Балалар асыға күткен мультфильм
Балалар асыға күткен мультфильм
255
оқылды
Елордада ана тілімізде дуб­­­ляждалған «Алға» фи­ль­мі­нің алдын ала көр­сеті­лі­мі өтті. Disney/Pixar сту­дия­сы­ның мультип­ли­ка­ция­лық фильмі, осымен «Болашақ» кор­­­пора­тив­тік қоры мен «Ме­ло­­­­ман» ком­паниясының бас­­та­­масы­мен «Өзіңнен бас­та» жо­ба­сы аясында дуб­ляж­­­да­ған 34-ші туынды болып отыр. Алдын ала көрсетілім бары­сын­да сөз сөйлеген Nur Otan па­р­тиясы Төрағасының Бірінші орын­басары және «Болашақ» қоры Қамқорлық кеңесінің құрметті мү­шесі Бауыржан Байбек ел тари­хын­дағы күрделі кезеңдердің бірі бол­ған тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дарында Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бола­шақ» стипендиясын тағайын­да­ғанын атап өтті. Бүгінгі таңда бірегей бағдарламаның мыңдаған түлегі Отанына қайтып оралып, ел экономикасының түрлі сала­сын­да жұмыс істеуде. 2011 жы­лы болашақтықтар қазақтілді ба­ла­­ларға арналған сапалы және бә­­секеге қабілетті контент құруға ба­ғытталған «Өзіңнен баста» әлеу­­меттік жобасына бастамашы бол­­ды. Бастамаға Nur Otan пар­тия­сы қолдау көрсетті.
«Жаһандану кезеңінде өз та­ри­хына терең тамыр жіберген, ұлт­тық мәдениеті мен ана тілін ар­дақтай білген халықтың ғана әр­дайым айы оңынан тумақ. Сон­­­дықтан да Nur Otan еліміздегі өзге ұлт өкілдерінің төлтума қа­сиет­терінің сақталуын қуаттай отырып, қазақ тілін, мәдениеті мен дәстүрін дамытуды өз страте­гия­лық басымдықтарының бірі ретінде белгілеген. Бұдан тоғыз жыл бұрын Елбасының тікелей қол­­дауымен қолға алынған «Өзің­­нен бас­та» әлеуметтік жо­ба­­сы­ның ар­­қасында осы кезге дейін әлем­­дегі ең үздік 34 көр­кем және ани­­мациялық бала­лар фи­­льмі қа­зақ тілінде дубляж­дал­ды. Осы бастамаға қызу қолдау біл­ді­ріп, қазақ тілінің болашағына бей­жай қарамайтын барша де­меу­ші мен меценатқа ерекше алғыс білдіремін» деп атап өтті Бауыржан Байбек.
Тұңғыш рет қазақ дубляжының та­рихында фильмдегі мәтіндік жазу­лар бір ізге түсіріліп, ыңғайға кел­тірілді. «Алға» фильмі – BI Group құрылыс холдингінің қол­­­да­уы­мен дубляждалған тоғы­зын­­­шы туынды. «Туындыны жасау барысында біз шығармашылық адамдарымен көп жұмыс жасадық. Бұл дубляж тари­хындағы жаңа кезең болды. Мен бұл сәтті ұзақ күттім. Тіпті, осы жазбаларға кастинг те жария­лан­ды. Біз ең үздігін таңдап алу үшін Disney/Pixar студиясына қа­зақ тіліндегі бірнеше үлгі жі­­бер­дік. Фильмді дубляждау үшін үл­кен еңбек жасалғанын көрер­мен­дер түсінсе деймін», – деді дуб­ляж­дың режиссері Шах-Мурат Ордабаев. Жалпы алғанда, 9 жыл ішінде «Мұз­ды өлке-2», «Көліктер 2», «Ба­тыл жүрек», «Коко құпиясы», «Моана», «Малефисента», «Алад­дин» және тағы да басқа туын­ды­лар дубляждалды. Дубляж сала­сын­дағы 200-ден астам, ішін­де ре­жиссерлер, музыкалық же­тек­­шілер, дыбыс режиссерлері, аудармашылар мен актерлер де бар отандық мамандар Disney студиясының халықаралық стан­дарт­­тарына сәйкес білімін жетілдірді.   Клара НАҚЫП