Театр өнері – талай жылғы креатив пен қоғамдық ой-сананың жемісі.
Тұңғышбай Жаманқұлов: Өнердегі талғам өресі бәрінен биік болғаны жөн
6,370
оқылды

Өміршең салада шығармашылық ізденіс пен өнерге деген адалдықты ту еткен, көрермен алдындағы шынайылық пен жауапкершілік жүгін арқалаған жандар қызмет етеді. Осынау ізгі қасиеттерді бойына сіңіруге тырысып, саналы ғұмырын өнерге арнаған тұлғалардың бірі – танымал театр және кино актері, Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Тұңғышбай Жаманқұлов. Мәні мен мазмұны келіскен біршама тың туындыларды театр сахнасына әкелген режиссер әрі актер Тұңғышбай ағамызбен шығармашылық жолы, бүгінгі театр тынысы, өзі баптаған шәкірттері және отандық киноиндустрияның ахуалы турасында сүбелі сұхбат құрған едік. 

– Аға, жақында 75 жас ме­рей­тойыңызды дүркіретіп атап өт­тіңіз. Саналы ғұмырыңызды саф өнерге арнағаныңызға аз уақыт болған жоқ. Осынау жылдар ішін-де неге қол жеткіздіңіз? Неден айы­рылдыңыз?

– 75 жасымды елім атап өтті. Мені қадірлейтін елім мен мемлекетімнің басында естияр басшының келгеніне шүкірлік. Жоғарыдан оң «дүмпу» болмаса, төменіміздің қимылдауы қиын заманда екенімізді жасырып не керек... Әлбетте, ел арасындағы азғантай абыройымыз бен еленген еңбегіміз менмұндаламаса, мұндай қолдау мен марапаттарға қолдың жетуі екіталай ғой... Тәу­бе... Болмаса, осы жасқа жетпей, алқаланбай, сыймықтана алмай менің барлық дерлік достарым мен құрдастарым, қайсыбір шәкірттерім Раббысына кетті... Өмір ғой... Иә, мұртым те­бін­деген балаң кезімдегі қы­зығу­шылықты қоспағанда, 53 жыл­дан астам өмірім кәсіби өнердің қаспағына дейін қырып жеуге сарп етілді. Кедергілер мен қиындықты көтере алатын ертегідегі «Таусоғар» не «Көл­тауысар» сияқты көзсіз ба­тырмын деп кеуде қағудан ау­лақпын, әйтсе де өнер азабына шыдас бере алмай, талай тізгін тартып, өнерге келгеніме қанша рет қарадай өкінген кездерім болмады деп те айта алмаймын... Өмір мен өнер жолы Қапшағай көліне тура баратын даңғыл жол емес деп, өзім талай айтқандай, бұрылыс, кептеліс пен тайғақ, ойлы-қырлы, жоғары-төмен тұстары болмады емес, болды. Болғанда қандай! Мәмбетовтің жерлесі, Аймановтың туысы, не Рахмадиевтің жиені емеспін... Ұстаздарым Хадиша Бөкеева мен Асқар Тоқпановтар балалар үйінде өскен жаутаңкөз ұрпақ өкілі, қолдау-тіреусіз тұл жетімдер тұғын... Өз кеудесін өздері сүйреген, өз жандарын өздері күйттеген, бірі Петербор, бірі Мәскеуде тәлім алып, жең ұшынан жалғасу дегенді білмей өткен пірәдарлар-ды... Ал мен – Сарыарқаның төсін жарып өтетін Мойынты мен Шу бойына салынып жатқан шойын жолдың бойындағы үш-төрт жанұялы, орысы мен оймауыты тұратын кішігірім разъездегі қарапайым теміржолшы Қадырдың бала­сы­мын, шежіреші атам Жаманқұл дейтін қазына шал мен ертегіші әжем Баршагүлдің тұңғыш не­ме­ресімін. Айдалада жападан жал­ғыз жүрдім, анда-санда ой қуып сырласатын, бала бо­лып ойнайтын тетелестерім – қауға сақал орыс бригадир Панкратовтың тұлымы желбіре­ген бірді-екілі көккөз қыздары еді... Солармен ойнаймын деп орысша үйрендім.

...Хоош деңіз... Жоғарыдағы тізбелеген балаң кезім есте қал­ған соң, есерсоқ болып өспе­гені­мнің куәсі болар. Арманшыл болдым, рас... Рас, ерте есей­­дім, алайда бала кездегі ба­лаң сезімді кірлетпегенім хақ. Өнерге алып келген де сол шығар. Әлбетте, тапқаным көп. Өнерге есепсіз қызметім талай адами да, суреткерлік те биіктерге жетеледі. Өнер арқылы ұлтымды терең таныдым, тарихына үңілдім. Бала кездегі неге бұлай дейтін «күн фая­күн» сұрақтардың жауабын тапқандай болдым. Ол жауаптар елімнің тұманды сағымға көмілген өткенінің өкініштері түпсіз уайым­ға сүңгітіп, қан жұтардай қайғыға батырды. Есімді жиғанда еліме деген, оның өткеніне деген ерек махаббатпен бірге есейдім. Міне осылай, жеті қат жер астында қалған бабалар даусы жүрекке жеткендей әсерде жүргеніме біраз болды. Қыс­қа қайырсам, жоғалтқаным: уайымсыз күйім, тыныш өмірім... Ал тапқандарымды айттым ғой деймін: арсыда қалған алашымның арманының ащы зары, сол арқылы жүрегіме байланған мұң мен шер... Әйтпесе, өнер арқылы аста-төк өмір сүру, алқаланып кеуде керу, пат­сайы көрпе жамылып, бөз көй­лек кигенге масайрау, сары темір­ден салқыншақ таққанға арқалану – мұңы аздардың мәресі ғой... «Ақымақтың аты арып, тоны тозбайды» деген мақалды жарықтық атам Жаманқұл жиі айтатын. Бұл мақал армансыз, мұңсыз, Мұхтар Ша­ханов ағамызша сілтесек, са­қал-шашы күнге ағарған сондай тоны тозбайтын «жарықтықтарға» арналғандай еді...

Мың да тоғыз жүз жетпіс бірінші жылдың көктемі еді...

– Театрға аяқ басқан жылдары алғаш болып Қадыр Жетпісбаев ағамыз өзіңізге рөл ұсынған екен. Тарихы талай нарқасқалардың есімімен астасып жатқан академиялық теа­­тр­­дың табалдырығын қалай аттадыңыз?

– Имене аттағам. Ата театрға табаным тиер-ау деген астам арман болған жоқ. Шыны – осы. Екін­ші курстың студентімін, қыс көзі қырау, жадау киім, аш­құрсақтықтан асқазаным ауырып жүретін тырыли арық кезімде, ата театрдың басшылары орысша ілеспе аударма бөліміне, аяқ астынан отаға түсіп қалған қыз­метшісінің орнына уақытша адам іздеп жүргендерін, әншейінде еш нәрсені елең қылмайтын Хадиша апамның ести қоймасы бар ма?.. Кісіге көз тастауы былай тұрсын, тіпті түкірігі жерге түспей жүрген Мәмбетовке «менің курсымда орысшаға судай бір студентім бар, сол жұмысқа уақытша ала тұрасың ба?» дегеніне ғайыптан тайып құлақ асып, келсін депті. Сөйтіп, көрермен залының төбесі тұсында құстың ұясындай терезе-тесігінен сахнаға қарап, микрофонға үңіліп отыратын қуықтай бөлмеге аудармашы-диктор болып орналастым. Айлығым 65 сом екен. Үздік оқығаным үшін алатын лениндік 80 сом стипендиям бар, не дейсің байып шыға келдім! Менен бұрын бөлмелес Кәдірбек Демесінов, Секербек Жабықбаев, Өмірбек Боранбаевтардың жолы болды. Олар шай-суанға жарып, тоқ жүретін жағдайға жетті. Күнде кешке сабағым бітер-бітпесте зыр жүгіріп театрға жетем, сол қуық­тай бөлмеден атынан ат үркетін актерлердің ойындарын көріп, қиялмен олармен бірге орысша «ойнап» жалым күдірейе бастағанын айтпай кетуге болмас. Сөйтіп, бригадир Панкратовтың көккөз қыздары бір кәдеге жарағаны бар емес пе! Спектакль басталарда жұртпен бірге қызметшілер кірер есіктен кіремін, аяқталғанда сора-йып сол есіктен шығамын. «Мынау кім өзі?» деп үрке көз салғандардың бірі жарықтық Қадыр Жетпісбаев еді. Iлияс Жансүгіров жайлы «Дала дастаны» қойылымын дайындап жатқан кезі екен. Басты рөлде жан досым Әнуар Боранбаев болатын. Қайдан сөз шыққанын қайдам, атан түйедей, аңғал Матан Мұраталиев ағамызға телінген революционер Бейсенбай рөліне шақырды Қадыр ағам! Төбем көкке жетті! Сөйтіп, сабақтан өйтіп-бүйтіп сұранып, дайындықтарға қатыса бастадым. Әлбетте, премьераны Матан ағам ойнады, мен кейін, жаз шыға Бейсенбайдың рөлдік киімін кие бастағам. Әрине, жетістіріп ойнай алмағаным хақ, мойны ырғайдай мен қайда, батыр тұлғалы Матан ағам қайда? Бұл – мың да тоғыз жүз жетпіс бірінші жылдың көктемі еді... 

– Өнер майданында жүріп тарих қойнауында есімдері алтын әріппен ойып тұрып жазылған Абылай хан, Махамбет, Сырым, Жәңгір хан, Әбілқайыр хан, Құнанбай, Қайыр­хан, сондай-ақ Эдип патшалардың ғұмырын кештіңіз. Көрермен сол заманның тұрмысын шынайы өмір­де көрмесе де, киелі сахнадағы рө­ліңіз арқылы сезіне білді. Расында, тарихи тұлғалардың бейнесін сахнаға абыроймен алып шығу – жауапкершілігі ауыр жүк. Атынан ат үркетін тұлғалардың рөлін сомдау өміріңізге қалай әсер етті? Рөліңіз арқылы көкейге не түйдіңіз?

– Сіз аттарын атап, түстерін түзген кейіпкерлер менің өнерпаз Актер ретіндегі Бағым, бойымда ұл­тым­ның қаны қайнап ағып жатқан Адам ретіндегі Сорым, мәңгілік Уайымым! Ол «былай болды, олай болды» деп себеп-салдарын, жөн-жосығын тізбелемей-ақ қояйын. Бәлкім, Жаратушыдан маған сондай назар түсті, соларды сахнада кейіптеу, мұңын байлау... маған бұйырды... Замана­лар көшінде азап шегіп, өмірі өксікпен өткен сол та­рихи тұлғалар мені адам ретінде қайта туғызды, есімді жиғызды, актер ретінде биікке көтерді, мәң­гілік мұңға батырды. «Мені ел та­ниды, атым әйгілі актермін» де­ген бөстеки пенделіктен, қуыс кеуде далақбайлықтан тазартты... Арсыда қалған ата-баба арманы мен аманатын мойныма артқандай болды. Балаң кезімде әкем, атам мен әжеме, орталарында еңбектеген маған, сығырайған кірәсін шамның жарығымен әнде­тіп оқитын «Мың бір түн» мен «Да­ри­ға қыз» атты пайғамбарлар ту­ралы ойға шомдырып, оңай­шылықпен ұйықтатпайтын ұзын­сонар жырдың оқиғалары, әжемнің Адам Ата мен Хауа Ана туралы ұзын­сонар ертегілері түсіме жиі кіре­­тін «дертке» шалдығатын бол­дым. Мен сол сіз термелеген рөлдерімді ойнамадым... Олардың өмірін сүрдім! Бақыт деген осы шығар... Ұлтыңның өткенін ағза-жүрегіңнен өткізіп, қиял ғажайыпқа сеніп, Мұң байлау да бақыт екен. Менің ардың-гүрдің өмірімнің қаңғалақтап жүріп, Өнер әлемінен бір-ақ шыққанына шүкірмін, осыны түйдім, ризамын.

– Режиссер ретінде «Томирис», «Аршын мал Алан», «Қазақтар», «Ай мен Айша» қойылымдарын сахнаға алып келдіңіз. Тіпті, мерейтойыңызға орай таяуда академиялық театрда спектакльдер апталығы атап өтілді. «Әр жобаң – өз балаңдай» дейміз ғой. Жылдар бойы өнерде жасаған осынау қойылымдарыңыз театрсүйер көрерменге жетті ме?

– Жетті деп ойлаймын. Бұл қойылымдар ата театрдың абырой атағына, тақырып-талғамына сай дүниелер болды деп, кезінде талдау-таразы жасаған сары тісті сыншылар талай рет таспаға басып, пәтуәлі пікір жазған-ды. Кейбір керағар ойлы, іштеріне пышақ айналмайтын басшысымақтар, осыны «айқайлата бермей» репертуардан алып тастау керек деп мүйізгөктей берген соң қойылмай кеткені рас. Абылай, Адам Ата боп, арсыдан атой салып, «айқай са­лып» жүрген мен екенімді көр­ген көрермен, есі бар жұрт біледі ғой... Менің режиссураммен болған спектакльдер былай тұрсын, мен актер ретінде басты кейіпкерін сүріп, көрерменге көзайым болған туындылар да осылай теперіш көргенін жасырмаймын. Абылай хан туралы екі бірдей сүйекті қойылым, Адам Ата мен Хауа ана жайындағы режис­суралық эстетикасы ерекше болған Әуезов театрының сахналық көркем­дігі жоғары шығармаларын көрер­мен­нің «жоғалтып» алғаны өтірік емес. Іздеп, сағынған көрерменнің сал шекпенін елеген ешкім болмады. Олар­дың орнын ойсыз, мұңсыз айқайы құмығып, айшылық жерден емес, астыңнан зорға естілетін мекиен қораздың қиқуындай болған белсіздер басты. 

– Кезінде «Ай мен Айша» қойылымына қатысты «Прозадан сахналық көркем шығармаға айналған қойылымның шын бағасын айта алатын теоретик аз» депсіз. Сіз­дің режиссерлік қабілетіңіздің нәтижесінде жарыққа шыққан қойылымдар лайықты бағасын алды ма?

– Лайықты бағасын алды ма, ал­мады ма... ол жайлы ойламай­мын да, уайымдамаймын. Ең басты­сы, менің жанымды жеген жегі, көңілімнің төрінен орын алған, ұлтымның басынан өткен запыран уақиғалар негіз болған сол қойылымдарды сахнаға кө­ші­руге мүмкіндік туғанына, жұ­мыс барысындағы өзім сынды өзегі таза, өткенге бейжай емес әріп­тестеріммен суреткерлік толғақ тұсында бірге болып, мен сияқты мұңданып, мен сияқты шерленген сағаттарым мен күндерім, қанат байлаған кездерім, ұшқан тұстарым – баға жетпес қымбаттарым. Көрер­менге жетті деген сенімім мол, оған лық толы зал куә, олар­дың көздеріне ұялаған мұң куә, жал­ғыз тамшы көз жастары куә. Тео­ретик сыншыларға келсек, «кісідегінің кілті – аспанда» деген, әркімнің көңілі жоғары. Абай хәкім айтқандай, «құлақтан кіріп бойды алар, әнді сүйсең менше сүй»... Яғни, кейпіне енген рөлдерімнің шеменіне менше шерленіп, менше мұңға бату оларға міндет емес, олар – салқын ақыл иелері, теоретик­тер. Менің жан дүниемді ұғып жатса, қойылымның дерті мен жүрек қағысының, жаныңды тербер қанды тақырыбы мен арманға айналған запыранды мақсат-мүдде­сінің тереңіне батып жатса – мархамат, патша көңілдері білсін. «Демеймін мені мақтасын, я жақсын, я жақпасын»... Тек түсінсе игі, түйсінсе игі, жүрекпен зерделесе игі... 

Жүрек  алданып қалса да, өзі алдамауы керек

– Өзіңіз айтпақшы, «Өнер – білектің емес, жүректің ісі» деп білесіз. Театрдың киелі сахнасы актерден қандай қасиеттерді талап етеді?

– Біразын жоғарыдағы жауабымда айттым-ау деймін... Иә, өнер – жүректің ісі. Жүрек – ал­да­нып қалса да, өзі алдамауы керек. Театр – тірі өнер, тірі ағза болғандықтан да тірі актердің жүрегі алға шыққаны, шынайы қаққаны абзал-ды. Актер шеберлігінің К.Станиславский түзген, бүкіл төрткүл дүние мақұл­даған жүйе-теорияларында актер үшін біліп жүруге керекті, санасынан шығармауға тиіс үш түрлі мектеп-қағида бар: Олар мыналар: Кейіпкер СЫНДЫЛЫҚ (представление), кейіпкер ЖАНДЫЛЫҚ (переживание), кейіпкер МӘН­ДІЛІК (воплощение) деген. Алғаш­қысы – үстірт, жеңіл ойын. Ұқсап бағу, жаттанды сөз. Екіншісі – шы­найылық, жанын салып кейіп­кердің бейнесін орындау, өмірін сүру емес... орындау. Ал үшіншісі – нағыз биіктік, екінің бірінің бақ-талайына бұйырмайтын өлшем! Актердің жан дүниесінің драмада жазылған кейіпкерден, оның мінез-тұрпатынан, тіпті өзінің адами ұстын-табиғатынан жоғарылап ары асып, биік өлшемге, ерекше әлемге, суреткерліктің құзар шыңына көтерілу, ұшу!.. Міне, бұл Құдірет, адам ағзасына пси­хики­калық салмақ түсіретін био­логиялық өзгеріс десе де болғандай! Басыңызға басқалай, бөстеки ой келмес үшін, адам баласының қо­лынан келмейтін нәрсе жоқ дегенді еске салсам айып етпеңіз... Өйткені біз Жаратушының сүйіп «сызған», ерекше махаббатпен жақсы көріп жаратқан пендесі, тағы да Өзі жа­рат­қан өзге мақұлықтардан бө­лектеп, бойымызға қайтпас қажыр мен алапат күш, бес сезім мен жылы жүрек, басқа жәндіктерге қимаған ақыл деген құдіретті дарытқан «хомо саппенс» деген құбылыспыз!

– «Бегалиндер мен Қарсақбаев­тардың, шенеуніктің шекпеніне құл емес Қожықовтардың заманы келмеске кеткен» дейсіз. Мұның ас­та­рында нендей пайым жатыр? Осы тұста өнердің нағыз шыңына айналған театр сахнасының қазіргі тынысына қалай баға берер едіңіз, аға?

– Бүгінгі режиссерлер жақсы үйреніп алған кәсіби қулық-сұм­дық­тардан ада тұлғалар еді ғой олар... Істеген ісін жан-тәнімен, кә­сіби адалдықпен атқарған ат­пал азаматтар еді... Абдолла Қар­сақбаев деген ағамыздың түсірген бірде-бір фильмі экранға шықпай, «полкада» жатып қалған емес. Та­лай рет халықаралық бәйге-фес­тивальдардан қомақты жүлде­лер алып келсе де, мейманасы та­сып, мұрнын көтермеген. Ол кісінің түсірген фильмдері қа­зақ киносының классикасына айнал­ған. Сонда да «маған атақ бер, жағдайымды жаса» деп жоғарыға телмірмеген суреткерлігі бәрінен биік, ғұмырлық кәсібіне берік кісі еді. Ал Сұлтан Қожықов ағамыз Герман соғысының сайыпқыраны болса да, халық жауының туысы болып шетқақпайланса да, ешқашан міндет қылып еліріп, еліне, мемлекетіне зар-запыранын төккен емес. Суреткерлік кредосына, шығармашылдық ұстанымына, өнерпаздық талғамына сатқындық жасамаған кісі. Бір ғана мысал: «Қыз Жібек» фильмінің сце­нарийін жазған, ел іші мен шенеуніктер арасында қадірі мен парқы бөлек Ғабеңнің, атышулы классик Ғабит Мүсіреповтің автор ретіндегі талабынан бас тартқаны неге тұрады! Талабы – бүгіндері белгілі, ғашық жары, өте талантты, хас сұлу актриса Раиса Мұхамедиярова басты рөлде, Қыз Жібекті ойнауы болатын... Тіпті, сценарий де сол актрисаға арналып жазылған еді! «Платон менің досым, алайда ақиқат қымбат» деген аталы сөзден айнымау, Ғабең деген бірге жүрген замандасы, досы дерлік жағдайда болса да адалдықтан аттамай, кәнігі актриса Мұхамедиярованы емес, ол кезде өзегі таза, өрімдей Өтекешеваны таңдауы – кісілік келбетінің, өнер деген ерек құбылысты қан жүрегіне жоғарыдағы Жаратушы теліген әуейі әлемге адалдығының айқын айғағы емес пе?! Ал Мәжит Бегалин деген маған алғаш көзі түс­кен, кішкене эпизодтық рөл­ге шақырып, кино әлеміне аяқ бастырған менің алғашқы кино­режиссерім. Ал бүгінгілердің ар-ұяттан, адамгершілік сипаттан, су­рет­керлік адалдықтан аттай са­луы түк те емес! Тіпті, кино та­би­­ғатына еш қатысы жоқ, екі бұтының арасына қыстырып, дәу скрипка деп түйсінген мұңы зор виоленчельдің үні жүрегі түгіл құлағына кірмей-ақ, мәдениеттің биік орынтағына қонжиған дүмше министрдің «бұйрығын» ойланбастан орындай салатын тайғанақ­тық тұрпат бар жерде қайдағы кісілік, қайдағы талғам таразысы?!. Олар оны кір кебісімен ойланбай таптап, содан барып Ұлы Өнердің Қасиеті қашатынын, Кепиеті ататынын ескермей, бір емес, бірнеше қайнауы кем шала дүние жасауға арланбайтын болған! 

