде жарты ғасырға жуық уақыт қызмет етіп келе жатқан тәжірибелі маман «Біз қойылымда Бекзаттың қалай жеңгенін емес, не үшін жеңгенін көрсеткіміз келді» дейді.

– Көпшілігі неліктен Бекзаттың бейне­сін сахналауға тоқталдыңыз деп сұрап жата­ды. Бүгінгі кезең – дәл сол Бекзат туралы қойылым қоятын заман. Бекзат Саттар­ханов – кеше ғана жарқ етіп жанып өшіп қалған, аққан жұлдыздай есімізде сақталған тұлға. Бұл – қазақтың кім екенін танытатын, келешек ұрпағымыздың бойына дарытатын қойылым. Біз «елім, жерім» дейтін патриот азаматтарды тәрбиелеуіміз тиіс. Ұлтымыз тілі, діні, ділі дейтін үш тағаннан тұрады. Ал сол үш тағанның арғы жағында қазақтың болмысы, орысша айтқанда «менталитеті» тұр. Оны сыйлау үшін ең алдымен өзіміздің кім екенімізді білуіміз тиіс, – дейді қойы­лым режиссері Оразәлі Ақжарқын Сәр­сенбек.

Бүгінде спортшының аз ғұмырда ат­қарған тындырымды ісі мен халқына сый­лаған қуанышы қазақтың жадынан өшкен емес. Небәрі 20 жасында Олимп тұғырын бағындырған Бекзат Саттархановтың есімі ел тарихында алтын әріппен ойып тұрып орын алары даусыз. 

Естеріңізге салайық, театр ұжымы ақ­пан айында әлемге әйгілі «Етік киген мы­сық» ертегісінің премьерасын ұсынады. 

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы