Шорт-тректен Қазақстан командасын ұзақ жылдар бойы жаттықтырған Мәдіғали Қарсыбеков бүгінде зейнет демалысында.
Мәдіғали Қарсыбеков: Отандық федерациялар бюджет ақшасына арқа сүйемесін
919
оқылды

Осыдан бірер жыл бұрын елімізге танымал бапкердің мұз айдынынан жырақтап, өз уақытын отбасына арнағысы келетіні айтылған болатын. Алайда отандық шорт-тректің бастауында тұрған ақсақал өзінің үлкен спорттан еріксіз шеттетілгенін айтып, дабыл қақты. Әсіресе, ардагер бапкерді отандық федерация жұмысының нәтиже бермеуі, қаржылық тұрғыдан тым жабық болуы және спортқа қатысы жоқ адамдардың басқарушылық қызметте жүргені алаңдатуда. 

«Қазір еліміздегі спорт мәсе­­лесін Президенттің өзі назарға алды. Әсіресе, Қазақстанның Ханчжоудағы жазғы Азия ойындарында сәтсіз өнер көрсеткені бәрінің арқасына аяздай батқаны рас. Бүгінде Президент спортқа бөлінген бюджет қаражатын тек­серуді тапсыруда. Бұл – өте дұрыс қадам. Өмірімнің елу жылға жуық уақытын спортқа арнаған соң, бұл саланы бес саусақтай білемін десем, артық емес. Оның үстіне шорт-трек сынды қазаққа бейтаныс спорт түрін дамытып, қазақ балаларын олимпиада ойындарында бақ сынайтын деңгейге жеткіздім. Сондықтан қа­­зақ спор­­­тының мәселесі мені де айналып өтпейді. Әсіресе, Ұлттық спорт федерацияларындағы жұмыс ашық жүргізілмейтіні жаныма ба­­­­тады», – дейді Қарсыбеков. 

Білікті бапкер спортты дамыту үшін әлемдік спорт ұйымдарымен байланысты нығайту керегін жет­­кізді. Ол үшін ұлттық федера­­­­­ция­­­лардың жұмысын тиімді әрі ашық қылу қажет. 

«Әлемдік спортты Халық­­­­аралық олимпиада комитеті бас­­­­­қарады. Ал мен жетік білетін шорт-трек әлем­дік конькимен жүгірушілер одағымен тығыз бай­­ланыста. Спорт­­­­­­тағы нәтижесі жоғары елдің әлемдегі абыройы да арта түседі. Оның үстіне спорттың үлкен саясат екенін де ұмытпау керек. Көпшілік ойлағандай, ха­­­лықаралық федерациялар мем­­­­­­­­ле­­кеттік ұйымдармен неме­се министрліктермен жұмыс істе­­­­­­­мейді. Олар тікелей ұлттық федерациялармен бірлесе қызмет атқарады. Батыс елдерінде спортты федерациялар дамытады да, негізінен демеушілер мен жарнама есебімен қаржыландырылады. Өйткені ол жақта орта және ірі бизнес жақсы дамығандықтан, бұл жүйе жақсы жұмыс істейді. Ал Қазақстан мен бұрынғы  кеңестік елдерде спорт пен дене­­­­­шы­­­­нықтыру саласын мемлекеттік құрылымдарға – министрліктер, облыстық және қалалық спорт басқармаларына іліп қойған. Спорт саласында жұмыс істеп жүргендер бюджеттің, яғни халық­­­­тың ақша­­­­­сына жауапты болуымыз керек. Мұны өзімнің спортшыларыма да жиі айтатынмын. Мәселен, аме­­­­­рикалық шорт-трекшілер федерациядан айына 850 доллар көлемінде жалақы алады. Мұндай қаражатқа АҚШ-та өмір сүру мүм­­кін емес. Одан бөлек, спортшылар қосымша жұмыс істеп, күніне екі рет жаттығу жасап үлгереді. Ал жаттығу ақысын ата-аналары мойнына алған. Ал Қазақстанға келер болсақ, бізде федерациялар көп. Федерацияның келісімінсіз министрлік бұйрықтарға қол қой­­­­майды. Тиісінше бұл маңызды жарыс алдындағы дайындықты да тежейді», – дейді ол.

Мәдіғали Қарсыбековтің бап­­­­­­керлік жұмыс өтілі 47 жылға жеткен (7 жыл конькимен жү­гіру­­­­ден, 40 жыл шорт-тректен жаттықтырушы). Осы аралықта 6 рет федерация өзгеріп, 9 рет президент ауысыпты. 

«Мен бапкерлік қызметте жүр­генде қанша рет федерация ауысты, басшылар ауысты. Олардың арасынан тек Алмаз Шабановтың еңбегіне бас иесің. Ол кәсіпкер болатын, өз ақшасын спортты дамытуға жұмсады. Мау­­­сым аяқталысымен бас бап­­­­­кер­лерді, аймақтардағы аға жаттықтырушыларды жинап, есеп беретін. Федерацияға түскен ақша мен оның қайда жұмсалғанын жасырмай айтатын. Мәселен, оқу-жаттығу жиындары мен спорт­­­­­­­­шылардың іссапары, қажетті  мүкәммалды сатып алу дегендей. Тіпті, бізге керекті конькиді қандай фирмадан алғанын да жасырмады. Бірақ ол кісі басшылықта көп отырған жоқ. Ал кейін федерация­­­лар бір-екі адамның қолындағы жеке компанияларға айналды десем, өтірік емес. Қаржы жағын үнемі құпия ұстайды, құрылтайшы ретінде өздеріне жақын адамды қояды. Осылайша, бапкерлермен кеңеспей, спортқа қатысы жоқ адамдармен бірге федерация құрады да, министрліктен аккредитация алады. Әрі қарай заңды түрде басқара береді. 2021 жылы біз спорттың жарқын болашағына қатысты айтылған әңгімелерден әбден шаршап, үш бас бапкер федерацияны қайта құруды және ашықтықты талап еттік. Конькимен жүгіруден бас бапкер Дмитрий Бабенко, мәнерлеп сырғанаудан бас бапкер Оксана Тен және мен сол кездегі президент Андрей Линикке осындай талап қойған едік. Ол уәде бергенімен, бұл қыз­­­­метке тұрақтамады. Міне, сол 2021 жылдан бері федерацияда екі рет басшы ауысты. Бұл да ақылға қонбайтын жағдай», – деді тәжірибелі жат­­­­­тықтырушы. 

Ардагер бапкердің айтуынша, мемлекеттік органдар федерация секілді қоғамдық ұйымдарды қаржылық тұрғыдан бақылай ал­­­майды. Бұған заңмен тосқауыл қо­йылған. 

«Қазақстандық федерациялар әлемдік ұйымдармен тікелей байланыста және халықаралық жарыстарға қатысар кезде шетел­­­­дік валютамен есептеседі. Ал шын мәнінде олар өз саясатын министрлікке, бюджет ақшасына таңуға тырысады. Бір қызығы, спорт­та жүрген осынша уақыт ішінде бюджет есебінен жарысқа барып, еш нәтиже көрсетпегені үшін қызметінен қуылған федерация өкілдерін көрмеппін. Ал бас бапкерді алып тастауға бәрі дайын тұрады. Енді не істемек керек? Әрине, федерацияның қызметін тоқтату мүмкін емес. Ендеше, олар­­дың жұмысында нәтиже болуы үшін команданың мықты бапкерлерден құралғаны дұрыс. Сондай-ақ федерация жабық ұйымға айналмауы үшін бюджеті де, басқа жұмысы да ашық көрсетілуі тиіс», – дейді Қарсыбеков.

Мәдіғали Қарсыбековтің шә­кірттері әлем кубогі, әлем чемпионаттары мен олимпиада ойындарында үздік нәтиже көрсетіп жүр. 2014 жылғы Сочи олимпиадасында Қазақстан командасы эстафетада бесінші орын алса, 2022 жылғы Бейжің олимпиадасында Абзал Әжіғалиев қолаға қол созым жерден тоқтап, төртінші орынға табан тіреген болатын.

Арда КЕМЕЛ