– Бүгінде 45 жылдан аса уақыт шәкірт тәрбиелеп, ұстаздық жолында тік тұрып қызмет етіп келе жатқан жансыз. Өнер әлеміне бетбұрыс жасаған сәттен бастап қазірге дейін 200-ге таяу шәкіртіңіз бар екенінен хабардармыз. Сол шәкірттеріңіз қазір қайда жүр? «Ұстаздан шәкірт озар» демекші, кіл жүйріктің арасынан суырылып шыққан, өнерімен көптің сүйіспеншілігіне бөленген шәкірттеріңіз бар ма?

– Әрине, бар! Шүкір, алды Қа­зақ­станның Халық артисі ата­ғына ие болып жатыр. Ол – Дулыға Ақмолда деген өнерге де, кісілікке де адал, бүгіндергі менің әріптесім. Қырғызстанның Ел артисі ата­ғына ие болған Бұсырман Оду­рақаев деген шәкіртім Бішкекте Сервантестің Дон Кихотын кейіп­теп, бенефис жасап еліне елеулі боп жүр. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері деңгейіне әлдеқашан жеткен тәләбаларымды санамай-ақ қояйын... Қайсыбірлері неше түрлі өнер мекемелерін бас­қарып жүр. Шәкірттерімнің жартысынан көбі өнерде өз жолын тапқанын мақтан тұтам. Адасқандары, шет қалғандары, ардан аттап, күні үшін күмілжіп, күдіре жалдыларға жарбаңдап, бірді-екілі сатылғандары да бар... Өмір ғой, бес саусақ бірдей емес.

Сана мен жан сипатындағы мүгедекке аяушылық жасау жарға жығады

– Шәкірттеріңіздің арасында өзіңізді ренжіткен, көңіліңізді қал­дырған жандар болды ма? Жалпы, сіз кешірген, сізден кешірім сұраған кездер ше? Кімге қатты ренжідіңіз, кімнің көңілін қалдырдыңыз?

– Әзірге біреуі ғана. Тіпті, менен ұстазым емес деп бас тартып жүрген, сұхбатында барды жоққа балап, әлдебіреулерді арқа тұтып, аярлық жолына түсіп адасып жүрген жәдігөй... Ол үшін таусылып, уайымдап, жанығып, жапа шегуді қажет деп санамаймын. Ұмыттым!.. «Келгенде Жиенқұлға шықпайды үнім» дегендей... Дәл мұндай сатқындыққа бара ал­ған адамда кешірім сұрау деген тү­­сінік те, түйсік те болмайды, шы­­рағым. Өйткені ол аттаған арсыздықтың кешірілмейтінін, менің кешірмейтінімді жақсы біледі. Тән сипатындағы емес, сана мен жан сипатындағы мүгедекке аяушылық жасау – жарға жығады. Жығыла-жығыла болдық, онсыз да тіземіз қызыл ала қан... Адами сипатынан айырылғандар Әзәзілдің ауылындағы мәңгүрт санатында ғой. Ол індет түбегейлі ірітпей, шірітпей тынбайды, көрге бірге кіреді.

– Кино тақырыбына ойыссақ. Сіздің театрдан өзге, кино саласына да қосқан елеулі үлесіңіз бен жиған тәжірибеңіздің бар екенін білеміз. Бүгінде қазақ киносы тақырыбында түйіні тарқамай келе жатқан мәселе­лер әлі де көп. 90-жылдармен салыс­тырғанда қазақ киносында серпіліс бар. Десек те, саны артқанмен са­па­­сыз дүниелердің шеті көрініп қалатыны жасырын емес…

– Қазақ киносы ауырып жүр... Біразын жоғарыда айттым. Бұрынғы экс-министрдің құрып алған өрмекшінің торындай заң баптарынан аршыла алмай жүрген жай оларда. «Қазақфильмнің» ежелден келе жатқан үрдісін бұзып, олардың өзін тәуелді етіп қойған эксперттік орталық құрғызып, қаражат жымқырудың оңай жолы жасалған. Ол Парламентте заң жүзінде бекіген. Оны өзгерту үшін Парламент қайта қарау керек. Әлгі эксперттік орталық, «жаңбыр-жаңбырдың» арасымен жүріп, қазан шетінен қаптырып қалуға ыңғайлы болғандықтан қайсыбіреулерге ұнап қалған... Сөйтіп, киношылар қазір екіұдай күйде ұмар-жұмар. Сондай жағдаймен аңтарылған кино әлемі фильм түсіруден бұрын сол шатақтан қалай арыларын білмей әлек. Жаңа министріміз бұл торды аршымақ боп жүргенін естиміз, алайда алға жылжу сылбыр. Иә, жеке қаражатқа түсірілген авторлық фильмдер арагідік алқа тағып аттары аталып жүр, оған да шүкір. Ал ұлтымыздың ғасырлар қойнауында жатқан тарихы мен азапты тағдыры жайлы сүйекті фильмдер жасау үшін Үкімет оң көз танытып, қомақты қаржыны қызғанбай бөлуі керек. Ол қаржыға «көз алартатын» суық қолдылардың қолын шабу керек! Өйткені «Ұлы дала таңы» сынды, экс-министрдің жемсауынан артылған ақшаға, үйтіп-бүйтіп түсірілген кино біздің үңірейген жыртығымызды жаппайды. Бұл әуел баста түріктің «Ер­тұғрыл» сериалын түсірген режиссермен жоспарланған жоба еді, 100 сериялы телефильм болмаққа керек еді... Амал не, басталмай жа­тып, экс-министрдің қойған талапты «тәбетінен» шошынған түрік режиссері «аш бәледен қаш бәле» деп Ыстанбұлына тартып оты­рыпты деп естідік... Естіген құлақта жазық жоқ. Содан қалған «кә­шекке» Ақан Сатаев деген Құдайға қараған ініміз (рақмет оған), «жылап ішіп, шыңғырып дәретке барып» жүріп, қалған-құтқан тиын-тебенге қазақтың Қасым ханы жайында, амалдың жоқтығынан үзік-үзік фильм түсірді-ау әйтеуір. Кемшілігі жоқ, төрт аяғы тең дүние деп асыра мақтамайын, алайда бөлінген қаражат кемшін болса, мұндай соқталы, тарихи дүниені қолға алу – әрі патриоттық, ерлік десе де болғандай... Обал ғой, «жоқ – жомарттың қолын байлайды» емес пе?.. «Арзанның сорпасы татымайды» деп ата-бабамыз білген соң айтқан да...

– Сұхбаттарыңыздың бірінде «Киноактерлердің көбі театрдың талабына, тәртібіне пар келе алмайды, көрерменнің алдында жанын жалаңаштап, бүкіл залды соңынан ертіп, ертегіге сендіре алмайды» депсіз. Кино мен театрдың басты ерекшелігі неде? Екеуінің арасын қақ жарып тұрған нендей айырмашылық?

– Айырмасы жоқтың қасы. Теа­тр – тірі өнер, ал кино – қимылдайтын сурет. Актердің, режиссердің сіңірер еңбегі, жараланар, жалаңаштанар жан дүниесі, мұң мен шері, сыздатып ауыртар жүрегі біреу емес пе? Араға кіріп алған жалғыз-ақ айырмашылығы бар – ол ақша деген әзәзіл. Кинодан түсетін ақша көп, қаржыгерлердің ұғымымен септесек, дивиденттері көзге де, қалтаға да бірден түседі. Ал театр деген Қасиетті қағбаның мәресі алда, болашақта! Оның мүддесі қампайтуды қам қылған қалтада емес, қағысынан айнымауды мұрат тұтқан Қазақ деген қағынан жерімеуді аманаттаған ұлттың қан жүрегінде! Сондықтан балға үйірілген аралардай өнерге емес ақшаға үйірсектер «кино ауылы да бір төбе дегендей... Реті келіп тұрғанда бұл төбеге де дәрет сындырып» кетуге арланбайтын болған. 

«Көрінген көк атты» кино түсіріп, бұл өнердің қадірін кетірді

– «Шымшық сойса да, қасап­шы сойсын» дейтін халықпыз ғой. Алайда киноиндустрияның айналасында жетік білімі мен тәжірибесі жоқ әнші-блогерлер қап­тап кеткен жоқ па?

– Иә, оныңыз рас, қаптап кетті. «Көрінген көк атты» кино түсіріп, бұл өнердің қадірін кетірді. Қимылдайтын сурет болғанымен, бұл да өнер, техникалық мүмкін­дік­тері мол. Бірақ бұл өнер ас талғамайтын қомағайдың қолын­дағы ойыншық сынды... Аңғал көрерменді алдап, арзан дүниеге әуес қылған арсыздарға керегі де сол. Өзбек халқының «есектің артын жусаң да мал тап» дейтін мазағы амалсыз еске түседі. Сол «көкаттылар» бүгінде «охранамен» жүреді екен. «Жақсы менен жаманды айырмай», талғамы белден төмен түсіп, ышқырға қол жүгіртіп, арасатта қалған қайран қазағым-ай...

– Кеңес заманында кино ре­жиссері авторлық кино түсірмес бұрын, бойындағы тәжірибесін жанрлық фильм түсіру арқылы дәлелдеуі шарт болған екен. Ал бүгінгі режиссураның ахуалы қай деңгейде? Таланты мен талабы ұштасқан білікті мамандар жеткілікті ме?

– Жалпы, режиссура деген еріккеннің ермегі болған сы­қылды. Барды көрмей, қара ас­панды төндіріп, ауызды қу шөппен сүртпейін. Қуантып, үміттендіріп жүрген бірді-екілі жүйріктеріміздің атын атап, түсін түстесем, мұрындарын кө­теріп дандайсып кете ме деп қор­қатын болдық. Абайлап мақ­тамасақ, аспандап кетіп, жер басудан жаңылып қалатын алып-ұшпа көңіл, бас бермес көк дөнен ғой... Алайда театрда да, кинода да режиссерлік финт жасап, интернет деген иттің сідігін иіскеп, өзгеден көрген өңезге елігіп, қазақта бұрын-соңды болмаған жаңа форма жасамақ болып теріс сиіп, ең маңыздысы – мазмұнды тәрк етіп «тентектік» жасағандарға, аузымызды ашып, көзімізді жұмып таңдана қарайтын кезде тұрған сықылдымыз. Кеуде қағып, «ой біз деген, қанымыз таза, ата көрген, әже ақылын сіңірген, ана сүтін арзандатпаған, баба салтынан айнымаған аруақты ұлтпыз» деп кергігенмен, шыққан тегі мақрұм, «иван – не помнящий родства» деп, өзіміз күлетін өзге ұлттың, бір кеште бес сағаттық спектакльді тапжылмай көретінін естіп-біліп, жерге қарайтын болдық... Ал кеудемсоқ қазағым екі актілі классикалық тарихи қойылымның бір актісіне ғана «шыдап», залдан шығып кететінін көргенде көрге кіруге дайынсың! Немесе түкке тұрғысыз, я мазмұннан, я ұлттық реңктен, я суреткерлік сүреден жұрдай, арзан ыржаңға құрылған күлдібадам киносымаққа құмар, кинозал толы көрерменге не дейін! Қайсыбірін айтайын! Солай, қарағым... Текті таланттан гөрі, азған заманның арсыз талабына құл болғанымызды ойлап, жаны ауырып жүрген жоғарыда да, төменде де ешкім жоқ! «Әй дейтін ажа, қой дейтін қожа» құрдымға кетіп, құрыған жеріміз осы шығар! Қатты кетсем, ғафу... «Дос жылатып айтады» деген ескіден қалған есті сөз есте шығар... 

– Әңгімеңізге рақмет, аға! Шығармашылық табыс тілейміз!

Сұхбаттасқан

 Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